«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қосылу оңайлады

Қосылу оңайлады
Ашық дереккөз
Елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдайлар жасалуда. Электрмен жабдықтау жүйесі де реформалардан тыс қалған жоқ. Электр энергетикасына қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №143 бұйрығымен бекітілген электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, электр желілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды.

Құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алу талабы алынып тасталды. Енді жобалаушыға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталғаны туралы электрондық түрде хабарлама жіберу жеткілікті. Сонымен қатар, электр желілеріне қосылуға мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органынан рұқсат алу қажет емес. Энергиямен жабдықтау ұйымымен электрмен жабдықтау шартына қол қою мерзімі бір аптадан үш жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Айта кетейік, Қазақстан аумағында энергия өндіруші, энергия таратушы ұйымдар мен тұтынушылардың электр энергиясын пайдалану тәртібі жоғарыда аталған қағидалармен реттеледі. Электр желісіне қосар алдында энергетикалық сараптама жүргізу талап етілмейді. Электр желісіне қосылу үшін энергия таратушы немесе энергия өндіруші ұйым әрбір тұтынушыға, көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратындардан басқа, техникалық шарттар береді.

Қағидалардың 12-тармағына сәйкес техникалық шарттар келесі жағдайларда беріледі:

1) жаңадан салынатын немесе қайта жаңартылатын электр қондырғыларын энергия таратушы (энергия өндіруші) ұйымдардың электр желілеріне қосу;

2) бұрын берілген техникалық шарттарда көрсетілген қуаттан артық электр қуатын тұтыну;

3) сыртқы электрмен жабдықтау сызбасын өзгерту;

4) тұтынушының электр қабылдағыштарының электрмен жабдықтау сенімділігі санатын өзгерту;

5) тұтынушының жазбаша келісімі болған жағдайда бұрын берілген техникалық шарттардағы электр қуатын азайту.

Электр желілеріне қосылуға техникалық шарттар өтінім негізінде беріледі. Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №204-VІ ҚРЗ «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 11-тармағына сәйкес, техникалық шарттарды беру немесе реттелетін қызмет көлемін ұлғайтуға өтінім бес жұмыс күні ішінде қаралады. Бұл бұрынғы 14 күннен 5 жұмыс күніне дейінгі мерзімді қысқартты.

Құрылыс кезеңінде тұтынушыға уақытша техникалық шарттар беріледі. Энергия таратушы немесе энергия өндіруші ұйымдардың электр желілеріне қосылудың техникалық мүмкіндігі болмаған жағдайда техникалық шарттар берілмейді. Техникалық шарттарды беру және қайта рәсімдеу үшін төлем алынбайды.

Қағидалардың 17-тармағында тұтынушыны энергия таратушы немесе энергия өндіруші ұйымдардың электр желілеріне қосуға арналған техникалық шарттардың мазмұнына қойылатын талаптар көрсетілген. Өтінім берген тұтынушыларға 17-тармағында көзделмеген қосымша талаптар қою заңсыз.

Заңның 10-бабы 6) тармақшасына сәйкес, реттелетін қызметке қол жеткізуді қамтамасыз ету кезінде табиғи монополия субъектісі құрылыс жобасын техникалық шарттарға сәйкестігін келісуді талап етуге құқылы емес. Энергия таратушы ұйымға (жеке тұлғалар үшін) кернеу беру туралы өтініш жасағанда, электр қондырғыларына жобалық құжаттама талап етілмейді, тек Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңында көзделген жағдайларда ғана қажет (инженерлік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы, жобалануы, қайта жаңартылуы және осы қызмет түрлеріне жататын жұмыстар орындалғанда). Сондықтан заңда міндетті түрде көзделмеген жағдайларда жобалық құжаттама болмағаны үшін энергия таратушы ұйымның жеке тұлғаға кернеу беруден бас тартуы заңсыз болып табылады.

Энергия таратушы немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушы анықтаған кемшіліктерді жойғаннан кейін ғана электр қондырғыларын тұрақты пайдалануға қосады.

Тұтынушылардың электр қондырғыларына кернеу беру келесі тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады:

1) құрылыс-монтаж ұйымы (заңды тұлғалар үшін) немесе тұтынушы (жеке тұлғалар үшін) энергия таратушы (энергия өндіруші) ұйымға техникалық шарттардың орындалғаны және электр қондырғыларына кернеу беруге дайындығы туралы еркін түрде хабарлама және электрмен жабдықтау шартына акцепт туралы өтініш (Қағидаларға сәйкес нысан бойынша) жолдайды;

2) энергия таратушы (энергия өндіруші) ұйым хабарламаны алған күннен бастап техникалық жағынан қарапайым нысандар бойынша үш жұмыс күні ішінде, техникалық жағынан күрделі нысандар бойынша бес жұмыс күні ішінде сыртқы қосылымды тексереді және техникалық шарттардың орындалуын анықтайды.

Сыртқы қосылымда кемшіліктер немесе техникалық шарттарға сәйкессіздік анықталған жағдайда, энергия таратушы (энергия өндіруші) ұйым екі жұмыс күні ішінде кемшіліктер туралы акт береді. Кемшіліктер жойылғаннан кейін құрылыс монтаж ұйымы (мердігер) немесе тұтынушы қайтадан еркін түрде техникалық шарттардың орындалуы және электр қондырғыларына кернеу беруге дайындығы туралы хабарлама жібереді.

Энергия таратушы (энергия өндіруші) ұйым өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде сыртқы қосылымды қайта қарап, тұтынушының электр қондырғыларын қосады және жазбаша түрде ескертеді: егер кемшіліктер жойылмаса, келесі қарау бір айдан кейін ғана жүргізіледі. Қайта тексеру кезінде бастапқы тексеру кезінде көрсетілмеген кемшіліктерді көрсетуге жол берілмейді. Кемшіліктер жойылмаған жағдайда энергия таратушы (энергия өндіруші) ұйым соңғы тексеру күнінен бастап бір ай ішінде сыртқы қосылымды тексермейді және техникалық шарттардың орындалуы мен кернеу беруге дайындық туралы хабарламаны қабылдамайды.

Тұтынушыға электр энергиясын қосу және жеткізу тек коммерциялық электр энергиясын есепке алу жүйесін қабылдау актісі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының «Кәсіпкерлік ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралуда.

Бұл жоба бойынша электрмен жабдықтау шарты жария оферта қағидаты бойынша жасалады. Бұл дегеніміз, тұтынушы тарапынан шартқа қол қоюдың қажеті болмайды, құжаттар энергия таратушы ұйым тарапынан ұсынылады, ал шарт электр энергиясын нақты тұтыну басталған сәттен бастап жасалған болып есептеледі.

 

А.ҚУАТБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті басшысы.

Ұқсас жаңалықтар