«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыз әдебиеті – архивте қалған мұра, ал тарих – тест үшін ғана керек пе?

Ауыз әдебиеті – архивте қалған мұра, ал тарих – тест үшін ғана керек пе?
Ашық дереккөз
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы сөз қадірін біліп, салт-дәстүрін ардақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұрпақ тәрбиесінің өзегін ұлттық құндылықтармен суарып келді. Бірақ бүгінгі таңда осы рухани мұраның қадірі ұмытылып, жас ұрпақтың санасы өзгере бастады. Цифрлы заман, жаһандану мен ақпарат тасқыны ұлт келбетін қайда сүйреп барады?

Бүгінгі күн – ертеңгі ұрпақтың іргетасы. Ал сол іргетастың мықтылығы – біз ұлықтай алған ұлттық құндылықтарда. Салт-дәстүр, тіл мен әдебиет,Отанға деген құрмет, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық – бұлар жай ғана ескі сарын емес, қазақ ұлтының жан дүниесі. Күн сайын өзгеріп, қарыштап дамып жатқан әлемде қазақ болып қалу – ұстаным. Бұл ұстаным – тек киіз үй мен шапаннан тұрмайды. Ол – жүректегі қазақылық, ойдағы тектілік, болашаққа жалғанған тамырда жатыр.

Қазіргі технология қарыштап дамыған заманда қазақ қоғамы өзгеріп, жаңару үстінде. Бұл өзгерістің алдыңғы шебінде – жаңа ұрпақ тұр. Олар – цифрлық дәуірдің балалары. Сәби кезінен телефон ұстаған, жасөспірім кезінен TikTok пен YouTube арқылы дүниетанымын қалыптастырған буын. Иә,мұндай оқиғалар – қазіргі қоғамның шынайы көрінісі. Қазіргі қазақ жастары – білімді, заман талабына бейім, тіл табысуға қабілетті.

Алайда осы қасиеттерімен қатар, олардың ұлттық болмыстан алыстап бара жатқаны да жасырын емес. Олардың сөз қолданысынан бастап киіну мәнері, өнер талғамы мен рухани бағыты еуропалық және шығыстық мәдениеттердің тоғысында жүр. Кейбір жастар наурыз мерекесінен гөрі Хэллоуинді қызығырақ көрсе, өзгелері домбыраның үнін емес, рэп пен поп жанрын артық санайды. Бұған әрине, тек жастарды кінәлау жеткіліксіз – бұл жалпы қоғамның идеологиялық әлсіздігінен туындап отыр. Үйдегі тәрбие әлсіреп бара жатыр. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Себебі әрбір ата ана баласының болашағы үшін еңбек етіп жүр.

Баласының қатарынан қалмауын ойлап, материалдық қамсыздандыруды басты орынға қойған. Бірақ рухани дүниесі кенжелеп қалған бала – болашақта ұлтқа емес, тек өзіне ғана қызмет ететін тұлғаға айналуы мүмкін. Бүгінгі ата-ана «Балам қатарынан қалмасын» деп емес, «кім болып өседі, қандай тұлға болып қалыптасады?» деп ойланатын кезі келді. Себебі ұлттық құндылық – жейтін нан емес, бірақ өмірлік жолды нықтайтын тұғыр. Ал сол тұғырдың іргетасы отбасында қаланбаса, оны мектеп те, қоғам да толығымен толықтыра алмайды.

Жастардың шет тілін еркін меңгеруі – заманауи талап. Бұл мақтануға тұрарлық жетістік. Бірақ ана тілінде сөйлеуге ұялатын, әдебиет сөзін «ескі» деп қабылдайтын, тарихты үстірт қана білетін ұрпақ қалыптасып келе жатқаны – қоғамда мақтан емес, қасіретке айналды. Көшеде, университетте, тіпті мемлекеттік мекемеде қазақ жастары өзара шүлдірлесе сөйлесіп тұрады.

Ағылшынша сөйлегенін жетістік санайды, қазақша сөйлегенде «ауылдан келгендей» әсер қалдырамын деп қысылады. Бұл – тілге емес, ұлттық болмысқа деген менсінбеудің белгісі. Ең сорақысы – қазақша сөйлегенді ұят көріп, өзге тілде сөйлегенді абырой көретін жас ұрпақ қалыптасып келе жатқаны жүректі қынжылтары анық.

Ауыз әдебиеті – архивте қалған мұра, тарих – тест үшін ғана керек, ал нағыз құндылық TikTok-тағы тренд пен Instagram-дағы лайк сияқты болып қалды. Әдебиеттің орнын тренд басты. Дана сөздің орнын жастар арасында кеңінен қолданылатын «сленг сөз» басты. Жастар хайпты біледі, бірақ халықты, ұлттық құндылықты білмейді. Бұл – ақпараттан артық, танымнан жұтаң ұрпақтың бейнесі.

Осы орайда ойға бір сұрақ келері анық. Кінә кімде? Бірі – қоғамнан көреді. Екіншісі – білім жүйесінен. Үшіншісі – отбасынан. Бірақ шындық – бәрімізде. Қазіргі қоғамда бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың көбі жас буынға материалдық мүмкіндіктерді жасап берді, бірақ рухани іргетасын бекіте алмады. Осындай жайлылықта бала тойып өсті, бірақ ойсыз өсті. Қазақ болу – тек ұлтты айтып мақтану емес, қазақша ойлау, қазақша сезіну, қазақша сөйлеу.

Егер болашақ ұрпағымыз өз тілінен, әдебиетінен, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарынан алыстаса, біз болашаққа қазақ болып жетеміз деп сену – бос үміт. Мен өзге тілде сөйлемесін демеймін. Сөйлесін, үйренсін, дамысын, білсін. Бірақ өз ана тілінің қадірін білмей, тек шет тілін ғана жақсы меңгеру – бұл шынайы жетістік емес, керісінше ұлтынан алыстап, рухани тамырынан қол үзудің анық айғағы . Ұлттың негізі – тіл. Сондықтан әр отбасыда бала ең алдымен қазақ болып сөйлеуді үйренуі керек. Тіл – қанмен берілген қасиет. Сол қасиетті қор етпей, қадіріне жету – әрбір ата-ананың, әрбір ұлтжанды азаматтың борышына айналуы тиіс.

 

Нұрсұлтан НҰРХОЖАЕВ

М.Х.Дулати атандағы Тараз университетінің 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар