«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қазақстанға үнемі келгім келетін еді»

«Қазақстанға үнемі келгім келетін еді»
Автор
27 сәуір күні Астанаға Израиль Президенті Ицхак Герцог ресми сапармен келді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Екі күндік сапар аясында мемлекеттер басшылары келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасын, сондай-ақ жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог наурыз айында телефон арқылы сөйлескен еді. Ол кезде Израиль Президенті Мемлекет басшысын жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтаған болатын.

Сондай-ақ әңгімелесу барысында президенттер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешектегі даму перспективасын, әсіресе, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылаған еді. Ицхак Герцог Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық мемлекет ұзақмерзімді экономикалық даму жоспарын жүзеге асыруы үшін бейбітшілік қажет деген пікірімен келісетінін жеткізіп, сонымен қатар Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалаған.

«Қазақ халқының керемет мәдениеті туралы көп естідім»

Елімізге алғаш рет ресми сапармен келген мәртебелі мейман салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін президенттердің Ақордада өткен шағын құрамдағы келіссөзінде осылай деп ағынан жарылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогпен еліміздің төрінде жүздескеніне қуанышты екенін айтты.

«Ең әуелі, екі ел арасындағы қарымқатынастың іргесін қалауға сіздің әкеңіз, Израиль мемлекетінің бұрынғы президенті Хаим Герцогтың ерекше еңбек сіңіргенін атап өткім келеді. 1992 жылдан бері қос халық ортасында тығыз достық байланыс орнады. Өзара ынтымақтастықта, әсіресе, экономика және саяси бағыттарда елеулі табысқа қол жеткіздік. Еліміз Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек», – деді Мемлекет басшысы.

Израиль Президенті 1993 жылы Қазақстанға сапар жасаған әке сі Хаим Герцогтың ізін жалғап Ақордаға келгені үшін қуанышты екенін жеткізді.

«Қазақстанға үнемі келгім келетін еді. Мұны шын жүректен айтып отырмын. Өйткені қазақ жерінің көркем табиғаты мен қазақ халқының керемет мәдениеті туралы көп естідім. Менімен бірге өзара серіктестігімізге, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін сарапшылар келді. Әлем жаңа дәуірге қадам басқан ке зеңде елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті орасан зор», – деді Ицхак Герцог.

Сонымен қатар Израиль Президенті Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу және Бейбітшілік кеңесінің жұмысына атсалысу туралы шешімін қолдады.

Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу рәсімі Астанада өтуі мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцогтың келіссөзі екі ел делегациясының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израильдің сан қырлы байланыстары ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елдеріміз арасында достық қарым-қатынас орнады. Израиль мемлекеті Қазақстанның егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындады. 1993 жылы дипломатиялық өкілдіктерімізді аштық. Содан бері белсенді саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықта елеулі жетістіктерге қол жеткіздік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Ибраһим келісімдері өңірлік тұрақтылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға берік негіз қалайды.

«Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

«Президент мырза, Қазақст ан толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін көрсетіп отыр. Сол үшін сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай аламыз. Атап айтқанда, біз тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз. Ол іскерлік және сауда қатынастарына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, екіжақты құқықтық-келісімшарт базасын кеңейтуге ниеттіміз. Қазіргі кезде бірқатар келісім, соның ішінде қосарланған салықты алып тастау туралы уағдаластық пысықталып жатыр», – деді Израиль Президенті.

Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға, сондайақ бірлесе күш жұмылдыра отырып серіктестікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға келісті.

Президенттер Alem.ai орталығына барды

Сапардың екінші күнінде ҚасымЖомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог Alem. ai халықаралық жасанды интеллект орталығының қызметімен танысты. Мұнда таланттарды тауып, оларды даярлаудан бастап, ЖИ шешімдерін әлемге таратуға дейінгі технологиялық дамудың толық циклі жүзеге асырылады. Израиль Президентіне Қазақстанның жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын экономика мен әлеуметтік саланың басты бағыттарына енгізудегі негізгі жетістіктері көрсетілді.

Сонымен қат ар мемлекеттер басшыларына Astana Smart City жобасы туралы мәлімет берілді. Ауқымды бастама аясында елорданың жаңа интеллектуалдық инфрақұрылымы қалыптасады. Сол күні Израиль Президенті Ицхак Герцог Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін де аралады. Мәртебелі мейманға музейдің алты залы бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, ол Алтын, Этнография, Ұлы дала тас мүсіндері залдарымен және өзге де экспозициялармен танысты.

 

Ұқсас жаңалықтар