
Семiздік немесе артық салмақ деп ағзада майдың жиналуынан, шектен тыс салмақтың артуын айтады. Май ағзадағы май деполарында, тері астында және ішкі мүшелердің айналасына жиналады. Семіздік, қысқартып ғылыми тілмен айтқанда, май тінінің артық жиналуымен сипатталатын созылмалы ауру.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 2022 жылы әлем бойынша 1,4 миллиард адам артық салмақпен тіркелген. 1970-жылдармен салыстырғанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік 10 есеге артқан. 5 жасқа дейінгі 40 миллион балада артық салмақ анықталған. ДДСҰ-ның болжамы бойынша, 2015 жылға қарай әлем бойынша 2,3 миллиард адамда артық салмақ болса, келе келе 2,7 миллиард тұрғын семіздік дертіне шалдығуы мүмкін деген болжаған. Бұл күндері дүние жүзінде семіздік пен артық салмақ қосқан адамдардың саны 2,5 миллиардқа жетті.
Семіздік – әлем үшін өзекті мәселе. ДДҰ сарапшылары 2000 жылмен салыстырғанда 2025 жылға таяу семіздікке шалдыққан адамдар санының екі есе артатындығын болжауда. Бұл сан АҚШ халқының 45-50 пайыз, Австралия мен Англияда 30-40 пайызды құрап, Бразилияда 20 пайыз аспақ. Дамыған елдерде семіздікке шалдыққан ауруларды емдеуге кететін қаржы көлемі денсаулық сақтау саласының барлық шығындарының 10 пайызын құрауда, ал тікелей жұмсалатын қаржы барлық шығынның 3-5 пайызын құрайды.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 4 миллионнан астам адам, яғни 20 пайызы семіздікке шалдыққан. Бұл біздің елімізде тұратын халықтың санын ескергенде, үлкен көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ қосу көбеюде. Бұл алаңдататын жағдай. Қоғам кейде жоқтықтан ғана емес, тоқтықтан да зардап шегеді екен-ау деп ойлайсың. Мамандар артық салмақ пен семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болады деп пайымдайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті әлемдік эпидемияға теңеп отыр. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалып отырған жоқ. Семіздіктің ел экономикасына келтірер зияны да орасан.
Мәселен, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының 70 пайызы семіздіктің салдарынан туындаған ауруларды емдеуге жұмсалады екен. Қазақ тағамтану академиясының 2021 жылы жүргізген зерттеуінің нәтижесі де көңіл қуантарлық емес. Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында тұратын 1-14 жас аралығындағы 890 бала мен 15-тен асқан 3735 адамның денсаулығын тексерген мамандар семіздіктің кең таралуына қатты алаңдаулы.
Зерттеу нәтижесінде балалардың 22 пайызы, ересектердің 55 пайызы артық салмақ пен семіздік дертіне шалдыққан. Соның ішінде 28 пайыз әйелдер мен 16 пайыз ер-азаматтар семіздік ауруына тәуелді. Жас ұлғайған сайын артық салмақтың да саны арта береді. Тексеруге қатысқан адамдардың қан құрамында қант диабетіне әкеп соғатын – глюкоза, жүрек-қан тамырлары ауруларын туындататын холестериннің де жоғары екендігі анықталған. Өлім-жітімнің 60 пайызы тамақтану режимінің бұзылуынан туындаған сырқаттың салдарынан болады екен.
Мамандардың бұлай алаңдауының себебі – семіздік көптеген аурулардың алғы шарты болып табылады. Сонымен қатар артық салмақ өмір сүру ұзақтығын шамамен 7 жылға қысқартатыны дәлелденген. Егер ертеде арықтық өлім жітімнің басты себебі ретінде айтылса, қазіргі кезде артық салмақ ажалға апаратын басты себептердің бірі болып отырғаны белгілі.
Балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу Еуропа елдеріне қарағанда бізде бүгін де 10 есеге өскен. Қазіргі уақытта 5 жасқа дейінгі балалардың 11,4 пайызы артық дене салмағына немесе семіздікке шалдыққан. Ол дегеніміз, егер бала кезден семіздік басталса, ол ересек кезінде де жалғаса береді, яғни өмір бойы артық салмаққа ұшырайды. Семіздіктің жүрек ауруына себеп болатынын ескерсек, бұл оның алдын алуды қажет етеді. Ал, жүрек ауруынан өлім бойынша Қазақстан 1-ші орынға шығып отыр. Елімізде 50-60 жас аралығындағы адамдардың екіден бірі осы жүрек ауруынан дүниеден өтуде. Ресми мәліметтер бойынша, артық салмақ пен семіздіктің кесірінен жылына 2,8 миллион адам қайтыс болады екен.
– Тұрғындар арасында семіздіктің кең таралуы өте ауқымды, шешуі қиын мәселеге айналып бара жатқанына қатты алаңдап отырмыз. Әсіресе, балалардың арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы өте қауіпті. Осыдан бес жыл бұрын АҚШ сенаторлары Парламенттің алдына «Семіздік тек халық денсаулығына кері әсерін тигізіп қоймай, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деген мәселені қойды. Неге? Өйткені сол кезде АҚШ халқының 62 пайызы семіздікке шалдыққан еді. Содан бері олар семіздікпен күресіп келеді. Ал бізде енді ғана қолға алынып, былтыр кешенді зерттеу жүргіздік. Халық арасында артық салмақ иелерінің артуы – дұрыс тамақтанбаудан. Семіздік деген ұлт пен ұлысқа, жасқа қарамайтын, шекараны білмейтін дертке, яғни пандемияға айналды. Балалардың мектеп қабырғасында жүріп фаст-фудты жеп, тәтті сусындарды ішуі өсіп келе жатқан ағзаға кері әсер етіп, оның семіздікке шалдығуына әкеп соғуда. Бұл күндері АҚШ сенаторлары семіздік мәселесін неге жоғары деңгейде көтеріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп отыр? Өйткені, ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, семіздік түрлі арурлар тудыруымен қатар, адамның ақыл-ой мүмкіндігіне кері әсерін тигізіп, балалардың интеллектуалдық тұрғыда қатарластарынан қалуына себеп болады. Сенаторлардың мектеп жасындағылар арасында семіздіктің кең таралуына алаңдап отырған себебі – осы. Қазақстан балаларының 11 пайызы толықтық, яғни семіздік дертіне шалдығуы өте үлкен сан. Оның көрсеткіші жылдан-жылға артып отырмаса, кеміп отырған жоқ екенін баса атап кеткеніміз жөн, – деп еді бір кездері Қазақ тағамтану академиясының президенті, марқұм академик Төрегелді Шарманов.
Артық дене салмағы мен семіздік мүшелер мен тіндерге түсетін жүктемені арттырады, қызметтік жүйелер жұмысын қиындатып, көптеген аурулар даму мүмкіндігін арттырады. Олардың ішінде – алмасу және жүрек қантамыр аурулары, бауыр мен өт қабы аурулары, буын дерттері, жуан ішек қатерлі ісіктері, аналық без және сүт безінің қатерлі ісіктері бар. Әдетте, семіздік тері, шаш және тырнақ жағдайына әсер етеді.
Артық дене салмағы организмнің тез қартаюына себепші болады. «Семіздіктің алдын алу жолдары бар ма?» деген сұрақ туындауы орынды. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстап, спортпен шұғылданып, көкөніс пен жемістерді көбірек жеген абзал. Артық салмақ қосқаныңызды байқаған сәттен бастап, спорт және қауіпсіз диетаның көмегімен арықтауға тырысу керек.
Толқын АЙМАХАНОВА
«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы
Ұқсас жаңалықтар
Эндометриозды емдеудің жолы қандай?
- 22 шілде, 2025
Ауруды асқындырмай, алдын алған маңызды
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді