«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балам, Заңнан аттама!

Балам, Заңнан аттама!
Автор
«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде жариялаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Балам, заңнан аттама» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.

Аталған тұжырымдама – азаматтардың құқықтарын қорғау, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамда қауіпсіздік пен тәртіпті нығайту мақсатында қолға алынған жүйелі бастама. Мемлекет басшысы бұл тұжырымдама арқылы құқық қорғау саласын реформалау, қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілікті арттыру және жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру қажеттігін баса айтты.

Осыған орай, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен өткен дөңгелек үстелдің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды білуге, оны құрметтеуге, адалдық пен әділеттілік құндылықтарына тәрбиелеу.

Модератор ретінде облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали іс-шараны ашып, Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жиынның маңызына тоқталды. Ол құқықтық тәрбие ел болашағының берік іргетасы екенін атап өтті. Шараның алғысөзін сөйлеген облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман заңға бағыну азаматтық қоғамның ең маңызды тірегі екенін тілге тиек етті. Жастарға дұрыс құқықтық бағдар беру – бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Ол бұл бастаманы уақыт талабына сай және қоғам үшін аса маңызды деп бағалады.

«Әділ қоғам» тақырыбында сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық кеңесі мүшесі Қасымхан Төлендиев еліміздің болашағы – адал ұрпақ тәрбиелеу екеніне тоқталды. Қоғамдағы әділеттілік пен ашықтықтың орнауы – сыбайлас жемқорлықсыз болашаққа жол ашатынын айтты.

Бұл – «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының басты мақсаты. «Құқықтық сауаттылық отбасынан басталады» тақырыбында сөз алған сот жүйесі ардагері Уалиға Қайманова бала тәрбиесінде құқықтық білімнің маңызына тоқталды. Ол ата ананың үлгісі мен өмір салты бала санасында заңға деген құрметтің қалыптасуына тікелей әсер ететінін нақты мысалдармен жеткізді. Ал прокуратура ардагері Күлзипа Әбдірахманова «Құқықтық мәдениет – қоғамдық сананың айнасы» деген мазмұнды баяндама жасап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігіне тоқталып, бұл тұжырымдама жастарға құқықтық бағыт беру үшін таптырмас құрал екенін айтты.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев «Алдын алу – тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік тетігі» тақырыбында сөз сөйлеп, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларымен таныстырып, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың себеп-салдарын атап айтты. Ол мектеп пен колледждерде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жиі өткізу қажет деп санайды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков «Біртұтас тәрбие: заң және тәртіп құндылығы» тақырыбында баяндама жасады. Басқарма басшысы құқықтық тәрбие мен оқу-тәрбие бағдарламаларын үйлестіру арқылы жастардың санасына заңға бағыну мәдениетін дарыту жолдарын атап өтті. Ол ұстаз бен ата-ананың бірлескен жұмысының маңыздылығын сөз етті. «Ел тірегі – адал жастар» тақырыбында «Жамбыл облысының жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Нәмелбек пен облыстық «Ассамблея жастары» мүшесі, тіл жанашыры Эсмер Дурсунова жастардың заңды білуі, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі – жауапты азаматтық ұстанымның көрінісі екенін айтты. Олар замандастарын әділдікке, белсенді азаматтық ұстанымға және заңға құрметпен қарауға шақырды. Жиын соңы пікір алмасу және сұрақ жауап кезеңмен қорытындыланды.

Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Спикерлер қойылған сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап берді. «Балам, заңнан аттама!» дөңгелек үстелінің қорытындысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер негізінде облыс көлемінде кешенді құқықтық ағартушылық жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар