
ЕЛ БЮДЖЕТІНІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА БАҒЫТТАЛҒАН
Мемлекет басшысы халықтың салық реформасының өзекті екенін айтып, маңызына баса назар аударып, экономикалық, қаржылық мәселелерді барлығы бірдей жетік білмейтіндігін сондықтан Үкімет реформаның мәнін халыққа түсінікті тілде жеткізуге тиістігін жеткізді. Сонымен қатар Президент бұл бағытта қандай өзгерістер енгізілетінін, олардың қандай нәтиже беретінін егжей-тегжейлі түсіндірудің маңыздылығын атап өткен еді.
– Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс, – деді Президент.
Бүгінде ел бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаларға жұмсалады. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік жәрдемақыларды қамтиды. Мемлекет басшысы мұндай шығындарды азайту көзделмейтінін, бірақ көмек тек шын мұқтаж жандарға берілуі тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет тиімсіз және басымдыққа ие емес жобаларға бөлінетін қаржыны қысқартып, заңсыз жәрдемақы алудың алдын алу шаралары күшейте түспек.
ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТКЕ 5,6 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ КІРІС ТҮСКЕН
Жыл басындағы мәліметке сүйенсек, бюджетті тиімді игеру бағытында біздің облыс өңірлер арасында алдыңғы қатарда келеді. Бұл туралы сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың жиырма екінші сессиясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров айтқан болатын. 2023 жылдан бері бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында өңірлік стандарттар жүйесі енгізілгенін атап өткен аймақ басшысының бірінші орынбасары бюджеттің игерілу барысына тоқталып өтті. Жалпы, өткен жылы облыстың бюджет кірістері 701,4 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 53,8 миллиард теңгеге артқан. Оның ішінде өзіндік кірістер мемлекеттік кірістер департаментімен атқарылған жұмыстар және алдағы жылдары іске қосылған өндірістердің қуатын арттыру нәтижесінде 179,6 миллиард теңгеге жеткен.
– 2025-2027 жылдарға арналған облыс бюджетінің шығындарын жоспарлау кезінде халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру басты назарда болды. Сол себепті бірінші кезекте шығындар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту, сапалы денсаулық сақтауды қамтамасыз ету және салауатты өмір салтын ынталандыру, жұмыспен қамтуды қолдау және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру секілді мақсаттарға бағытталды. Осылайша, әлеуметтік сала шығындары 434,2 миллиард теңгеге жетіп, жалпы шығындардың 59,6 пайызын құрады. 2023 жылы экономикалық зерттеулер институты жасаған талдаудың нәтижесінде өңірлік стандарттармен, яғни өмір сүруге қажетті игіліктермен облыс тұрғындарын қамту деңгейі 69,3 пайызды құрап, республика өңірлері арасында 7 орында болды. Бірлесіп атқарылған ауқымды жұмыс нәтижесінде бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысымен 74,1 пайызға қол жеткізіп, облысымыз үш мегаполистен кейін 4 орынға табан тіреді, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Өткен жылы облыс бюджетінің шығындары 727,9 миллиард теңге болса, әлеуметтік саладан бөлек, оның 281 миллиард теңгесі еңбекақы қорына, 271 миллиард теңгесі ағымдағы шығындарға, 41 миллиард теңгесі күрделі шығындарға, 135,6 миллиард теңгесі – даму бюджетіне жоспарланған. Салық түсімдері салық төлеушілер есебінен жүргізілетіні белгілі. Өткен жылы облыста 349 салық төлеуші қайта тіркеліп, ірі 78 салық төлеушілерден 5,6 миллиард жергілікті бюджетке теңге кіріс түскен. Аталған кәсіпорындардан биылғы жылы 6,2 миллиард теңге түсім күтілуде. Оның тең жартысы, яғни, 3,1 миллиарды жергілікті бюджеткен түседі деп жоспарланған.
Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы ел бойынша мемлекеттік шығыстардың негізгі бөлігі – 37 пайызы әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталған. Бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 44,7 пайызға дейін өсуі мүмкін. Яғни, халықты қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт пен туризмге бөлінетін қаражат артады.
ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫНАН ТҮСКЕН ТАБЫС БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУҒА ЖҰМСАЛАДЫ
Биыл кәсіпкерлерді алаңдатқан маңызды мәселелердің бірі қосымша құн салығын қайта қарау бастамасы болғандығы жасырын емес. Бұл жөнінле Ұлттық экономика вице министрі Бауыржан Құдайбергенов өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуінде бизнес өкілдерін алаңдатып отырған мәселеге қатысты пікір білдірген болатын. Айта кету керек, бүгінде құн салығының тіркеу шегі – 20 мың айлық есептік көрсеткіш. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 80 миллион теңгені құрап отыр. Яғни, кәсіпкерлік субьектісі қосымша құн салығын төлеу үшін ең төменгі айналымы осы межеде болуы керек. Жаңа Салық Кодексіне сәйкес бұл шекті 15 миллионға төмендету жоспарланған.
– Бүгінгі күні елімізде 2 миллион 100 мың бизнес субьектісі бар. Оның басым бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі. Яғни, 300-ге жуық ірі кәсіпорындар болса, орта бизнес мөлшері де осы шамалас, ал өзгесі шағын бизнес. Осының ішінде жалпы бизнес субьектісінің тек 4 пайызы ғана, яғни, 80 мыңға жуығы ғана қосымша құн салығын төлейді. Егер біз тіркеу шегін 15 миллионға дейін төмендететін болсақ, қосымша құн салығын төлейтіндер саны 300 мыңға дейін көтеріледі. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дамушы және дамыған елдерде тіркеу шегі еліміздегі межеден төмен, кейбірінде 0-ге тең. Көршілес елдерде де осы шамада, – деді вице-министр.
Айта кету қажет, өткен жылғы табиғи апат салдарынан бюджет тапшылығы туындауына байланысты қосымша құн салығынан түскен табысқа бизнесті қолдауға бағытталған шаралар да кешенді түрде жалғасын таппақ. Атап айтқанда, бұл бағытта облыста жыл сайын ел бизнесті кепілдендіруді 500 миллиардқа дейін арттыру, «Даму» қоры арқылы шағын және бизнесті қаржыландыруды екі есе ұлғайту, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды 700 миллиардқа жеткізу көзделген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Шағын және орта бизнестің жағдайы қалай?
- 26 маусым, 2025
Халықты таза ауыз сумен қамту биыл толық шешімін таппақ
- 21 маусым, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді