Ардың ақыны

Елімізге есімі кеңінен танымал сатирик ақын Шона Смаханұлы – қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында ақын атындағы көше бар. Елімізде бірнеше мектеп Ш.Смаханұлының есімімен аталады. Солардың бірі – облыс орталығындағы №44 орта мектеп.
Аталған мектепте сатириктің 95 жылдығына орай «Шоқ тілді Шонаның қоғамдағы орны» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Шонатанушы, облыстық «Аq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Ерман Әбдиев ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде ақынның 90 жылдығында Ш.Смаханұлы жайлы 30 минуттық деректі фильм түсіруге атсалысқанын, енді ақынның 100 жылдығына орай фотоальбом және Шөкеңнің сөзіне жазылған 100 ән бойынша концерт беру көзделіп отырғанын айтып өтті. Шона ақынның жас кезінде үстел теннисінен чемпион болғандығы да айтылды. Медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков Шонаның азаматтық тұлғасын сөз етіп, сол кездегі астанамыз Алматыда қазақ мектептерінің көптеп ашылуына үлес қосқанын ерекше толғаныспен жеткізсе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ әйгілі сатириктің шығармашылығына кеңінен тоқталды. Тіпті Шонаның: «Дүние буға айналса, ақша суға, адам қуға айналады» немесе «Өспеуіме жолбарыс кінәлі деп, мысық байқұс жылады кеп…» деген өлең жолдарын жатқа оқып, оқушылар алдында талдап берді.
Мұнан соң мектеп оқушылары – Ақан Аралбек, Бибігүл Балтабаева, Бақдәулет Садық қонақтарға түрлі сауалдар қойса, Әсел Шаяхметова оқушылар атынан келген кісілерге сыйлық ұсынды. Жиынды аталған орта мектеп директоры Баймұрат Жақсыбеков қорытындылап, Шона Смаханұлының 95 жылдығына орай мектепте арнайы айлық өтіп жатқанын жеткізіп, бастауыш сынып оқушылары да ақын өлеңдерін жатқа білетінін айтып, кеш қонақтарына алғысын білдірді.
Аталған мектептегі Шона Смаханұлының 95 жылдығына арналған бір айлық іс-шаралар «ШОНА – АРДЫҢ АҚЫНЫ» деген тақырыппен түйінделіп, мектеп ұжымының, ұстаздар мен оқушылардың ізденісі қуантты. Мектеп оқушылары ақын аталарының шығармаларын жатқа айтып қана қоймай тіпті, еліктеп жыр да, сықақ та жазды. Оқушылар ақын шығармаларын оқып, көріністер қойды. Ақынның өлеңіне жазылған әндер шырқалды. Бәрі тамаша, бәрі керемет! Ал осы істің басында жүрген мектеп директоры Баймұрат Жақсыбековтің еңбегін де ерекше атап өтуге болады. Алғаш екі тілде білім беретін мектептің толық қазақ тілді мектепке айналуына мұрындық болып, 1991 жылы Шона Смаханұлының атын алып беруге тер төккен, аталған мектепті 20 жыл басқарған ардагер-ұстаз Гүлсім Нұржанованың да сөзі әсерлі шықты. Бұл кеште тапқан бір жаңалығымыз – уақытында Шона Смаханұлы өзі жанында ертіп жүріп, талай жерде ән салдырған (балдызы) Қаракөз Әуелбекованы кездестіруіміз болды. Ақынның 95 жылдық тойына сонау Меркі жерінен келіпті. Қолына домбырасын алып «Анамның тілі» әнін шырқап берді.
Кеште Шона ақынның өлеңіне әуен жазған композитор Әбиірбек Тінәлиевтің «Анамның тілі» әнін аталған мектептің 5-6-сынып оқушыларынан құралған хор (200 бала) орындап, жүректерді тербетті. Көзкөргендер естеліктер айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/