Енді автомектепте оқымасаң, жүргізуші куәлігін ала алмайсың...
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 10:36
- 67
Мамандардың айтуынша, көлік жүргізу дағдыларын толықтай онлайн форматта меңгеру мүмкін емес. Бұл – жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе. Осыған байланысты еліміздегі бірқатар автомектептердің лицензиялары тексеріліп жатыр.
Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңеспаевтың айтуынша, жүргізуші боламын деген азамат автомектептің толық курсын аяқтауы қажет. Теория мен практика қатар оқытылуы тиіс. Бұдан былай қағаз түріндегі куәлік талап етілмейді. Оқу туралы мәліметтер электронды базаға енгізіледі.
Осы ретте облыстық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі реттеу залының басшысы Нұржан Кемелбек жүргізуші куәлігін алудың нақты қағидаларын түсіндірді.
Оның айтуынша бірінші кезекте үміткерде автомектепте оқығанын растайтын құжат және 073 нысанындағы медициналық анықтама болуы керек. Бұл анықтамалар онлайн форматта жарамды.
Құжаттар дайын болған соң азамат Азаматтарға арналған үкімет мобильді қосымшасы арқылы теориялық емтиханға жазылады. Теориялық сынаққа үш рет мүмкіндік беріледі. Алғашқы екі мүмкіндікті кез келген уақытта пайдалануға болады. Егер екінші реттен өте алмаса, үшінші мүмкіндік бір айдан кейін беріледі.
Емтиханда 40 сұрақ қойылады, оған 40 минут уақыт қарастырылған. Шекті балл – 32. Теориядан өткен үміткер сол қосымша арқылы практикалық емтиханға өтініш береді. Практикалық сынақта да үш мүмкіндік бар. Алайда үш реттен сүрінсе, екі айдан кейін қайтадан теориялық емтиханды басынан тапсыруға мәжбүр болады.
«Практикалық емтихан 9 жаттығудан тұрады. Бағалау балдық жүйемен жүргізіледі. 95 балл – шекті көрсеткіш. Барлық кезеңнен сүрінбей өткен үміткер ХҚКО-ға барып суретке түседі. 120 минут ішінде жүргізуші куәлігі дайын болады», – дейді ол.
Тағы бір өзекті мәселе – цифрландыру аясында жүргізуші куәлігін ауыстыру тәртібі де жеңілдетілді. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру жалғасуда.
Енді жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда да оны eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн ауыстыруға болады. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек құжат қолданыста болғанда немесе жоғалған, ұрланған жағдайда ғана берілетін.
Жаңашылдық барлық санаттағы жүргізуші куәліктеріне қатысты. Егер құжаттың мерзімі өтіп кеткен болса, міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет. Ал мерзімі аяқталмай тұрып ауыстырса, меданықтама талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі – 60 минут.
Өтінім беру барысында жүйе айыппұлдардың бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Егер 30 күннен астам мерзімі өткен берешек болса, ол толық өтелмейінше куәлік ауыстырылмайды.
Айта кету керек, онлайн қызмет іске қосылғалы оны 60 мыңнан астам азамат пайдаланған. Жоба Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Жүргізуші куәлігін алу тәртібінің қатаюы – ең алдымен жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қадам. Көлік басқару – үлкен жауапкершілік. Онлайн формат заман талабы болғанымен, рөлге отырып үйренудің орнын ештеңе баса алмайды.
Ал цифрлық қызметтердің кеңеюі азаматтарға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – талаптарды мұқият орындап, емтиханға дұрыс дайындалу. Сонда ғана қауіпсіз жол қозғалысының мәдениеті қалыптасады деген сенімдеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- Бүгін, 10:00
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




