- Advertisement -

Келешек кілті – кемел білімде

276

- Advertisement -

Биылғы оқу жылында 5 жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді

Бірлесу-Еңбекте
жаңа білім ордасы

Жаңа білім ордасы – Бірлесу-Еңбек ауылының жас жеткіншектерінің арманы еді. Ал осы сәттің алғашқы қоңырау салтанатына тұспа-тұс келуі, тіпті оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келіп, балалардың қуанышын бөліскені оқушылардың шаттығын еселей түскені анық.
Бірлесу еңбек – Ақбастау ауылдық округіне қарасты елді мекендердің бірі. Осы ауылдағы 240 шаңырақтың түтінін түтетіп отырған 1341 тұрғын бар. Міне, осы мерейлі мекеннен 140 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. Ғимарат облыстық бюджеттің қаржысы есебінен бой көтерген.
– Әр оқу жылы оқушылардың мектеп табалдырығын аттауы және оқу жылын қалай табысты аяқтағанына байланысты ерекшеленеді. Бүгін осы жаңа ғимаратқа көшкен білім ошағына 27 бүлдіршін жаңадан 1-класқа келіп отыр. Осы күн, осы қуаныш балғындардың жүрегінде, көңілінде үнемі сақталып қалатын болады. Жас жетіншектер ата-анасы мен ұстаздардың үмітін ақтасын деп тілеймін!
Биыл облыста 9 мың шәкірт ұядан түлеп ұшса, оның 324-і «Алтын белгіге» бітіріп қуантты. Өткен жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» төсбелгісін алушылар саны 60-қа артқан. Түлектеріміз тапсырған Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытынды балы да биыл жоғары.
Биыл облыста білім саласына 130 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл өңірдің жалпы бюджетінің 33 пайызын құрайды. Соның арқасында аймақтағы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілді. Бүгін өңірімізде 5 мектеп ел игілігіне жаңадан беріліп отыр. Алдағы жылдары да мемлекет және облыс тарапынан білім саласына көрсетілетін қолдау шаралары толастамайды. Оның өтеуін ұстаздар жақсы білім берумен, оқушылар сапалы білім алып, жоғары көрсеткіштерге жетуімен ақтауы қажет. Жаңа мектептеріңіз құтты болсын! – деген облыс басшысы мектеп ұжымына соңғы үлгідегі теледидарды сыйға тартты.
Жаңа мектептің алқызыл лентасын облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен ауыл қариясы Қойшыбек Бердікеев қиды. Қария оқушыларға ақ тілегін айтып, өңір басшысына алғысын білдірді. Ақын Үміт Битенова жыр арнап, өлең оқыды.
Нұрлан Бердиев басқаратын тараздық «Әль-Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектеп ғимаратын 9 ай ішінде салып бітіпті. Енді оқушылар үлкен спорт залында жаттығып, мәжіліс залында ауқымды шараларды өткізе алады. Барлық жағдай жасалған оқу бөлмелері де кең. Әр бөлме заманауи жабдықтармен жасақталған. Қазіргі заман талабына сай робототехника сыныбы да бар. Мектеп директоры Нұргүл Әйтешева бұрынғы ғимараттың өте ескі, қолайсыз болғанын айтады. Енді зәулім жаңа мектепте 250 оқушы екі аусымда білім алмақ.
– Мектептің ескі ғимаратын да бос қалдырмаймыз. Жөндеуден өткізіп, балабақша ретінде пайдалануды көздеп отырмыз. Осы ауылда 3-4 жыл бұрын салынған жаңа медициналық пункт те бар. Ол жерде 5 адам жұмыс істейді. Ал жаңа мектеп ауылға үлкен тарту болды, – дейді Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеева.

18 отбасы
баспаналы болды

Елімізде, оның ішінде өңірімізде де қарапайым тұрғындар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп жатыр. Бұл орайда Аса ауылында да бірқатар игілікті істер жүзеге асырылуда. Былтыр аудан орталығындағы «Бәйтерек» тұрғын жай алқабы аумағында көп қабатты бір тұрғын үй облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа салынып, тұрғындар игілігіне берілгені белгілі. Ал биыл мұнда аудандық бюджет қаржысы есебінен 146 миллион теңгеге 18 пәтерлік тағы бір көп қабатты үй бой көтерді.
Аталған үйдің құрылыс жұмыстары аяқталуына байланысты өткізілген жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, жаңа пәтерге ие болғандардың қуанышына ортақтасты.
– Біз бүгін осы аудандағы Ақбастау ауылдық округіндегі жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатына қатыстық. Енді міне, сіздерде де үлкен қуаныш болып жатыр. Мереке қарсаңында Тараз қаласында да 9 көп қабатты үйді пайдалануға бердік. Мұндай игілікті істер еліміздің қуатты екенін, облыстағы мүмкіндіктің молая түскенін көрсетеді. Сіздерді жаңа пәтерлеріңізбен құттықтаймын! Жайлы, құтты қоныс болсын! – деді Асқар Исабекұлы.
Бұдан кейін бірқатар тұрғындарға өңір басшысы Асқар Мырзахметов пен аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пәтер кілттерін табыстады. Сондай қуанышқа кенелген жанның бірі – Ғайша Қыдыралиеваны сөзге тарттық. «Екі қызым бар. Үйдің кезегінде тұрғаныма біршама жыл болды. Өзім жалғызбасты анамын. Осыған дейін пәтер жалдап тұрдық. Енді жайлы баспанаға қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Облыс, аудан әкімдеріне рахмет. Қуаныштымын», – деді ол.
– Ауданда 600 отбасы пәтер кезегінде тұр. Бүгін 18 отбасы қуанышқа кенелді. Келесі жылы 4 көп қабатты үй саламыз деп отырмыз. Алдағы бес жыл ішінде пәтер кезегінде тұрғандарды толық баспанамен қамтуды жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар, – деді аудан әкімі Бақыт Қазанбасов.

Жамбыл ауданы.
МЕКТЕП ПЕН МУЗЕЙ – үлкен сый

Шалғай ауданның тұрғындары үшін жаңа оқу жылы жағымды жаңалықпен басталды. Жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсіміне арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтап, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі. Сонымен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтауын жеткізіп, мектеп ұжымына сый-сияпат жасады. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров пен ардагер ұстаз Сейітқасым Бекетайұлы мектептің ашылу салтанатына арналған лентаны қиса, құрылысты жүргізген мердігер компания өкілі Дана Әшімбекқызы символикалық кілтті мектеп директоры Айгүл Серікқызына салтанатты түрде табыс етті.
Шу қаласына қарасты Тоғай мөлтек ауданында бой көтерген білім ошағы 300 оқушыға арналған. Жобалық құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын білім нысанының құрылыс жұмыстарын «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, бір жылдың ішінде нысанды пайдалануға беріп отыр. Екі қабатты ғимаратта төрт оқу блогы, спорт зал, медициналық пункт және 104 адамға арналған асхана бар. Бұдан бөлек, мектеп маңында оқушыларға арналып спорт алаңшасы да салыныпты. Жаңа оқу жылында бұл мектепке сол аудандағы Т.Рысқұлов атындағы мектеп түгелдей көшірілген.
Осылайша, қатар келген екі мереке де шулықтарды қуанышқа кенелтті. Олай дейтініміз, Конституция күніне орай ауданда жаңа музей ашылған болатын. Нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Жарылқасын Айтақов сөз сөйлеп, мұражай жұмысына сәттілік тіледі.
Музейде меңгеруші мен кіші ғылыми қызметкер және бақылаушы қызметкер жұмыс істейді. Музейдің меңгерушісі Аида Берденованың айтуынша, қазір мұнда 4275 жәдігер бар. Олар археология, этнография, тарихи кезең, Шу өңірі және Тәуелсіз Қазақстан сынды бес бөлімге бөлініп, жеке-жеке орналастырылған. Тұрғындар археология бөліміне кіріп, орта ғасырға оймен сапар шексе, тарихи кезеңдер бөлмесінде Ауғанстан соғысына қатысты тың мәліметтермен таныса алады.

Шу ауданы.

Жалпақсаздағы жаңалық

Жалпақсаз ауылында 48 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Құрылыс ТЕД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Бақытжан Жақсылықов жетекшілік ететін серіктестік қызметкерлері нысанды жоспарланған мерзімінде аяқтап отыр. Жобаның жалпы құны – 338 миллион теңгені құрайды.
Шарада серіктестік басшысы мектеп меңгерушісі Гүлзина Сатылғановаға ғимараттың символикалық кілтін табыс етті. Жаңа ғимараттың лентасын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов және ақын Шырын Мамасерікова мен ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Сейдімбек Шәділбеков қиды.
Жалпақсаз ауылының балғындары бүгінге дейін апатты жағдайда тұрған, небәрі төрт класы бар шағын білім ошағында оқып келген. Енді олар сән-салтанаты келіскен жаңа ғимаратта білім алады. Мектептің кіреберісінде киім ілетін арнайы орын, оқу залы, кітапхана, кең әрі жарық оқу бөлмелері бар. Интерактивті кабинет, асхана, спорт зал және барлық талапқа сай жабдықталған компютер бөлмесі де ашылған. Сонымен қатар сан түрлі әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген мұғалімдер бөлмесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Ал аулада ойын алаңдары мен келушілерге арналған автотұрақ орын тепкен.

Т.Рысқұлов ауданы.

қазақ дихандағы салтанат

Бұрын осы ауылдағы біраз жоғары сыныптың оқушылары аудан орталығындағы мектептерге қатынап оқитын. Көрші ауылдағы Тілеміс батыр мектебіне кейде 1,5-2 шақырым жаяу жүріп баратындары да бар. Жалпы 9 ай бойы қатынап оқитын баланың саны 60-қа жуық. Әрі-бері сабылып әбігерге түскен жеткіншектер енді үй іргесіндегі су жаңа мектепте білім алатын болды.
Білім күні қарсаңында Ақтоған ауылдық округіне қарасты Қазақ Дихан ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, аудан әкімі Мейірхан Азатұлы, ауыл тұрғыны Есен ақсақал құттықтау сөз сөйлеп, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Мектеп замануи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жылу жүйесі орталықтандырылған «көгілдір отынға» қосылған. Асханасы да, еңселі спорт және мәжіліс залдары да, компьютерлік бөлме, ұл-қыздарға арналған шеберханалары да бар.
– Бүгін ауылымызда үлкен қуаныш. Заман талабына сай әдемі, еңселі мектеп ашылып отыр. Бұл Мемлекет басшысының тұрғындарға жасаған қамқорлығы деп білеміз. Осыған дейін елді мекенде тек бастауыш мектеп қана болған. Енді орта мектеп бар. Балаларымыз, немерелеріміз еш жаққа бармай осы жерде білім алатыны бізге әжептәуір жеңілдік. Ауылымыз кішкентай болса да, мектеп жасындағы 100-ден аса бала бар, жылдан-жылға көбейіп келеді, – дейді ауыл тұрғыны Есен Ниязбеков.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілханұлы мектеп ішін аралап, жағдайымен танысқан соң ұстаздарға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш жұмылдыру керектігін ескертті.

Меркі ауданы.

АҚШОЛАҚ тұрғындарының ҚУАНЫШы

Білім күні қарсаңында ақшолақтықтар айрықша қуанышқа кенелді. Себебі осыған дейін мектептің тарлығынан ауыл балалары бес жыл бойы үш ауысымда білім алып келген болатын. Енді олар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, мультимедиялық кабинеттер мен зертханалары бар зәулім ғимаратта оқиды. 120 балаға арналған білім ошағының құрылысын «Астана UP» ЖШС жүргізген. Құны – 585,4 миллион теңге.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Сұлушаш Сәтбекқызы жиналғандарды алдымен білім күнімен құттықтап, мектеп директорына облыс әкімінің арнайы сыйлығын табыстады. Сондай-ақ білім саласына бөлінетін қаржының жылдан-жылға артып отырғанын айтып өтті.
Мұнан соң сөз алған ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Қалман Бақтыбаев та облыс әкіміне алғысын айтып, мектеп табалдырығын аттаған балғындарға батасын берді.
Жиын соңында көпшілік жаңа ғимараттың ішін аралап, ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесі үшін жасалған игі шаралармен танысты.

Байзақ ауданы.
жаңа автокөліктер –
ел игілігіне

Конституция күні қарсаңында Тараздың орталық алаңында 39 санитарлық және 58 қоғамдық автокөлік ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Облыстық бюджет есебінен алынған 39 санитарлық көліктің 11-і Қордай, 9-ы Т. Рысқұлов, 6-уы Шу аудандарына жөнелтілсе, Жамбыл, Жуалы аудандарына – 3, Меркі, Мойынқұм, Сарысуға – 2, Талас ауданына 1 көліктен бұйырды.
Ал қоғамдық көліктердің 33-і «ӘулиеатаТрансПасс», 15-і «Тараз ТрансМоторс», 10-ы «Сапар Транс-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне беріліп отыр. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жиылғандарды мерекемен құттықтай келе, серіктестік басшыларына көлік кілттерін табыс етті.
Еркебұлан Әбілханұлы шарада сөйлеген сөзінде өңірдегі денсаулық сақтау саласының жай-күйіне тоқталып өтті. Жалпы былтыр осы салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде 29 нысан салынған болса, биыл облыс бойынша 65 денсаулық сақтау нысаны бой көтеруде. Оның барлығын жыл соңына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Сондай-ақ медициналық қызметті қолжетімді әрі сапалы ету үшін кадр тапшылығын жою бағытында нақты шаралар қолға алынған. Соның арқасында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жеті айда өңірге 37 жас маман келген. Ал өткен жылдың 1 шілдесінен бастап жедел жәрдем қызметі орталықтандырылып, «Жамбыл облыстық жедел жәрдем стансасы» болып өзгертілген. Былтыр 253 миллион теңгеге 27 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынып, бүгінде олар тұрғындардың игілігіне қызмет етуде.
Шарада сөз сөйлеген Тараз қаласы мен Байзақ ауданының Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Самиха Қоңырова атқарылып жатқан осы игі істерге ризашылығын білдіріп, облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Тараз қаласы.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы:
Есет ДОСАЛЫ,
Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
Ләззат СЕРІКБАЙ,
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА
және журналист
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support