«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ералы Тұңғыш: «Ұлттық құрамада ойнау — негізгі арманым»

Ералы Тұңғыш: «Ұлттық құрамада ойнау — негізгі арманым»
Автор
Freedom QJ League — жас футболшылар үшін өзін көрсетуге, дамуға және кәсіби деңгейге өтуге берілетін үлкен мүмкіндік алаңы. Сол лиганың қатысушысы – «Тараз»-U18 командасының жарқын өкілі Ералы Тұңғыш өз ойын өрнегімен ғана емес, еңбекқорлығымен де көзге түсіп жүр. Футбол орталығында тәлім алып, үлкен футболға қадам басып келе жатқан жас ойыншымен арнайы сұқбат құрған едік.

– Ералы, алдымен жанкүйерлерге өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз.
–Мен Ералы Тұңғыш, 2008 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. Қазір «Тараз»-U18 командасында шабуылшы позициясында ойнаймын. Футболға бала кезімнен әуес болдым, 8 жасымнан бастап футбол орталғында жаттығамын.

Осы маусым сіз үшін қалай өтіп жатыр?
–Маусым өте тартысты басталды. Қазір Freedom QJ – Жасөспірімдер лигасында алты матч өткізіп үлгердік. Жеке өзім үшін де, команда үшін де әр ойын – үлкен тәжірибе. Гол соғып, командаластарға көмектесу – менің міндетім.

–Шабуылшы ретінде өзіңіздің ең мықты қырыңыз қандай деп есептейсіз?
–Менің ойымша, жылдамдық пен позицияны дұрыс таңдау – негізгі күшім. Ұрымтал сәттерді голға айналдыру – шабуылшының басты міндеті.

–Жаттығу процесі туралы айтып берсеңіз. Қай аспектілерге ерекше көңіл бөлесіз?
–Жаттығуларда техника мен тактика қатар дамытылады. Жеке өзім допты өңдеу, дриблинг және соңғы соққы жасау бойынша көп жұмыс істеймін. Жылдам шешім қабылдау мен физикалық дайындыққа да баса назар аударамыз.

–Болашақта қандай мақсаттарыңыз бар?
–Алдағы мақсатым – негізгі құрамға іліну, одан соң, Еуропаның мықты чемпионатында ойнау. Ұлттық құрамаға шақырту алу – арманым. Ол үшін күн сайын еңбек етуге дайынмын.

–Жанкүйерлерге не айтасыз?
–Бізді қолдап отырған барша жанкүйерге алғысым шексіз. Әрбір қолдау – біз үшін үлкен мотивация. Болашақта негізгі құрамда ойнап, туған қалам Тараздың атын шығару – басты арманым.

Саламат ДУЛАТОВ,

Тараз қаласы. 

Ұқсас жаңалықтар