«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек адамына деген көзқарас өзгермейді

Еңбек адамына деген көзқарас өзгермейді
Ашық дереккөз
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысында кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау, қаржыны игеру, жазғы сауықтыру шараларын жоспарлау мен басқа да ұйымдастыру шаралары бойынша мәселелер қаралды. Алқа отырысын Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, күн тәртібімен таныстырды. Күн тәртібіне шығарылған әрбір сұрақ жеке-жеке қаралып, талқыланды.

Әуелі жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымының аппарат жетекшісі Бейбіт Бекназаров Астана қаласында салалық кәсіподақ қозғалысының 100 жылдығына орай өткізілген «Ғасырлық тәжірибе: тарихтан тағылым – болашаққа бағдар» халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясында қабылданған шешімдер мен тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, конференцияға өңірден 7 делегат қатысып, келелі жиынның маңызды шешімдерінің қабылдануына куә болған.

Бүгінгі күні Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл және Білім және ғылым салалық кәсіподағына 100 жыл толып отырғанына тоқталған Ерұлан Мағзымбеков кәсіподақта өзгермеген нәрсе, ол – Еңбек адамына деген көзқарас екенін атап өтті.

«Өткен тарих кәсіподақтың өміршеңдігі мәңгі екенін көрсетті. Біздің міндет – сала өкілдерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, яғни қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етіп, лайықты жалақы алуына мүмкіндік жасау», – деді Ерұлан Сәбенұлы.

Осыдан кейін сөз Жергілікті кәсіподақтың облыстық аппаратының бас маманы Сандуғаш Шымырқұловаға берілді. Ол жуырда өткен «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты білім және ғылым қызметкерлерінің ІХ облыстық кәсіподақтық спартакиадасының қорытындысы туралы баяндады. Баяндамашы іс-шараның ұйымдастырылу барысына талдау жасап, кейбір сәттерге ерекше тоқталды.

Бұдан кейін Қордай аудандық комитетінің кәсіподақтық мүшелік жарна жинау мен жұмсау, қаржылық тәртіп және есептілікті ұйымдастыру жұмысы туралы облыстық ұйымның бас есепшісі Гулия Акимбаева айтып өтті. Ал кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерінің сауықтыру жоспарымен «Тараз-Профсоюз-Турист» серіктестігі директоры Ақжүніс Құрмашева таныстырып, дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, биыл шипажайлар мен емдеу-сауықтыру орындарына 2300 сала өкілі – кәсіподақ мүшесіне кәсіподақтық жолдамасы берілген. Ал жыл басынан бері «Түркістан – тарихи Астана» және «Ташкент-Самарқанд» бағыты бойынша 1000-нан аса жолдама игерілген.

Алдағы жаз маусымында Алакөл жағалауында 500-ден аса, ал Ыстықкөлге 1100 сала өкілі мен олардың отбасы мүшесін сауықтырумен қамту жоспарланған. Сондай-ақ жиында жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков пен құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Джолшибекова қаржылық талдаулар мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау бойынша атқарылған жұмыстарға тереңірек тоқталып, кеңірек талқылады. Барлық қаралған мәселелер бойынша Қаулы қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар