Қаламгерқыз-келіншектер жинағыныңтұсауы кесілді
Осы кеште Күләш Ахметованың рухына арналған «Інжу-Маржан» қаламгер қыздар клубының алғашқы жинағының тұсауы кесілді. Шара барысында өңірдегі қаламгер қыздардың еңбегін кеңінен насихаттау, поэзия мен руханияттың құндылығын дәріптеу, кітап оқу мәдениетін дамыту және жас қаламгерлердің шығармаларын көпшілікке таныстыру көзделді.
– Күләш Ахметованың қазақ әдебиетін дамытып, көркем сөзін көпке танытудағы еңбегі ерен. Өзі өмірден өтсе де, артында өшпес ізі қалғанын бүгінгі кеш тағы да дәлелдей түсті. Осындай әдемі кешті ұйымдастырған және ақын апамыздың артынан ерген қаламгер сіңлілерінің жинағын шығарған Эльмира Мырза-Ғали бастаған «Анаға тағзым» орталығына алғыс айтамыз. Поэзияның ақ гүлі атанған ақын апамыз өнерімен қазақ әдебиетін дамытумен қатар, жастарды тәрбиелеуге де елеулі еңбегін сіңірді. Өмірінің соңғы күніне дейін қолынан қаламын тастамаған Күләш апамыздың есімі өнерді сүйер елі барда өшпейтіні анық, – деді облыс әкімдігінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев.
Облыста тұңғыш рет жарық көрген қаламгер қыздардың жинағын шығаруға қоғам қайраткерлері Батырбек Құлекеев пен Жұмабек Бөлекбаев, Amanat партиясы жанындағы әйелдер қанатының жетекшісі Айман Әшімова, «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі»-нің директоры Жанат Ертаева демеушілік көрсеткен.
– Күләш Ахметова ақын апамыз көзі тірі болғанда 80 жасқа келер еді, дегенмен өнері өмірін жалғап, бүгін ерекше рухани кештің куәсі болып отырмыз. Облысымыздың қаламгер қыздарының «Інжу-Маржан» атты жаңа жинағының тұсауы кесілгені осы кештің мазмұнын тереңдете түсті. Халқымыз «Әйел – ырыс, қыз – өріс» деп бекер айтпаған, қазақ қыздары өнерде де, өмірде де еңбекқор да ізденімпаздықтарымен белсенділіктерін үнемі көрсетіп келеді. Ел дамуында да нәзік жандылардың қосып жүрген үлесі зор. Партиямыз өңірдегі ақын-жазушы қыздардың өнерін дәріптеуге қолдау көрсетіп отыр, «Айша бибі» саяси мектебін құруға да ұйытқы болды. Бұдан да өзге қыз-келіншектерге партия тарапынан қолдау көрсететін бірнеше жобаларымыз жүзеге асырылуда. Әйел мықты болса – отбасы бақытты, отбасы бақытты болса – қоғам берік, мұның бәрі де мемлекетіміздің өркендеуіне жол ашады, – деді Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
Кешке өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, сөз өнерінің саңлақтары – ақын-жазушылар мен әдебиет майталмандары, ақын Күләш Ділдәқызының құрбылары мен қоғам белсенділері, замандастары, курстастары және өмір жолында үзеңгілес болған аяулы жандар қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова қаламдас құрбысына деген сағынышын өлеңімен жеткізді. «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев пен Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Күләш Ахметова туралы естеліктерін айтып, жаңа жинаққа оқырманы көп болуын тілеген ақын Шырын Мамасерікова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, Amanat партиясы облыстық филиалының Әйелдер қанаты басшысының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева «Інжу-Маржан» кітабының тұсауын кесті.
– «Анаға тағзым» орталығы ашылған кезде өңірдегі қалам ұстаған қыздардың басын қосып, «ІнжуМаржан» клубын құрған едік. Ондағы мақсатымыз бір-бірімен кеңесіп, білгенін бөлісетін шығармашылық орта қалыптастыру болған. Содан бергі 5 жылдағы іс-әрекетіміздің жемісі бүгінгі жаңа жинақ. Бұл жоба қолға алынған кезде Күләш апамыз батасын берген. Ол кісі артынан ерген сіңлілеріне ақын болудың да, ана болудың да, жар болудың да үлгісін көрсетіп кетті, – деді «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Күләш Ахметованың өмірлік серігі, белгілі ақын Қайырбек Асанов айтулы іс-шараға үлес қосқандарға өз отбасының атынан ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Әдеби кеште «Көктем вальсі» мектеп оқушыларының би ансамблі өнер көрсетіп, Тараз қаласындағы №66 орта мектебінің талантты оқушылары мен №45 мектеп гимназиясының оқушысы Берген Бағжан ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, поэзияның көркемдік қуатын сездірді. Сондай-ақ Күләш Ахметованың сөзіне жазылған әндерді К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Ғани Мәтебаев пен Айгүл Мақашова және әнші Нұргүл Мусали орындады. Кентау Назарбектің «Сен қазақсың!» әнін Орынбасар Бақытұлы орындап, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Өмірін өлеңімен өрнектеген
- 16 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




