
Еліміздегі танымал заңгер Гүлмира Қарасайқызы былай дейді:
– Акция – белгілі бір компанияның сатылымға шыққан үлесі. Әуелі, одан құнды қағазды сатып аласыз. Брокерлік шот ашасыз. Осылайша, акционер атанасыз. Ескеретін жайт, акция құны компанияның кірісіне байланысты. Мәселен, депозитте сақтаған қаражатыңыздың сыйақысы ай сайын тұрақты түрде 10-15 пайызға артса, акция құны әртүрлі. Бірде 40 пайызға бірде тіпті 200 пайызға дейін өсуі мүмкін. Немесе керісінше құны құлдырайды. Сол үшін «сауатты» сауда жасау маңызды. Ақшам жоқ болса инвестицияны қалай жасаймын деген сұрақ туындайды. Менің айтарым сағыз шайнамай-ақ, темекі шекпей, энергетик сусын, кофе ішпей-ақ ірі банктің бірі «Халық банктің» акциясын екі дана акциясын 1 мың теңгеге алуға болады. Акцияларды көп алсаңыз өзіңізге жақсы, – дейді ол.
Тақырыпқа тұздық болсын. Осы заңгер тойға барғанша, оған ақша шашқанша сол ақшаға акция сатып алып, өсімінен пайда тап деп жүр. Яғни, инвестор бол дейді. Жәрдемақы алып отырған декреттегі ана да аз ақшамен инвестиция жасай алады деп сендіреді. Тәуекелге бел буған жас акционердің бірі Жансая Сапарбай – 22 жаста. Әуелі отандық банктен акция сатып алған. Кейін америкалық компаниялардың құнды қағаздарына қызығады. 3 жылдан бергі табысы әжептәуір. Қазір 40 миллионнан астам теңгесі айналымда жүр.
«Бұл Қазақстанда мүлдем дамымаған сала. Қазір үшінші жыл. Табыс көзін алып келетін салама айналды. Қарапайым адам ең бірінші білім алғаны жөн. Менің өзім мыңға жуық адаммен жұмыс істедім. Көпшілігі алданып қалып жатады», – дейді ол.
Құнды қағаздар сатылымға шығарылып жатқанымен, қазақстандықтардың акция сатып алуға деген қызығушылығы төмен екен. Акционерлер мен қаржы саласының мамандары осылай деп отыр. Шетелдіктер үшін құнды қағазды сатып алу дағдыға айналса, бізде бұл әлі де таңсық сала. Ал акционерлерді көбейту, ел экономикасын көтерудің бір тетігі. Акционер атану үшін нені білу керек? Акциялардың бағасы әртүрлі. Құнды қағаздар құны 100 теңгеден бастап 10 мың теңге аралығында.
Мамандар бастапқыда орташа есеппен он мың теңгеге сатып алған жөн дейді. Акционер атану үшін әуелі сатып алушы мен сататын компания арасындағы делдал яғни, брокерлік компанияны дұрыс таңдау керек. Өйткені алаяқтар көп. Келесі қадам, акцияларын сатылымға шығарған компанияның бүгіні мен болашағын әбден зерттеу қажет. Қазақстандықтар үшін шетелдік компания акцияларын алуға еш шектеу жоқ.
Қазірдің өзінде отандық акционерлер 52 елдегі ең танымал компания акцияларын сатып алып, пайдасын көріп келеді. Инвестор кім дегенде ойымызға ірі, ауқатты бай адам елестейді. Жасырын емес, жарқ-жұрқ етіп елде жоқ киім киген, яхтасы мен ұшағы бар маң-маң басқан адам шығар дейміз. Бірақ біз қателесеміз.
Инвестор – кейде дым пайда көрмей тиын санап қалатын, кейде ақшасы асып тасып жататын кәсіпкер немесе қарапайым адам. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде. Айырмашылығы ол ақшасын тауарға, тауарды ақшаға айналдыра алады. Тәуекелге бел бууға қорықпайды. Ойға алған ісін 72 сағаттың ішінде жүзеге асырады. Ал енді біздегі инвесторлар қайда инвестиция жасап жүр? Соны білейік.
– Инвестициялау – бұл сіздің ресурстарыңызды капиталды ұлғайту мақсатында пайдалану. Инвестициялау негіздерін үйрену арқылы сіз ақша табуды бастай аласыз, бірақ қаржылық еркіндікке апаратын жолдың басында жиі кездесетін қателіктерден аулақ болғаныңыз жөн. Инвестор болу үшін брокерден – нарыққа кәсіби қатысушыдан шот ашу немесе әр түрлі активтер қоржыны болып табылатын пай қорларының пайларын сатып алу қажет. Брокерде шот ашқан жағдайда инвестор қаржы активтерін белсенді түрде сатумен өз бетінше айналысады. Пайларды сатып алу кезінде инвестор басқарушы компанияға өз ақшасын береді және одан әрі инвестициялық шешімдерді басқарушы компания қабылдайды. Брокерлік қызмет көрсететін компаниялардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қатаң реттеледі, – дейді қаржы маманы Айсана Тымбаева.
«Қолыма қарға саңғығанда», «байығанда инвестиция жасаймын» деу қателік. Сосын инвестицияны жаңа бастағандар 100 мың салып тез арада 400 мың қылып алғысы келеді. Бұлай асықпаған жөн. Бұл үлкен қателік. Сондықтан ұзақ мерзімді инвестиция жасау керек. Қазақтарға инвестиция бейтаныс дегенімізбен, бұл жаңа замандағы ақшаны көбейтудің жаңа тәсілі ғой. Ата-бабамыз инвестицияны бұрыннан білген. Tesla, Apple компанияларының акцияларын алуды білмесе де олар бұзаулы сиыр сатып алып, оны өсіріп, мал басын көбейтіп, құрт-майын алған. Өсім де көрген, үстінен дивидент те тапқан. Яғни, қазаққа инвестиция жат емес.
– Мысалы, Джобстың акцияларын қымбат санайтындар үшін оның баламалы нұсқалары барын еске саламыз. Бүгінде акцияларын 10 050 теңгеге, бар-жоғы 164 теңгеге сатып алуға болатын компаниялар да бар. Бұл бір шыны кофе бағасынан да арзан. Қазақстандықтар өздері білмесе де белгілі бір деңгейде инвестор екенін атап өту керек. Экономикалық белсенді халық, яғни жұмыс істеп, ақшасын өзінде ұстамай, БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдерін жасайтындарды инвестиция салып жатыр деуге болады. Сондықтан әр қазақстандық – инвестор деп айта аламыз», – дейді Гүлмира Қарасай.
Маманның пайымдауынша, банк картасын ашу қалай оңай болса, қазір брокерлік шотты ашу да тура сондай оңай жұмысқа айналды. Ал акция сатып алу, онлайн дүкенде тауар сатып алғанмен бірдей. Кез келген адам үйінен ешқайда шықпай-ақ, брокерлік компания қолданбасын жүктеп, тіркеуден өтіп, инвестор атана алады. Оған бар-жоғы 5 минут уақыт кетеді. Енді акция сатып алу үшін тіпті брокерге қоңырау шалудың қажеті жоқ. Осы іспен шұғылданатын инвестициялық банктер мен компаниялардың ұялы қосымшасын жүктеп алса жеткілікті, сол арқылы екі-үш рет түртіп, жаһандық кез келген алпауыттың акцияларын сатып алуға болады.
Бұған қоса, қазақстандықтарға енді үйден шықпай-ақ NYSE/NASDAQ, London Stock Exchange, MCX, SPB Exchange, HKEX, Frankfurt Stock Exchange сияқты әлемдік қор биржаларында акциялар саудасына қатысуға мүмкіндік туды. Бұған дейін құнды қағаз сатып алу күрделі болды. Алдымен брокерге хабарласып, брокерлік шот ашу қажет еді. Содан кейін компьютер-ноутбугыңызға платформаны орнатып, сертификаттарды жүктеп, логин мен пароль енгізіп, қаптаған рәсімдерден өту қажет болатын.
Apple, Facebook, Google, Тесла секілді әлемдік алпауыттардың акцияларын сатып алып қойсаңыз, бірер жылдан соң олардың құны жүздеген мың долларға қымбаттайды. Тіпті бір бөлігін мұраға қалдыруға болады.
Әлеуметтік желілерде акциялар саудасын жарнамалап жүрген қазақстандық блогерлер бар. Олар көбіне алпауыт компаниялардың құнды қағазын сатып алғанын көрсетіп, мақтанады. Осыған қызыққан жандар еш дайындықсыз биржаға асығады. Бірақ биржа жаққа аяқ баспас бұрын ең құрығанда құнды қағаздар саудасының әліппесімен танысып алатындар аз. Яғни, қаржылық сауатыңызды арттыру қажет. Ал оларды сертификатталған мықты трейдерлер кейде қарапайым халықты алдап соғып жатқандары да бар.
Қорыта айтқанда, біз акция сатып алу ісін табыссыз һәм қажетсіз дүние дегіміз келмейді. Тек оған да іскерлік керек екенін ескерген абзал.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді