Жұмыс тобы қайта келуі ықтимал

         Өңірімізге «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және жинау мәселесі жөніндегі жұмыс тобы келген болатын. Партияның «Бақытты отбасы» атты жобасын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу, бала құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелер қызметін бағалау мақсатында келген кеңес өкілдері бұл сапарда қандай кемшіліктерді байқады, нендей қорытынды жасады, кімдер сынға ұшырады? Бұл сауалдардың жауабы «Nur Otan»-ның облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың қатысуымен өткен қорытынды жиында айтылды.

Алдын ала мәлім болғандай, көшпелі топ Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Қордай, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарын аралады. Дегенмен кеңес мүшелері күні бұрын белгіленген нысандардан бөлек, кейбір мекемелерді жоспардан тыс тексеріп шығыпты. Нәтижесінде көптеген кемшіліктер анықталған. Сынға іліккен ғимараттар жайын сараптамалық  топ өкілдері аталған басқосуда жайып салды.

Кеңейтілген жиын марапаттан басталды. Балаларды қорғау күні қарсаңында республика көлемінде «Біз бақытты ұрпақпыз» атты конкурс өткен еді. Сол байқауға қатысқан Тараз қаласы №45 гимназияның 3-сынып оқушысы Асылай Кенжалықызы «Ең үздік шығарма» аталымын  иеленді. Жеңімпазды «Nur Оtan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшесі Рысты Жұмабекова марапаттап, жылы лебізін білдірді.

Содан кейін мінбеге Жуалы, Сарысу мен Талас аудандарын зерделеген жұмыс тобының өкілі Мансия Исказина шықты. Барлығы 24 мекемені тексергенін жеткізген оның баяндамасынан көңіл көншітетін мәліметтерден гөрі орын алған олқылықтар жайын көп естідік.

Жуалы ауданындағы спорт мектебінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған

жаттығу залы үшінші қабатқа орналастырылған екен. Бұл жарымжан жандар үшін қиындық туғызатыны белгілі.

Сондай-ақ орта білім беретін мектептерде де кемшіліктер жоқ емес. Атап айтсақ, аудан орталығындағы мектеп асханасы сын көтермейді.  Бір ғана аспаз көмекшісіз істеп жатыр. Ас мәзірі мен тоңазытқыш та сын көтермеді. Одан бөлек, ас сақтайтын қоймаларының қабырғалары көгерген. Бір сөзбен айтсақ, 3 жыл бұрын ашылған мектептің бұл жағдайы жаға ұстатты, – деген ол атаулы әлеуметтік көмек алып отырған бір  отбасының тұрмыс-жайымен танысып қайтқандарын, олардың берілген мүмкіндікті оңынан пайдаланып отырғанын да сөз етті. Тексерудің екінші күні  жалғасқан Талас ауданында Қаратау қаласындағы  гуманитарлық колледжде кәмелетке жетпеген  2 қыздың жүкті екені анықталған. Олардың бірі заңды некеде болса, бірі некеде жоқ екен.

– Бұл мәселемен колледж басшысылығымен бірге, аудан әкімдігі жіті айналысуы қажет. Тағы бір айта кетерлігі – аталмыш колледжді тәмамдаған түлектердің 40  пайызы ғана жұмысқа орналаса алған. Бұл көрсеткіш жыл санап төмендеп жатқан көрінеді. Бұл мәселені жергілікті билік назарда ұстағаны абзал.

Ал   Сарысу ауданындағы Б.Қашқынбаев атындағы мектептің жанындағы интернат казармаға  ұқсайды, – деп оның себептерін айтып берді.

Сол сияқты келесі кезекте сөз алған ҚР ІІМ ювеналды полиция және әйелдерді

зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Құттыбаев та тексеріс тобы болған Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Шу аудандарында, ал ҚР Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Азамат Беркаиров Меркі, Қордай аудандарында анықталған кемшіліктерге тоқталды.

Мәселен, осындағы Шу ауданына қатысты айтылған сын-ескертпелер ішінде №30  балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің медпунктісі тар бөлмеде орналасқан. Орын тапшылығынан кушеткасы жоқ, кейбір дәрілерінің мерзімі өтіп кетіпті. Ал Шу гуманитарлық колледжінің басшылығы мен педагогтері, алдын ала ескертілсе де, дәл сол күні есеп беруге кетіп қалған. Ең қызығы – есік құлыппен емес, сыммен жабылған. Сондықтан болар, жоғары жағына әдіраспан ілініпті. Осындай олқылықтардың орны толмаса, аталған кеңестің өкілдері Шуға арнайы келетіндіктерін қадап айтты.

Сарапшы топ жұмысын қорытындылаған кеңес мүшесі, топ жетекшісі Рысты Жұмабекова Шу ауданының мәселесін облыс әкімдігі өз бақылауына алуы тиістігін, тексерілген мекемелердің барлығы бейнекамералармен толық қамтылуы керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ кешкі мектептерге кәмелеттік жасқа толмағандарды тіркеу мәселесін жіті зерделеп, ерте жүктілік фактісі бойынша алдыңғы қатарлардан саналатын облысымыздың жағдайына, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің де Заңға бағынып, ерте некенің алдын алу керектігін алға тартты. Ал мақтауға іліккен нысандардың бірі, тіпті басқаларға үлгі етуге болатын мекеме ретінде облыс әкімдігі білім басқармасының «Нұрғиса Тілендиев атындағы көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернаты» КММ аталып өтті.  Осы ретте айта кеткен жөн – жиын барысында алдағы уақытта ғимарат атауындағы «көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасы балаларына арналған» деген тіркес алынып тасталып,  «Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернат» болып өзгеретіндігі мәлім болды.

Аталған жиынды қорытқан Сұлушаш Сәтбекқызы жұмыс тобына айтылған сын-ескертпелер бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

 

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

https://4store.com.ua/