- Advertisement -

Қазақ осы күй шығарып, ән салып, Көкпар тартып, қыз қууға жаралған

175

- Advertisement -

Ер қанаты – ат

«Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған, сүйетұғын қазақ осы, қараңдар» деп қазақ әдебиетінің алыбы Қадыр Мырза-Әлі өз өлеңінде ұлтымыздың ер қанаты атты жанындай жақсы көретінін дәл сипаттай білген. Сол сәйгүлікке жаны құмар жандар бір апта бойы Бектөбедегі атшабарға ағылды. Олар ат үстінде арбасқан алыптардың белдесуін, тақымдағы серкені жұла тартқан көкпаршылардың тартысты ойынын, құралайды көзге атқан мергендердің жамбы ату жарысын, теңге ілуде ептілік танытқан жампоздардың жанкештілігін көздерімен көріп, қиқулап отырды. Қысқасы, спорттың төрт түрінен өткен ел біріншілігінде 15 өңірдің құрамалары бақ сынады. Қазақстан чемпионатында жамбылдықтар да ауыз толтырып айтарлықтай жеңістерге қол жеткізді.

Сом білек, жаужүрек
жігіттер бәсекесі

Аударыспақтан өткен жарыста 5 салмақ дәрежесі бойынша 60 балуан сынға түсіп, тартысқа толы белдесулерде кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Аударыспақтан өткен аламанда біздің облыстың үміткерлері бір алтын, бір күміс, бір қола жүлдені қоржынымызға салды. 80 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан сом білекті сайыпқыранымыз Нұржігіт Әмзеев өзінің нағыз бабында екенін көрсетіп алтыннан алқа тақса, алыптар бәсекесінде додаға араласқан Данияр Смайылов екінші орынды қанағат тұтты. 70 килограмм салмақта белдескен Дәулет Ережепбаевқа үшінші орын бұйырды. 60 килограмм салмақ дәрежесінде Түркістан облысынан келген Ермек Құралбай қарсылас шыдатпаса, 70 килограмм салмақта ақтөбелік Шыңғысхан Ержанов жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. 90 килограмм салмақ дәрежесінде Шығыс Қазақстан облысының үміті Мансұр Тамикенов топ жарса, +90 килограмм салмақ дәрежесінде Түркістан облысынан келген Біржан Қосалиев жеңімпаз атанды. Жалпы бұл чемпионатта жекелеген спорт түрлерінің жеңімпаздарына 70 мың теңге, екінші орын иегерлеріне 50 мың, үшінші орын алған спортшыларға 35 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Аударыспақтан өткен додада үшінші орын екі балуанға берілгенін айта кеткен жөн.

«Теңге ілуде» теңдессіз шабандоздар

Ұлтымыздың тағы бір ғажайып спорты – теңге ілу. Бұл жарысқа еліміздің әр қиырынан келген 20 спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Нәтижесінде Түркістан облысының мықтысы Рахат Қамбаров 4 ұпай иеленіп бірінші орынға табан тіресе, ұпайы тең болса да, жылдамдық жағынан алда болған түркістандық тағы бір қатысушы Нұрбағлан Сәдуақас күміс жүлдеге, жерлесіміз Айдын Әшімжан үшінші орынға лайық деп танылды.

аламанда арулар да
бақ сынады

Жамбы атудан өткен дода да тартысқа толы болды. Мұнда 22 спортшы сынға түсіп, жылдамдықпен қатар мергендіктерін де көрсете білді. Құралайды көзге атқан мергендер аламанында 29 ұпайға қол жеткізген қызылордалық Ғалымжан Өміртай жеңімпаз атанса, жерлесіміз Абзал Тұлыбеков кезекті мәрте күміс жүлдені мойнына ілді. Қола медаль түркістандық Ералхан Айкөздің еншісінде кетті. Осы аламан жаңалығымен де қуантты. Жамбы ату додасында үш бірдей аруымыздың бақ сынағанын айта кеткен ләзім. Әрине, олар жүлдеге іліккен жоқ. Алайда тәжірибесін толыстырып жатса, болашақта үздіктер қатарынан көрінетін мүмкіндіктері бар екені анық. Қыздардың жарысқа қатысуы бізді де, жанкүйерлерді де қуантқаны рас.

«ал кетті, көкпар кетті, қайтар басын…»

Көкпар десе кез келген қазақтың қаны қызып, делебесі қозатыны жасырын емес. Бұл тұрғыдан келгенде жамбылдықтардың орны ерекше. Бұған дейін өткен 18 чемпионатта 9 мәрте топ жарған «Әулиеата» көкпаршылар командасы қатарынан оза шауып, осы жолы оныншы мәрте чемпион атанады деген жанкүйерлер сенімі ақталды. Шыны керек, атшабарға жиналған жанкүйерлер үшін үшінші орынға таласқан Атыраудың «Нарын» командасы мен Ақмола облысының «Жекебатыр» командасы арасындағы кездесу аса бір маңызға ие болған жоқ. Жартылай финалда біздің «Әулиеатаға» 16:2 есебімен ойсырай ұтылған «Жекебатырдың» «Нарыннан» да айласын асыра алмасын жұрт жақсы білді. Содан да болса керек, «тез бітсе екен» деп финалды асыға күтіп отырды. Қола жүлде ақмолалықтарды 10:0 есебімен күйрете жеңген атыраулықтарға бұйырды. «Нарын» сапындағы Қайыржан Сүлейменов 3 салым салса, Алмат Жүнісовтің екі мәрте, Александр Пупенконың бір мәрте қанжығасы майланды. Ынтымақ Әліпбаев, Айбек Болатов, Ұлан Байтөреев, Нұржан Ерахан секілді шабандоздар да «Нарынның» қола жүлде иеленуіне қомақты үлес қосты.
Жұрт көптен күткен финал да басталды. Қазандықты кері ысырып, шеңбердегі көкпарды тамашалаған жұрт: «Алға, «Әулиеата»! Бізге жеңіс керек!» деп ұрандата жөнелді. Ел чемпионаттарында жеті мәрте жеңіске жеткен Түркістан облысының «Құлагер» командасының да жанкүйерлері аз жиналмапты. Олар да айқай-шумен дода көрігін қыздырып бақты. Жалпы дәл осы «Әулиеата» мен «Құлагер» командалары арасындағы кездесу қашанда қызық. Жерлестеріміз сан мәрте құдайы көршілерімізден басым түскенімен, соңғы екі жылда «Құлагер» чемпион атанған болатын. Осы жолы олар топ жарғанда «Әулиеатаға» бір табан жақындайтын еді. Жамбылдықтар мұны жақсы түсінді. Жанкүйерлер: «Ең үздік көкпаршы Құрманбек Тұрғанбек біздің команда сапында. Сондықтан осы жолы жеңеміз!» деп жатты. Олардың сөзі текке кетпеді. Дәл сол Құрманбек бұл күні жасындай жарқырап, жанкүйерлерді қуантты.
Ойынның бірінші кезеңі тең аяқталды. Кездесу басында Құрманбек Тұрғанбек қанжығасын майлап, «Әулиеатаны» есепте алға шығарды. Бұдан соң «Құлагер» ойыншысы Әділет Мамыт таразы басын теңестірді. Құрманбек тағы да «Әулиеатаны» жеңіске жетеледі. Алайда «құлагерлік» Әбуғали Әбдіжаппаров көрсеткішті қайтадан 2:2-ге жеткізді. Бұдан кейін тек «Құлагер» шабандоздары шабуылдаумен болды. Бақытымызға орай олар бірнеше мәрте серкені шеңбердің шетіне түсіріп, оңай олжаларынан қағылды. Мұндайда қазақ «Құдай қақты» демеуші ме еді? Әйтпесе есеп айырмасы екі-үш салымға артып, көршілеріміз жеңіске жақындайтыны анық болған.
Екінші кезең жамбылдықтар үшін сәтті бастала қойған жоқ. Салған жерден шабуылға көшкен «Құлагер» командасының шабандозы Бәйдібек Сабыров қанжығасын майлап, командасын рухтандырды. Бұдан соң «Әулиеата» ойыншылары тұлпарға қамшы басты. Серкеге талас кезінде қарсыласының арғымағын қамшылап жіберген «Құлагер» ойыншысы 2 минутқа алаңнан қуылды. Осы екі минут кездесу тағдырын 180 градусқа кері бұрды. Ислам Рәт бір салым салса, Құрманбек Тұрғанбек үшінші салымын еншісіне жазды. Футболдың тілімен айтқанда, біздің Құрманбек хет-трик авторы атанды. Есеп 4:3-ке жеткен соң «әулиеаталықтар» сәтті қорғана білді. Ара-тұра шабуылдарға да иек артты. Дегенмен сан мәрте шабуыл ұйымдастырған «Құлагер» ойыншыларын бірлесе қақпайлап шеңбер сыртына шығарып жіберген команданың ұйымшылдығына тәнті болдық. Финалда шабандоздар төрешімен қызу пікірталасқа да түсті, бейнеқайталауларды бірнеше мәрте көрді. Әрине, бәрі де жеңіс үшін. Ең бастысы есеп басымдылығын ұстап тұра білген «Әулиеата» командасы оныншы мәрте чемпион атанып, мерейімізді тасытты! Жарыс қорытындысы бойынша топ жарған «Әулиеата» командасына 1 миллион теңгенің сертификаты тапсырылса, екінші орын алған «Құлагер» командасына 700 мыңның, үшінші орын иеленген «Нарын» командасына 400 мыңның сертификаты табысталды. Марапаттау рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев және өзге мәртебелі меймандар қатысты.
Ересектер арасындағы ел чемпионатын еліміздің Ұлттық спорт қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлігі және облыс әкімдігі бірлесе жүзеге асырды. Ұлттық спорт түрлері ұлықталған аламан жоғары деңгейде өтті.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support