«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Бизнеске тамыр-таныс, әке-көке керек емес»

«Бизнеске тамыр-таныс, әке-көке керек емес»
Автор
Кәсіп бастаудың қызығы мен қатар қиындығы көп. Оны нөлден бастаған адам біледі. Бір істі бастау – қиынның қиыны. Әйтпесе елдің бәрі кәсіпкер болып кетпей ме? Елімізде сан түрлі кәсіп бар. Себебі әркім жүрегіне жақынын, қолынан келгенін жасайды. Туындаған идеяны әрекетке айналдыру – кез келгенің қолынан келмейді. Қолында қаражаты болса, идеясы жоқ, идеясы болса қалауы жоқ, қалауы болса қаржысы жоқ. Әйтеуір әрбірімізде кәсіп бастамауға бір себеп бар.

Белгілі бизнесмендердің айтуынша, ойға алған нәрсені 72 сағатта іске асыру қажет екен. Олай етпесең оны жасамауға мың сылтау табылады. Кәсіп – нәсіпке айналса құт. Жалпы, Тараз қаласы бизнес жүргізуге ең қолайлы қала. Екі мың ғасырлық көне қалада не көп – мейрамхана көп. Тамақ өнеркәсібі тоқтаусыз жүріп жатқан сала. Мемлекеттің бай қуатты болуына әрі экономикаға үлес қосып жатқан еңбегі жанған арудың бірі – Гүлдана Атабаева. Ол өзіндік қолтаңбасы бар жас ресторатор. Іскерлік ортада өте сыйлы. Жас та болса көпке үлгі болған ол «La villa» мейрамханасының иесі. Үш баланың анасы. Жұбайы Санжар Апбасов – бұрынғы полиция қызметкері.

Қазір «Friends burger taraz», «Tandir_taraz» кәсіптерінің иесі.

– Әйел баласының кәсіпкерлікте жүруі – құптарлық іс. Кәсіпкерлікке келуім – ата-анамның арқасы. Анам Дана бастапқыда көк базарда қуыршақ сатудан ісін бастаған. Бүгінде республикаға белгілі. Отбасымызбен кәсіпкерлікпен айналысамыз. Сіңілім Айдана Атабаева да ресторатор. «Matador» мейрамханасының иесі. Ауыз толтырып айтуға әрине, жақсы. Бірақ ресторан иесі атану – жауапкершілігі мол іс. Қарамағыңдағы қаншама адамға жауапты болу, балғын өнімдерді сатып алу, қадағалау, кеш иесінің көңілінен шығу – оңай емес. Кәсібіңді жыл сайын құлпыртып отыру керексің. Жылт еткен жаңалық енгізіп отыру қажет. Мен әрі келінмін. Жұбайым да кәсіпке қосылды. Оның қолынан дәмді өзбек палауын жасау келеді. Өз қолымен келушілерге ерінбей дайындап береді. Біз мынау ердің ісі, мынау әйелдің ісі деп қарап отырмаймыз. Ақша табу – ол жақсы өнер. Ақшаны шашқаннан гөрі адал еңбекпен тапқан, жиған сауаптырақ. Ләжі болса ешкімнен қарыз алмауға, сұрамауға, несиеге жоламауға тырысамыз. Бар ақшаны ұқсатып жаратып, айтқан уәдеде тұрғанды сүйемін. Ресторан қызметкерлеріне жылы қабақпен қараймын. Айлықты уақтылы беремін. Белсенді қызметкерлерге себепсіз сый-сияпат жасаймын. Мереке сайын сыйақы, сыйлық үлестіремін. Менің командам болмаса мен кіммін? Кәсіп болған соң ауызбіршілікте жұмыс істеген жөн. «Саудада – береке бар». Сондықтан өзіме көп сенемін. Базарға, сауда орындарына өзім барамын. Көбінде балғын көкөністер мен жемістерді ерінбей жүріп таңдаймын. Өзім дәмді ас ішкенді ұнатқандықтан, көпшілік те тәтті ас ішсе деп осы істі қорықпай бастадым. Жас болдым, басымнан көп жағдай өтті. Өмірдің берер сабағынан бөлек, мен кәсіп жолында көп шыңдалдым, – дейді жас кәсіпкер.

Гүлдана Атабаева 1990 жылы өңіріміздегі Жамбыл ауданында дүниеге келген. Мектеп бітірісімен шетелге оқуға кетіп, әбден тәжірибе жинақтаған. Шетел көрген жастың бірі. Жастығына қарамастан елдегі ірі ресторатор. Сүйікті келін, адал жар. Отбасының ұйытқысы болып отыр. Бұл күні ешкімнің бір айлыққа күнелткісі келмейді. «Әр кәллада бір қиял» демекші, дүкен ашсам, балмұздақ, жүгері сатсам деп отырған жандарға жоғарыдағы кәсіпкерлердің өмір жолы, кәсіп бастауы үлгі болса екен. Өз үйінде отырып іс ашып, кәсібін кеңейтіп, бір іс бастағысы келіп жүргендерге азық болар деген үміттеміз.

– Бүгінде елдің көзі ашық. Әлеуметтік желілерден көреді. Біздің өмірімізді бақылайды. Сала таңдап, өз ісін ашам деушілерге ақыл кеңес беріп, көмектесуге әзірмін. Тәлімгерлік жасауға да дайынмын. Қанша дегенмен кәсіп бастауда ит көйлекті бұрын тоздырдық қой. Алдыма көптеген адамдар келеді. Жер үйден, көп қабатты пәтерден қандай іс ашсам болады? Идея бар, ақша жоқ дейтіндер бар. Жүзеге асырайын десем тамыр-танысым жоқ деп келеді. Мен айтайын ешқандай тамыр-таныс, әке-көке керек емес. Ең керегі – сенің таудай талабың. Жетістікке жетемін деген сенімің. Құдайға шүкір, жыл сайын үкімет қайтарымсыз грант беруде. Оны алудың жолдары бар. Бизнес бастау үшін жол сілтейтін мамандар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығында да, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасында да отыр. Облысқа белгілі кәсіпкерлердің телефон нөмерін алып, ақылдассаңыз да еркіңіз, – дейді ол.

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Гүлдана Instagram әлеуметтік желісінде өте белсенді. Оны күніне 243 мың адам қарайды. Бұл күндері мейрамхана ісі мен мейманхана ісі арнайы жоғары оқу орындарында оқытылады. Келешекте бес жұлдызды қонақ үйдің не табысты мейрамхананың иесі атану үшін бұл кәсіпті мамандық ретінде де игеруге әбден болады.

«La villa» мейрамханасы бастапқыда «Райский сад» деп аталған. Бүгінде атауы өзгерген. Көбінде бұл ресторан ең үздіктерді таңдайтындарға арналған. Еуропалық тағамдардың сан алуан түрі менмұндалап тұр. Мұндағы мәзір мен сусын авторлық жолмен жасалады. Аспазшылары дәмді ас дайындаумен аты шыққан. Қазір «қай салаға барсам ақша көп» деп ойланатын дәуір. Әр саланы зерттеп жүргендер де жетерлік. Жылына екі рет туады деп ешкі бағып, жұмыртқасы мен еті пайда деп тауық асырап, шалбардың бір балағын қысқартсаң бір мың теңге табам деп тігіншілікке келгендер де көп. Бір істі бастап, екіншісін тастап, әр істің басын шатып жүріп, үшіншісін ашқанда пайдаға кенелгендер де бар. Кәсіпті ашып – жабудан қорықпай, оны бизнес биігіндегі дәріс деп білген жөн болар-ау. Әр саланы байқап көру – ұят емес. Не де болса, ашар кәсібіңді жақсы көріп істесең ақша сол жерде екен.

«Сізде ақша аз болса, кәсіп жасаңыз, егер мүлдем болмаса, дереу кәсіп бастаңыз» деген екен Джон Рокфеллер. Ұлы Абай да «Ісім өнсін десең ретін тап» деп бекерге айтпаған болар. Әлдекімнен көмек күтіп, оңтайы болар деп тосып отырсақ, өзгеріс өздігінен келмейді.

 

Рузана АЙҒАРАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар