«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жақсы жан өтті өмірден...

Жақсы жан өтті өмірден...
Ашық дереккөз
Ұзақ сырқаттан өмірден озған ардақты әріптесіміз, жақын дос, аяулы жан – Орынкүл Байсеркеқызы Мамырбаева бүгінде арамызда жоқ. Оның жарқын бейнесі мен адамгершілік қасиеттері жоғары, әдепті, ақкөңіл, биік парасатты тұлғасы біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Орынкүл Байсеркеқызы 1947 жылы 6 шілдеде Жамбыл облысы Красногор ауданы (қазіргі Қордай ауданы) Красногорка ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ата-анасының қоныс аударуына байланысты Тәжікстанның Куляб қаласында өткен. Әкесі Тәжік ССР-інің Куляб қаласына әскери қызметке жіберілді. Мамырбаева Орынкүл 1954 жылы Куляб қаласына бірінші сыныпқа барды.

Кейін әкесінің әскери борышын өтеуіне байланысты отбасы Қазақстанға көшіп келді. 1964 жылы Жамбыл облысы Луговой стансасындағы Луговской орта мектебін күміс медальмен бітірді. 1965 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түсіп, 1970 жылы «Тұтыну өнеркәсібінің экономикасы және ұйымдастыру» мамандығын үздік бітіріп, қызыл дипломға ие болды. 1970 жылы Орынкүл Байсеркеқызы жас маман ретінде Жамбыл технологиялық институтының экономика факультетіне ассистент болып жұмысқа қабылданды. 1972 жылы ол Мәскеу жеңіл өнеркәсіп технологиялық институтына мақсатты аспирантураға түсті.

Диссертациясын сәтті қорғаған Орынкүл Байсеркеқызы Отанына оралып, оқытушылық қызметін Жамбыл технологиялық институтында ғылыми дәрежесі бар маман ретінде жалғастырды 1976-2015 жылдар аралығында аталған институтта аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, ТарМУ профессоры қызметтерін жалғастырды. 90-жылдары Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының үш университеті, Жамбыл гидромелиорация құрылыс институты және Жамбыл педагогикалық институты біріктіріліп, олардың негізінде ел Үкіметінің қаулысымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құрылды.

Орынкүл Байсеркеқызы жаңадан ашылған «Экономика» кафедрасының меңгерушісі ретінде тағайындалды. Осы қиын өтпелі кезеңде жұмыстар қауырт және ауқымды болды. Себебі біздің университет алғашқылардың бірі болып жаңа оқыту жүйесіне – несиелік оқыту жүйесіне көшті. Ол Болон конвенциясына сәйкес жүргізіле бастады.

Өтпелі кезең жағдайында іс-шараларды үйлестіруге ықпал ететін бірыңғай әдістемелік орталық, оқу процесін ұйымдастыруда тәжірибе болған жоқ. Дегенмен, университетіміз несиелік технология бойынша оқуды ұйымдастырудың ең оңтайлы нұсқасын орната алды, сондықтан ТарМУ-нің тәжірибесін басқа университеттер қабылдап, университет әдістемелік орталыққа айналды. Бұл – тәжірибелі ұстаздарымыздың, солардың ішінде Орынкүл Байсеркеқызының қажырлы еңбегінің арқасы. Ол өзінің бүкіл еңбек жолында басқару және оқытушылық қызметін белсенді ғылыми жұмыспен шебер үйлестірді. Әртүрлі ғылыми, ғылыми әдістемелік және ғылыми тәжірибелік конференцияларға тұрақты түрде қатысып отырды, облыс тұрғындарына Ел Президентінің Жолдауларының негізгі мәселелерін түсіндіру насихаттау шараларына қатыстып жүрді.

Университетімізде қызмет еткен жылдары 101 ғылыми теориялық және ғылыми тәжірибелік мақала, 4 оқулық, бір іргелі монография, 35 әдістемелік нұсқаулық дайындап, жарыққа шығарды. Сондай-ақ, ол тәлімгерлік пен ғылыми кадрларды дайындауға көп көңіл бөлді. Орынкүл Байсеркеқызының жетекшілігімен диплом жұмыстарын жазған студенттер тек қана өте жақсы деген бағамен қорғап отыратын. Орынкүл Мамырбаеваның сіңірген еңбегі басшылардың назарынан тыс қалған емес.

Қызметтік міндеттерін мінсіз және адал орындағаны және жеке міндеттемелерді орындауда қол жеткізген табыстары, ғылыми практикалық конференцияларға қатысқаны, ғылыми жетістіктер көрмесін дайындауға, конференция жұмысына және мазмұнды баяндамаларды ұсынуға белсенді қатысқаны, зерттеулердегі жоғары көрсеткіштері, жоғары өндірістік көрсеткіштері, адал, белсенді және жемісті еңбегі үшін оған бірнеше рет алғыс жарияланды, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2015-2025 жылдар аралығында Алматы қаласына қоныс аударған Орынкүл Байсеркеқызы бұрынғы әріптестерімен үнемі байланыста болып, кафедраға жиі келіп жүрді. Оны әріптестері құрмет тұтып, сыйлайтын. Оның мұқтаж жандарға көмектесуге асығып тұратын жақсы мінезінде, мейірімділігінде, достарына деген адалдығында шек болмады. Бәріміз сыйлайтын, үлгі тұтқан әріптесіміздің арамыздан мәңгілікке кеткеніне қатты қайғылымыз. Орынкүл Байсеркеқызының жаны жәннатта, топырағы торқа болсын.

 

Сардарбек НАРМАТОВ

ардагер ұстаз,

Алтынай МОЛДАШЕВА

 М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті экономика ғылымдарының кандидаты

Ұқсас жаңалықтар