«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есіл жағасындағы еңселі Елорда

Есіл жағасындағы еңселі Елорда
Автор
Ұлттың ескі заманнан қалған теңдік пен еркіндік туралы көрсеткіші – «өз отауым, дара орда» ұстанымы. Яғни ежелден өзгенің дегеніне мойынсұнбай, тәуелсіздікті еншілеп, елдік жолына түсу көптің көксеген арманына айналған. Бұл тұрғыда қазақ елі де қайсар болмыс арқылы еркіндік жолында қаншама қырғын-қасапты өткеріп, болмысын бұзбауға, берекесін кетірмеуге талпынды. Тіпті ұлт зиялылары ғаламның кейпі тайып, түрлі саяси режим мен басқару қағидалары қайшыласқан ХХ ғасырдың өзінде заманға ілесіп, іргелі елдің болашағын қалыптастыруға күш салды. Сәтінде ел ұстыны – астананы белгілеу, урбанизация әлеміне ауысу көшпелі өмір сүру моделіндегі халық үшін оңайға соқпағаны жасырын емес.

Шын мәнінде, ел тарихындағы маңызды қадам астаналардың қалыптасуы, өркендеуі және экономикалық-мәдени ахуалға ықпал етуімен өлшенері анық. Отырықшылық мәдениеттен шеткері қалыптасқан қазақ халқы аштықтан зардап шегіп, өркениет игілігінен құр қалғанын жете түсінген шақта қалалық мәдениет пен өзгеше өмір сүру дағдысын игеруге асыққан еді.

Содан болар, қазақ арасында астананы географиялық, мәдени, экономикалық ерекшелікті ескеріп белгілеу, ұлт тарихындағы елеулі өзгеріс пен жаңалықты бас қаладан бастау секілді дағды ерте қалыптасты. Алғашқы жоғары оқу орны, театр, өнеркәсіп нысанының бас қаладан бастау алғанын аңғаруға болады.

Бүгінгі мерейлі мереке мезіретінде «Қазақ астаналары ұлт тарихына нендей жаңалық енгізді? Қандай таңдаулы шешімдер бас қаладан басталды?», – деген сауалға жауап іздеп көруді жөн санадық.

ҚЫЗЫЛОРДА – ҚҰТТЫ ҚОНЫС

Ел астанасының Орынбордан кейінгі мекені Қызылорда қаласы. 1926-1929 жылдары Қызылорда Қазақ АКСР-нің астанасы атанып, кеңес өкіметі тұсында шаһар тіршілігі қайта жанданған еді. Бүгінде зерттеушілер бас қала мәртебесіне Қызылорданың лайық деп танылуына бірнеше дәйекті мысал келтіреді. Оның ішінде қазақтардың басым қоныстануы, теміржол стансасының орналасуы, Сырдария өзенінің жағасы болуы, Ұлы Жібек жолының бойы секілді артықшылықтар ықпал еткендей көрінеді. Сондай-ақ басшылық лауазымдағы Сұлтанбек Қожановтың өткір пікірі де басымдыққа ие болса керек. Әйтеуір, Қызылорда қаласы үш жыл қазақ елінің құтты астанасы, өнер мен мәдениет, экономика мен әлеуметтік көрсеткішінің бет-бейнесіне айналды.

Иә, Сыр бойындағы бас қала астана болған кезеңде сан салада айтулы ілгерілеу байқалып, экономикалық әлеумет артқанын айту керек. Әсіресе, өнеркәсіп дамып, құрылыс қарқыны көтерілді. Қала көшелерінде электр жарығы жүргізіліп, кондитер фабрикасы, ет комбинаты, сыра зауыты, «Трудовик» атты тігін мекемесінің іргетасы қаланды. Қазақтың алғашқы ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және басқа да институттар өз жұмысын осы қалада бастаған. Сол сәтте қала халқының саны небәрі 22 577 адам болса да, өнер мен білім беру ісі қарыштап дамыды.

Жалпы, шаһардың астана мәртебесіндегі мерейлі жеңісі – театр. Қызылорда қаласында 1926 жылдың 13 қаңтарында алғашқы қазақ драма театрының шымылдығы түріліп, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанды. Сол сәтте қазақ театры өнер әлеміне Әміре Қашаубаев пен Құрманбек Жандарбеков сынды тума таланттарды тарту етіп, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне теңдесіз үлес қосты. Сондықтан Сыр бойындағы бас шаһар астана болған бірер жылда айтарлықтай өзгеріп, елдің келешек даму сүрлеуін салды деуге толық негіз бар.

Алайда бас қаланың мәртебесі сұлу Сырдағы шаһарға да көп тұрақтамады 1929 жылы астана Қызылордадан Алматыға көшіріліп, жаңа бір белеске бет алды. Бүгінде тарихшылар Сырдан бас тартудың басты себебін табиғи апатпен байланыстырады. Бас шаһар Сырдария өзенінің жағасында орналасқандықтан, бірнеше рет қала су астында қалыпты.

Осыған орай 1927 жылы қазақтың астанасын Алматы қаласына көшіру туралы пікір қозғалып, ақыры қолдау табады. Осылайша, 1929 жылдың мамыр айында Алматы ресми астана атанып, жарты ғасырдан астам абыройлы мәртебеге ие болды.

АЛМАЛЫ ШАҺАР – АЛАШ МҰРАСЫ

Жер жәннаты Жетісуда орналасқан алып қала Алматы ежелден орнықты орта, тұнық әрі қолайлы табиғатымен танымал. Елорданы Қызылордадан Алматыға көшірудегі бірден-бір себеп, жайлы климат болса керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпорындар санын арттыру тұрғысынан Жетісу ең ұтымды мекен екені даусыз.

1929 жылы шаһарға астана көшіріліп, елдегі қаржы-экономикалық, мәдени-әдеби толқын тың бағытқа өзгерді. Әуелі қаланың сәулет өнерінде айтарлықтай өзгешелік орын алғанын тілге тиек еткен жөн. Өйткені астаналардың егемен елдің қалыптасуына жасаған ықпалы мен маңызды оқиғалар желісін жүйелегенде ұлттық қалып, мәдени кеңістікке қосқан үлесін атамасақ болмас.

Өткен ғасырдың 60-80 жылдары алматылық сәулетшілер қала объектілеріне ғана тән өрнек пен тәсілге жүгініп, ұлттық қолданбалы және декоративтік өнер элементтерін шығармашылыққа икемдеді. Мұндай толқынның ізі монументальды мүсін өнері мен өзге де декоративтік өнерден жиі көрініс берді. Тіпті заманауи Алматы сәулетінен сол дәстүрдің сарқыншағын аңғару қиын емес. Сондықтан қазаққа Алматы шаһары шығыс пен батысты синтездеген жаңа болмысымен қымбат.

Қаланың бас шаһар мәртебесіндегі жеткен байқалмас жетістігінің бірі осы. Ал елорда болған шақтағы экономикалық, ғылыми, демографиялық өзгерістер бүгінгі жұртқа жете таныс. 1930 жылы «Айнабұлақ» станциясы аяқталып, екі ірі экономикалық аудан – Сібір мен Қазақстан жалғанды. Дәл сол жылы Алматы әуе жолы ашылса, бір жылдан соң Түрксіб темір жолы пайдалануға берілді. Осылайша, Алматы мен Мәскеу қалалары теміржол, әуе қатынасы арқылы байланысты нығайтты. Бұл экономикалық тұрғыда жаңа кеңістікке жол салып, шаһардағы халық саны мен жұмыс күшінің артуына себеп болды.

1980 жылдардың басында қала халқының саны 1 миллион адамнан асқан. Алып шаһар жайдарлы күнді ғана емес, қаралы сәтті де басынан көп өткерді. Соның бір мысалы – Ұлы Отан соғысының зардабы. Соғыс жылдары бүкілодақтық тыл жұмыстарын ұйымдастыруда жүктің басым бөлігі Алматыға түсті. Сол сәттен Алматы қаласына майдан шебінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми-зерттеу институттары, 20-дан аса мәдени орталықтар көшірілген. Оған қоса Ленинград, Киев, Мәскеу киностудиялары Алматыға ауыстырылды.

Соғыс жылдары Қазақ опера және балет театрын салу, 1950 жылы Қазақстан ғылым академиясының бас ғимараты мен Үкімет үйін салу қолға алынды. Ең өкініштісі, қала тарихындағы қаралы күннің соңы бұл емес еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қаншама жастың өмірін жалмап, сұраусыз кеткен қыршындардың көз жасымен тарихта қалды. Елдік пен ерліктің үлгісін көрсеткен жастар тәуелсіздік үшін жан аямады. Ширек ғасыр уақыт өтсе де, қазақ астанасындағы сол бір қанды қырғынның жаңғырығы әр қазақтың кеудесінде қалғаны анық. Сондықтан ел астаналары тек жарқын күндердің куәсі болды десек, жалған болар.

ЖАҢА ДӘУІР БЕЛЕСІ

Ел Тәуелсіздігін алып, еңсе тіктегенде жаңа саяси стратегия, өзге бағытты таңдауға тура келгені анық. Егемендікке қол жеткізгенде қабылданған ең елеулі шешім – Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру.

1994 жылдың 6 шілдесінде қабылданған қаулы тәуелсіз Қазақстанның, жаңа тарихын жазуға бағытталған еді. 1998 жылы 6 мамырда Астана атауы ресми түрде бекітілсе, 10 маусымда жас астананың тұсаукесері халықаралық деңгейде өткізілді. Жалпы, астананың Ақмола қаласына көшуі кездейсоқ шешім емес екені анық. Бұл Алаш зиялыларының асыл арманының ізі болса керек.

Мәселен, Әлихан Бөкейханұлы «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласындағы: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», – деген арманы бұл күнде шындыққа айналды.

Еуразия континентінің кіндігіне орналасқан қала өзіндік қайталанбас бет-бейнесін қалыптастырып, әлемдік деңгейде бедел жинауға ұмтылды. Қазір елорда жыл сайын халықаралық деңгейдегі жиындар мен басқосулар өтетін орынға айналды. Бастапқыда Арқаның төсіне жаңа шаһар салу идеясын құптамағандар уақыт өте шешімнің ұтымды тұсын аңғара бастады. Оған экономикалық және мәдени жетістіктер түрткі болғаны рас. Тіпті Астана қаласы 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен «әлем қаласы» атағын да алды.

Бүгінде елорда ғаламдық маңызға ие саммиттер мен басқосулар өтетін, дінбасылар мен саясаткерлер жиналатын бейбітшілік мекеніне айналды. Мұның барлығы келешек Қазақстанның келбетін айқындары анық. Елорда қай қиырда болмасын, қазақ қоғамы мен өміріне оң өзгеріс әкелуге жол ашты.

Әрбір шаһар өзіндік ерекшелік пен болмысты сыйлап, халықтың тұрмыс сапасына да оң әсерін тигізгені бар. Ал бас қаланың тәй-тәй басқан қадамынан бастап, бүгінгі кемел шағына дейінгі жолы қазақ халқының көз алдында. Ендеше, бұл жолдың ортасы емес, өйткені астананың айбыны асқақтар шақ әлі алда.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар