«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Цифрлық шешімдер су шығынын 40 пайызға дейін төмендеткен

Цифрлық шешімдер су шығынын 40 пайызға дейін төмендеткен
Автор
Мемлекет басшысының экономиканың негізгі салаларына цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде елімізде сумен жабдықтау саласында инновациялық шешімдер белсенді дамуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Astana Hub экожүйесінде су ресурстарын басқару үшін цифрлық шешімдерді ұсынатын стартаптар мен компаниялар құрылуда. Компаниялар су құбыры желілерін автоматтандыру мен мониторинг жүргізу, автокөліктерді жуу кезінде суды үнемдеу, сондай-ақ апаттардың алдын алу үшін нысандардың жай күйін бақылау сияқты бағыттар бойынша жүйелер мен аппараттық бағдарламалық кешендер әзірлеуде.

Министрдің сөзінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған компаниялар 2 миллиард теңгеден астам табыс тауып, 100-ден астам жұмыс орнын құрған. Коммуналдық инфрақұрылымды цифрландырудың негізгі мысалдарының бірі АГИС жүйесі – сумен жабдықтау және су бұру желілерін басқаруға арналған автоматтандырылған кешен болып саналады. Бұған дейін су ресурстарын бақылау қолмен жүргізіліп, бұл үлкен шығындар мен апаттылыққа алып келетін. Алайда АГИС жүйесі енгізілгеннен кейін елімізде жағдай өзгерген.

Жүйе сондай-ақ автоматты диспетчерлеуді, нысандар мен желілерді паспорттауды және тағы басқаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл су шығынын 15-40 пайызға, апаттық жағдайларды 30-50 пайызға төмендетуге, жабдықтың қызмет ету мерзімін 15-30 пайызға ұзартуға мүмкіндік берген. Бүгінгі таңда АГИС жүйесі Астана, Алматы, Қызылорда, Семей, Қостанай, Орал және Атырауды қоса алғанда 7 өңірді қамтиды. Министр коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру саласындағы тағы бір тиімді шешім – Connected Home жүйесін атап өтті.

Аталған шешім су ағуларын бақылау және олардың алдын алу бойынша интеллектуалды жүйе болып саналады. Мобильді қосымша арқылы нысан иелеріне хабарламалар жіберіледі, ал орталықтандырылған мониторинг апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде 15 000 нан астам нысан іске қосылып, 48 000-нан астам құрылғы қосылды. Аталған шешімді енгізу 5 786 апаттық жағдайдың алдын алуға және су тұтынуды 40 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

Өңірде бірқатар суару желілері цифрландырылады

Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару саласындағы цифрландыру шаралары туралы айтты. Оның айтуынша, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу басым бағыттардың бірі болып отыр. Биылғы жылдың басынан бастап министрлік Еуразия даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеу жүргізілуде.

Платформа спутниктер мен гидропосттардан бастап статистика мен есепке алу құралдарына дейінгі әртүрлі көздерден алынған деректерді біріктіріп, елдің су қорын басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін жасайды. Екіншіден, суармалы желілер мен су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру мақсатында каналдарды кезең кезеңімен автоматтандыру басталды.

Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың километрден астам суару желілерін цифрландыруға арналған жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштар енгізу жоспарлануда.

Айта кету керек, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына назар аударылады. Барлық цифрлық үдерістерді үйлестіру үшін су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Оның міндеттеріне деректерді жинау және талдау, платформаларды сүйемелдеу және саладағы цифрлық қызметтерді дамыту функциялары кіреді.

Интелектуалдық су кадастрын енгізу тапсырылды

Бұдан бөлек жиында Премьер-министр коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту және желілердің тозу деңгейін әрі қарай төмендету қажеттігін атап өтті.

– Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамытумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмыстарын жандандыру қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек. Ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңаларын салуға маңыз берілуі тиіс. Бұл мәселе қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында шешімін табады, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ ол су саласындағы цифрлық трансформация бағытында тапсырмалар берді. Атап айтқанда Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, су объектілерінің цифрлық паспорттары мен интеллектуалдық су кадастрын енгізу мәселесін пысықтауы тиістігін жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар