Жақсылық іс қайда болса, жақсы атақ та сонда

Электорат қай уақытта да аумақтағы қайырымдылығы, ізгілікті істері және азаматтық белсенділігі мен ұстанымы тұрғысынан жұртшылықтың ризашылығына бөленіп, көңілінен шығып жүрген халықтың қалаулы ұл-қыздарына қолдау көрсетіп, өкілді органдарға депутат етіп сайлайды. Міне, сондай сайлаушылардың сенім артып, аманаттарын арқалау бізге үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Мен де жылқы жылында өзіме сенім артқан халықтың үмітін ақтау жолында аянбай еңбек еттім. Мәселен, түрлі әлеуметтік мәні бар бағдарламалардағы іс-шаралар ауқымының жүзеге асырылуына қолдау көрсетуге, облыста Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралардың толық көлемде орындалуына ықпал етуге, зейнеткерлерді, мүгедектерді, көпбалалы отбасыларын әлеуметтік жағынан қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру ісіне үлес қосуға, ана мен бала денсаулығын сақтау механизмін дамытуға атсалыстым.

Сондай-ақ, өзімнің сайлау алдындағы бағдарламама сәйкес сайлау округіндегі барлық тұрғындарды алдын ала медициналық тексеруден ақысыз өткізуді қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен көше аяқжолдарын қайта жаңарту мен жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлдіру, облыс орталығын көріктендіру, аулалар мен көшелерді гүлдендіріп-абаттандыру, түнгі жарық беру шамдарын орнату, санитарлық жағдайды түзету бойынша өкілетті органдардың алдында мәселе көтеріп отыру ісін де үнемі басты назарда ұстап келемін. Бұдан өзге үстіміздегі жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында әрқилы мәселелермен өзіме қайырылған 55 сайлаушының көтерген мәселесінің де толық шешімін табуына үлкен жауапкершілікпен атсалыстым.
Сайлаушыларымның ризашылығына бөленіп, ыстық ықыласына кенелу үшін түрлі қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырдым. Нақтырақ айтсам, «1 маусым — Балаларды қорғау күні» қарсаңында бесінші рет қолға алынған «Қалауың орындалады» акциясы аясында облыстағы аз қамтылынған отбасынан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларға, ата-анасыз жетімдерге қайырымдылық сыйлықтарын бергізуге ұйытқы болдым. Аз қамтылған 165 отбасына азық-түлік пакеттерін тапсырдық. Сонымен қатар үстіміздегі жаңа оқу жылында он баланы бастан-аяқ киіндіріп, оқулықтармен және басқа да қажеттіліктермен қамтыдық. Дана халқымыз «Жақсылық іс қайда болса, жақсы атақ та сонда» дейді. Халық айтса, қалт айтпайтындығы белгілі. Мен депутат ретінде бір игілікті іс атқарсам, өзіме үміт жүктеген сайлаушыларымның сенім үдесінен шыққаным деп санаймын. Жылқы жылы еліміз үшін табысты да айрықша жыл болды. Келер қой жылынан да сондай береке, бірлік, тынымсыз тірлік, мамыражай шуақты күн күтеміз!

Гүлдара Нұрымова,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/