- Advertisement -

Жамбылым қандай тамаша!

73

- Advertisement -

Тарихы тереңнен тамыр тартқан өңіріміздің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Мерейтой аясындағы мәдени шаралар легі басталып та кетті. Соның бірі «Жамбылым қандай тамаша!» тақырыбымен «Жеңіс» саябағында бастау алды.
Өңірдің сексен жылдық мерейтойы мен биылғы Жастар жылы аясында өткізілген шарада үш бірдей ауданның өнерпаздары сырлы әндермен жүректерді тербетті. Алдымен Байзақ ауданының әншілері әннен шашу шашты. Мерейтойға орай ұйымдастырылған ән кешінің шымылдығы Динара Диханбаеваның орындауындағы «Жасасын өмір!» атты ғажайып әнмен түрілді. Одан әрмен қарай Дулат Жасұзақов Аян Сейітовтің «Жаным», Әлжан Нұрлыбектің «Мендік сезім» әндерін, Әлібек Жолдасбек Бауыржан Есебаевтың «Сені ойлап» атты туындысын көпшілік назарына ұсынды. Бұдан кейін өзге де жүрекке жылы тиетін шығармалар орындалып, көрермен жүрегін тебірентті.
Концерт соңы Сая Махамбеттің әніне жазылған Динара Диханбаева, Әлібек Жолдасбек, Динара Сағымбаева мен Ғани Абуов және Мұхтар Мудрашовтың орындауындағы «Қазағым» әнімен түйінделді. Іс-шара соңы ашық аспан астындағы көңілді биге ұласты.
Кейіннен Жуалы ауданы өнерпаздары Тараз төріне атбасын бұрып, шаһарлық өнерсүйер қауымға «Жуалының тау самалы», «Елге сәлем», «Қазағым», «Елбасы» секілді әдемі әндерді тарту етті. Сондай-ақ бишілер мың бұрала би биледі. Сонымен қатар есімі елге етене таныс Жаңабаевтар əулеті де аталмыш шарада өнер көрсетті.
Соңыра Жамбыл ауданынан келген алымды, дарынды өнерпаздар концерттік бағдарламасын назарға ұсынды. Алдымен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз алып, қала тұрғындары мен қонақтарының құрметіне өңірге белгілі өнерпаздардың үш ай бойы көңілді кеш сыйлайтындығын айта отырып, шараға келген барша қонақтарға алғысын білдірді.
Мұнан соң Жамбыл ауданының әншілері сахнада өз өнерлерін көрсетті. Концерттік бағдарлама «Жыр-Думан» дуэтінің «Жамбылым» атты әсем әнімен басталды.
Сонымен қатар Тәңірберген Сейілғазы, Жақсылық Жандаралиев, Асыл Есенбаева мен Ерғара Жанеркенің орындауында «Айналайын», «Қалауым», «Қозы Көрпеш» әндері, «Әдемі-ай» дуэті шырқаған «Күлімде» «Әдемі-аймен бірге» әндері жүректерге жетті. «Аса сазы» би тобы «Араб», «Үнді» биін биледі.
Естеріңізге сала кетейік, облыстың 80 жылдығына орай және Жастар жылы аясында облыс аудандары мен Тараз қаласының өнерпаздары үш ай бойы өңір тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынады. Маусым айының 14-нен басталған шара аптаның жұма және сенбі күндері Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында қыркүйек айының 6-сына дейін жалғасын таппақ.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support