«Жыр жұлдызы: Күләш Ахметова мұрасы» атты поэтикалық баттл аяулы ақынды бір минут еске алу үнсіздігімен басталып, 4 кезеңнен тұратын жарыспен жалғасты. І кезең «Мен және Жасанды Интеллект» атауымен жарысқа қатысушылар креативті түрде өз-өздерін таныстыруға арналды. «Жүрегім үндейді» тақырыбындағы ІІ кезеңде Күләш Ахметованың өлеңдері мәнерлеп оқылды. «Ақын жолын жалғастыр» деп аталған ІІІ кезеңде қатысушыларға ұсынылған Күләш Ахметованың өлең жолдарын түпнұсқаның философиялық-эмоционалдық құрылымын сақтай отырып, поэтикалық мәтінді логикалық және стилистикалық тұрғыдан дұрыс аяқтау міндеттелді. «Кескіндегі өлең» аталған ІV-кезең қатысушылардың ой ұшқырлығын сынға салды. Яғни, жарысқа түскендер 10 минут ішінде ұсынылған картинаның көңіл-күйі мен мазмұнын барынша дәл бейнелейтін Күләш Ахметова шығармаларынан үзінді дайындап, мәнерлеп оқыды.
– Күләш Ахметова – тек нәзік лириканың ғана емес, сөз сайысының, ой тартысының да биік үлгісін көрсете білген ақын. Ол поэзиядағы батыл ойды, рухты бәсекені ерекше жақсы көрді. Өлең тірі болса, ол айтысқа, ой қақтығысына түсуі керек деп білді. Жуырда ғана жанымыздан жоғалтып алсақ та ақынның рухы оның жырларымен бірге өмір сүруін тоқтатпайды. Сол себепті біз Күләш Ахметованы еске алуды дәстүрлі үнсіздікпен ғана емес, оның болмысына жақын поэтикалық баттл форматында өткізуді жөн көрдік. Жарысқа 7-9 сынып аралығындағы оқушылар қатыса алады. Сол себепті бізге С.Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептен 5 оқушы, Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептен 1 оқушы, дарынды балаларға арналған «IТ» лицей- интернатынан 5 оқушы ұсыныс білдіріп, барлығы 10 оқушы қатысты. Сайыста қатысушының мәнерлеп оқу шеберлігі, сахналық мәдениетін сақтауы, шығармашылық әсерін, яғни өлеңді оқудағы жеке интерпретация, сурет пен өлеңді байланыстыра білуі назарға алынды, – дейді облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Толқын Кузенова.
Қазылар алқасының ұйғаруымен І дәрежелі дипломмен Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «IТ» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Еркеназ Әбдібай, ІІ дәрежелі дипломмен де осы лицей интернатының 9-сынып оқушысы Тәсним Маратбек, ІІІ дәрежелі дипломмен С.Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептің 7-сынып оқушысы Еркеназ Аманбекқызы марапатталды. Жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара соңында ақынның «Орман» кітабының нүктелі бедерлі Брайль қарпіндегі тұсаукесері өтіп, 1 данасы арнайы №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына жолданды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Міржақып Дулатов Әулиеатаға қашан келді?
- Бүгін, 10:38
Телегония мен тектілік текетіресі
- 24 ақпан, 2026
Ақпарат
Жамбылдың жауһар жырлары
- Бүгін, 10:53
Міржақып Дулатов Әулиеатаға қашан келді?
- Бүгін, 10:38
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




