Осы аптада Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылында «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды құс шаруашылығына бағытталған ІІ санаттағы өндіріс орнының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. «Gakku Qus» ЖШС-нің құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, қазіргі таңда құс шаруашылығында тұқымдық шикізаттың 80 пайызы шетелден импортталады.
Жаңа кәсіпорын осы олқылықтың орнын толтырып, өндірілетін инкубациялық жұмыртқалар отандық құс фабрикалары мен шаруашылықтарды қамтамасыз етуге әрі экспортқа шығаруға бағытталады. Жүзеге асатын кәсіпорынның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады: алғашқы кезеңде жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіру жоспарланса, екінші кезеңде өндіріс қуаттылығы 60 миллион данаға дейін ұлғайтылмақ.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев және ауыл тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортқа тәуелділікті азайту негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта асыл тұқымды құс шаруашылығы репродукторының маңызы ерекше екеніне тоқталды.
– Әулиеата өңірі – ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан дәстүрі бар, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқан аймақ. Бүгінде біз өндіріс көлемін арттырумен қатар, саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Құс шаруашылығы – стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі. Бұл сала халықты қолжетімді әрі сапалы ақуыз көзімен қамтып қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Аталған жобаның іске асуы өңірді сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етіп, құс шаруашылығының толық өндірістік тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және саланың тұрақты дамуына жол ашады, – деді аймақ басшысы.
Ал «Gakku Qus» ЖШС-нің құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, бүгінгі күні құрылыс барысында 120 адам жұмыспен қамтылса, өндіріс ошағы пайдалануға берілгеннен кейін 80-100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 60-70 пайызы жергілікті тұрғындарға тиесілі болмақ. Жобаны 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Бейбітшілік – баянды бақыттың бастауы
- Бүгін, 15:32
«Қазақстанға үнемі келгім келетін еді»
- Бүгін, 15:24
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




