
Баланың бойындағы түсініксіз жайды көрген анасы дереу «Бәйтерек» ауданындағы облыстық балалар ауруханасына апарады. Денедегі көгерген іздерді көріп, қан сынамасын алып, дәрігерлер тез арада ауруханаға жатқызады.
Алғаш аурудың атын естіп анасы талып қалады. Қорыққаннан «менің балам мұндай аурумен ауырмайды» деп ауруханадан баласын ала қашады. Үйіне барған соң жаны жай таппай ауруханаға қайта барыпты. Осылайша баланың ақ қан ауруына шалдыққаны белгілі болады.Дәл осы кезде көмекке шипагер, облыстағы жалғыз онкогематолог дәрігер Шолпан Туленбетова келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жүзі жылы ақ халатты абзал жан балақайдың қанын алмастырып, баланы шұғыл түрде реанимобильмен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына портал жүйесімен жібереді.
Айтуынша Алматыдан химиотерапия алып келген соң бала ем-домды Таразда жалғастырады. Айта кетейік қатерлі ісіктің қай түрі болса да өте қиын. Жамбыл облысында қатерлі ісіктері бар 8740 науқас есепте тұр.Ауру құрылымында бірінші орында өкпе обыры – 18,6 пайыз, ұйқы безі обыры – 10,5 пайыз, асқазан обыры – 9,9 пайыз, простата обыры – 6,8 пайыз, бүйрек обыры – 6,8 пайыз, тоқ ішек обыры – 5,5 пайыз, бауыр обыры – 4,9 пайыз, сүт безі обыры – 4,9 пайыз. Адам үшін ең қымбат нәрсе – денсаулық. Сондықтан да дәрігерге уақытылы тексеріліп, қаралып қатерлі ісіктің алдын алуға әрекет еткен жөн. Біз облыстағы жалғыз онкогематолог дәрігермен бетпе-бет сөйлестік.
– Қазақстанда жыл сайын 600-дей балаға «обыр» диагнозы қойылады. Жамбыл облысында бүгінгі таңда 200 бала қатерлі ісікпен есепте тұр. Жыл сайын 15 балада мұндай диагноз алғаш рет анықталады. Өкінішке қарай Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың саны жыл сайын 10-15 пайызға өсіп барады. Бірақ отандық медицина заманауи әдіс-тәсілдердің арқасында кішкентай күрескерлерді аурудан толық арашалап қалуға қауқарлы. Қазақстанда балалар арасындағы онкологиялық ауруларды емдейтін екі орталық бар. Біріншісі 1991 жылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ашылды. 2010 жылы алғашқы онкологиялық бөлімше Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында іске қосылды. 2010 жылдан бастап орталықта 18 мыңға жуық науқас емделді. Отандық медицина дамып келеді. Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған көптеген әдістер бар. Олардың ішінде химиотерапия, ілеспе сәулелік терапия, сәулелік терапия, сүйек кемігін трансплантациялау және тағы басқалары бар. Дәрігерлердің айтуынша, дер уақытында ем-дом алып, күрескен кішкентай қаһармандар үлкен жеңіске жетеді. Онкологиялық ауру – үмітті үзетін соңғы үкім емес. Балалар лейкозы емделеді. Біздер ақпан айында онкогамотология кабинетінде «Ашық есік» күнін өткіздік. Бала ағзасындағы онкология ауруын анықтау өте қиын. Сондықтан ата-аналар бала денсаулығына өте мұқият болыңыздар, – дейді онкогемотолог дәрігер Шолпан Мұратқызы.
Шолпан Туленбетованың еңбек өтілі – 32 жыл. 1985-1991 жылдары Қарағанды медициналық институтында оқып, педиатрия бөлімін тәмамдаған. Бастапқыда Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасында қызмет еткен ол 1997 жылы Жамбыл облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөліміне онкогематолог дәрігер болып келеді.
– Ауру белгілерін бірден тап басу қиын. Қан мен лимфа арқылы өзге органдарды да шырмап, сауығуды қиындататын ауруды неғұрлым те зірек анықтауда ата-ананың сергектігі өте маңызды. Егер бала тамақ ішпей, жиі-жиі респираторлық ауруларға шалдыға бер се, әлсірейтін болса, қол-аяғы ауыратынына шағымданып, денесінде кейде көгіс дақ көрінсе бірден дәрігерге қарату керек. Сонымен бірге бұл ауруды жеңуде нау қастың жазылуға деген сенімі мен эмо циналдық көңіл-күйі өте маңызды. Дәрігер, науқас бала, ата-ананың үштік одағы мінсіз жұмыс атқарса ауру жеңіледі. Оны өмірдің өзі дәлелдеді, – деді тағы бір сөзінде.
Ана емес пе? Жаны шырқырап «баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп отырған жас ананың үйінде екі жастағы бөпесі бар. Оны ата-енесіне қалдырып, отандық дәрігерлерден шипа іздеуде. Жания Тымбайдың өзімен сөйлестік.
– Қатерлі ісік деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Негізі қан аздық (анемия) ауруына көбіміз мән бермейді екенбіз. Өзім босанғанша қан аздықпен күрестім. Балам да гемоглабині аз, үнемі қаназдықпен алысып келеміз. Жүзі аппақ баламның сол күні денесінің көгеруі ерекше болды. Қан түйіршіктері жарылардай болып тұрды. Дәрігер Шолпан Мұратқызы бізді арнайы Алматыға ем алуға жіберді. Әрине, бастапқыда қорықтым. Ем қалай болады екен деп уайымдадым. Балам химияны көтере ала ма, жоқ па?. Бірақ шүкір үш химиотерапия алдық. Баламның лейкоциті 80, тромбоциті 19, гемоглабині 60 еді. Химия алғалы лейкоцитіміз 4 ке түсті. Тромбоцитіміз 32-ге көтерілді. Ал гемоглабин 102 болды. Ванкристин, Аспаргазам, Даунарубицин деген үш түрлі химия алдық. Балам химиядан соң әлсіреп, тамақ ішуге шамасы болмай қалады. Бірақ шүкір, жазылып келеміз. Алматыда және Таразда 9 ай бойы ем аламыз. Балам үшін бәріне шыдаймын. Ең бастысы ауруынан құлан таза жазылса екен. Мұндай ауыр дертті ауыздықтай білген қайсар балаларды көп көрдім. Бұл дертке шалдыққандар расында өзін-өзі тастап, өмірден баз кешеді. Менің балам тым кішкентай. Ол әлі түсініп те үлгерген жоқ. Бірақ мен анасы ретінде сабырлық танытып, өмірге деген көзқарасымды өзгертуім керек екенін түсіндім. Кеше көрген адам бүгін жоқ. Ажал оғы кімге, қашан, қай тұстан келетінін білмейсің. Әрине, күн санап, қай күні о дүниелік болам деп қауіппен өмір сүру де оңай емес. Айналаңдағылардың бәрі сені мүсіркеп тұрғандай көрінеді. Күндіз-түні санаңда бір ғана ой. Мені үйдің үлкендері «балаға дұрыс қарамадың» деп те кінәлады. Тұла бойың ғана емес, миың да шаршайды. Түнімді жылаумен өткізген кездер көп болды. Күлкі дегенді ұмытып, бәріне қолды бір сілтеп кеткім келді. Түнде ұйықтауға қорқатынмын. Себебі, ертеңгі күн атпайтындай, көзімді жұмсам балам о дүниелік болып кететіндей сезілетін. Әйтеуір, есімді жидым. Өзімді қолға алдым. Таңды қуанып қарсы алып, күнді күліп шығарып саламын. Басыма түскен сынаққа көндіктім. Бүгінде шүкір, бірінші Алланың, екіншіден екі жақтың дәрігерлерінің мықтылығының арқасында балам жазылып келеді, – дейді анасы Жания Аманжолқызы.
Ауруға-ем, сауға-қуат, сырқатқа-дауа бер деп ата-бабамыз бекерге тілемепті. Ауру берсе оның шипасын да береді деп халқымыз ықылым заманнан жақсылықтан үмітті болған. Сол себепті обыр ауруын да түбімен ауыздықтайтын күн жетер.
Ауырма,
Ешқашанда ауырмашы!
Санаңды сауықтырсын Сәуір басы.
Адамдар бір-бірінің тілеуқоры,
Адамдар бір-бірінің бауырласы.
Айтпайық сен де, мен де ауырдым деп,
Алда әлі біз көретін тәуір күн көп...
Жұмағы тіршіліктің тәрізденіп
Шығады бүгін-ертең сәуір гүлдеп, – деп ақын Исрайл Сапарбай жырлағандай, ауырмайық адамдар!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Жүкті әйелдерге кеңес беретін орталық ашылды
- 14 тамыз, 2025
Жедел ішек инфекцияларының алдын алу аса маңызды
- 2 тамыз, 2025
Ақпарат
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Қоғамдық көлік: саны да сапасы да артып келеді
- 17 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді