
Осыдан кейін біз №124 үй тұрғындарының не үшін бұған қарсы екендіктерін біліп, мән-жайды анықтамақ болдық. Шын мәнінде, әкімдік тозығы жеткен үйлерді әрлеп, сәндеп беремін десе, оның несі сөкет? 2 Сөйтсек, мәселе – әкімдіктің сәулет сызбасына сәйкес, тұрғын үйлерге тарихи келбет беру мақсатында олардың балкондары сүріліп, орнына шамамен адамның белінен келетін темірден жасалатын толық ашық самалдық орнатпақшы болғанында екен.
Абай көшесіндегі облыстық әкімдікке қарама қарсы тұрған №132 үй тұрғыны Татьяна Аликулованың айтуынша, болашақта жаңа балконға не затыңды қоя алмайсың, не жуылған киімдеріңді жая алмайсың. Өйткені ол қаланың көркін бұзады екен. Негізі дамыған мемлекеттерде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Яғни қала көрінісін бұзбау мақсатында туристер көп жүретін көше тұрғындарына балконға кір-қоңын жаюға тыйым салынған, тіпті заңға бағынбағандарға айыппұл да қарастырылған. Бірақ біз мұндай өзгеріске дайынбыз ба?
Мәселен, аты аталған үйдің 2 қабатында тұратын Татьяна Аликулова өз үйінің қауіпсіздігіне алаңдаулы. Оған себеп те жоқ емес екен. Себебі бұл тұрғын үйдің бірінші қабатында түрлі сауда үйлері орналасқандықтан, ұры еш кедергісіз сол дүкен шатыры арқылы 2-қабатқа кіре алады. Ал Қазыбек би көшесі 120 үйдің тұрғыны Маржан Ақматованың айтуынша, өзінен басқа көршілерінің бәрі желден, жауыннан қорғану мақсатында балкондарын пластикпен қаптатып алған. Бұрынырақ жасатқандары қалтасынан 200 мың теңге шамасында қаржы шығарса, былтыр жасатқандары 500 мың теңгенің айналасында шығындалған.
Енді қалаға бірыңғай сәулет беру мақсатында тұрғындардың өз бетінше жасаған пластикпен қоршалған балкондары толықтай сүрілмек. Тұрғындардың шамына тигені – біріншіден ақшаға келген дүниесі бұзылып, қоқысқа айналмақ, екіншіден жаңа балкондардың сапасына да күмәнмен қарайды. Осы мәселеге қандай да бір жауап алу мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Сұлтанмахмұт Өтешовке хабарластық.
Сұлтанмахмұт Әмірұлының айтуынша, Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беру үшін Қазыбек би көшесіндегі №103, №120 үйлердің және Абай даңғылының №130, №132 үйлердің шатыры мен қасбетін күрделі жөндеу жұмыстары сараптамадан өткен. Бұл құрылыс жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 17-бапқа сәйкес және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес 40-бап бойынша тұрғындардың үйге өз бетінше құрылыс және сәулеттік келбетін өзгерту заңға қайшы екен. Яғни бұл пәтер иелерінің балкондарды қайта жабдықтауы көршілер мен сәулет және қала құрылысы мекемелерінің келісімінсіз жүргізілгені анықталған.
Биыл Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік көрініс беру үшін 16 көппәтерлі тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттерін күрделі жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде жоғарыда аты аталған 4 үйдің тарихи келбетін сақтап қалу мақсатында ашық балкондар орнатылмақшы. Тұрғындардың ашуына тигені де сол.
«Неге біз үйлерді жаңалау кезінде балконсыз қалуымыз керек? Бізге де Төле би көшесінің бойындағы үйлердегідей заманауи үлгідегі сәулет құрылысын неге істемеске?», – дейді олар.
Ал Сұлтанмахмұт Әмірұлы әкімдік құрылыс жұмыстарын заң аясында жүргізіп жатқандығын алға тартып, бұл шешім комиссия арқылы қабылданғандығын айтты. Сондай-ақ балкон адамдарға таза ауа жұту үшін ғана қарастырылған, оны өздігінше қоршап алу мен ол жерде артық заттар сақтауға заң бойынша тыйым салынғандықтан, алдағы уақытта өзге де үйлерді тексеру жұмыстары жүргізілмек. Олай болған жағдайда, көпқабатты үйде тұратын пәтер иелерінің 70 пайызы айыппұлдың астында қалатын түрі бар. Өйткені балконын қоршап, оны кішігірім қойма есебінде пайдалануды әдетке айналдырған пәтер иелері көп.
Қалай ойлайсыз, бұл үйлердің шатыры мен қасбетін өзгертуді жоспарлаған жауапты мамандар пәтер иелерімен санасуы керек пе? Әлде тұрғындардың пікірлерін ысырып қойып, заң бойынша әрекет ете беруі керек пе? Қалай айтсақ та, Тараз қаласының әкімдігінің арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, екі жақтың да көңілін табатын іскерлік қасиеті осы кезде сынға түскелі тұрғандай...
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды
- 19 тамыз, 2025
Желілік бизнес жетістікке жеткізе ме?
- 17 тамыз, 2025
Ақпарат
Қоғамдық көлік: саны да сапасы да артып келеді
- 17 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді