«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр минутының берекесі бар қала

Әр минутының берекесі бар қала
Ашық дереккөз
Жазғы демалысты пайдаланып, анам екеуміз Астана қаласына бардық. Осыдан үш жыл бұрын барғанымдағыдан мүлдем басқаша, біраз зәулім ғимараттар бой көтерген. Астана көшелері жарқырап, көркі көздің жауын алардай жандана түскен. Былтыр құрбым отбасымен осында қоныс аударған болатын. Онымен де кездесудің сәті түсті. Сәлемдескен сәттен бастап құрбымның жарқырай сөйлегенін, өмірінің жағымды жаңалықтармен өзгергенін айтқан жүзінен бақыттың лебі есті. Оның айтуынша, Астанада мақсатыңа жетуге мүмкіндік мол.

Ақжарқын құрбым басқаларға көмектескенді ұнататын. Сондықтан болар волонтерлікке жаны құмар. Өзі колледжде туризм мамандығы бойынша екінші курста оқиды, сөйте тұра волонтерлікпен айналысып, оған қоса үш жерде жұмыс істейтін көрінеді. Таң қалдым, қазіргідей қауырт уақытта бәріне қалай үлгеріп жүр?

– Білесің бе, мұнда қалағаныңа қол жеткізуге болады. Алғаш келгенімде мен де тосырқай қарап, бейтаныс ортаға жатырқап жүретінмін. Сөйтсем, мұндағылардың бәрі достыққа ашық екен. Бастапқыда колледжіміздің волонтерлерінің қатарына қосылып, бірер іс-шараларға қатыстым. Олар жалғызбасты қарт кісілердің үй шаруасына көмектесіп, азық-түлігін апарып берумен қатар, мәдени-көпшілік іс-шараларға келетін танымал өнерпаздардың жұмыстарын ұйымдастыруға да атсалысады. Бұрын бір кездесіп, суретке түссем деп жүрген талай танымал әншілермен қатар отырып, сахнаға әзірленуіне қолғабыс еттік. Осыдан соң мен өзімнің волонтерлік ұйымымды құруды ойладым. Себебі мұнда халыққа арнап тегін мәдени іс-шаралар өткізетін жекелеген компаниялар көп. Әлгі ойымды жүзеге асыру көп күттірмеді, үш айдан соң қол жеткіздім. Қазір сол ұйымымызбен тек Астанада ғана емес, Көкшетауда, Бурабайдағы демалыс аймағында өтетін концерттерге де жиі барып тұрамыз. Бұл іс өте қызық, шабыттандырады, жаңа идеяларды ойлап табуға септігін тигізеді. Осындай көпшілік іс-шаралардың көмегімен көптеген жақсы достар таптым. Солардың арқасында жас кәсіпкер азаматтың ұлттық киім тігіп сататын фабрикасына сатушы болып жұмысқа кірдім. Сөйте жүріп, тәтті сусындар мен балмұздақ әзірлейтін шағын дәмханаға кассир болып орналастым, көп ұзамай-ақ ол жердің басшысы еңбегімді бағалап әкімші етіп тағайындады. Әрине, екеуінде де ауысыммен жұмыс істеймін. Жақында оқудан жазғы демалысқа шыққаннан соң үшінші жұмыс тауып алдым, үлкен бір мейрамханада даяшымын. Бір жұмыстан шығып, келесісіне барып, оның арасында волонтерлікпен қоғамдық іс шараларға қатысып жүрсем де мүлдем шаршамаймын. Керісінше талпынысың артады, – деді құрбым жігерлене сөйлеген әңгімесінде.

Құрбымның жарқын болашаққа ұмтылған құлшынысы, үмітке толы сөздері мені де қатты толқытты. Рас, бұл қалада бос жүрген ешкім жоқ. Осындағы туыстарымнан да байқадым, таң алагеуімнен тұрып, жұмыстарына кеткеннен қас қарайғанда үйлеріне жетеді. Күні бойы жұмыстарымен қоса жақын жуықпен кездесіп, қала ішінде қыдырып та үлгереді.

Шынында, мұратыңа жетелеп, арманға қадам бастыратын Астанада уақыттың да берекесі бар секілді ме, әйтеуір мені мұндағы өмір қатты қызықтырды.

 

Айкен ТӘТТІҚҰЛ,

№12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияның оқушысы.

Ұқсас жаңалықтар