Тұңғыш президентке Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді

Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді.
Марапаттау рәсімі барысында Елбасы Цукуба университеті өзінің терең тарихымен танымал әлемдік деңгейдегі білім беру және зерттеу орталығы саналатындығын атап өтті.
– Цукуба – Нобель сыйлығының лауреаттары ең көп шыққан жапон университеттерінің қатарында. Сіздің университетіңіз қазақстандықтар арасында да үлкен сұранысқа ие, біздің 105 студентіміз Цукуба дипломын алды. Олардың көпшілігі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев берілген Құрметті доктор атағы бүкіл қазақстандықтарға деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.
– Өз тарапымнан Қазақстанда әрқашан білім беру мен жастар саясатын дамытуға үлкен мән бергенімді атап өткім келеді. Елімізде білім беру мәдениеті қоғамның ажырамас бөлігіне айналғаны бізді қуантады, – деді Елбасы.
Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті барлық қатысушыларды император Нарухитоның таққа отыруымен және Жапонияда «Рейва» дәуірінің басталуымен құттықтады.

* * *
Елбасы Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Синдзо Абэге император Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық және сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.
Синдзо Абэ Қазақстанның антиядролық бастамаларына және жаппай қырып-жою қаруының таратылуына қарсы қабылдаған шараларына қолдау білдірді.
Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен Жапонияның Премьер-Министрі Корей түбегіндегі жағдай туралы пікір алмасты. Аймақтағы және әлемдегі басқа да қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/