«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақ халатты жандарға алғысым шексіз

Ақ халатты жандарға алғысым шексіз
Ашық дереккөз
Ақ халатты абзал жан, дәрігер, хирург Сағындық Ордабекұлының «Aq jol» газетінде жарық көрген мақаласын оқып, қолыма қалам алдым. С. Ордабекұлы дәрігерлердің қазіргі мәселесін өте орынды көтеріпті.

Қазір елімізде денсаулық сақтау саласына қатты көңіл бөлініп жатыр. Қаншама аурухана, емханалар, ауылдарда емдеу орындары пайдалануға берілуде. Дәрігерлер де Гиппократ антына сай міндеттерін адал атқарып жүр. Дертіне ем іздеген қаншама науқастар осынау қолы шипалы жандардың арқасында құлан таза жазылып, аттай шауып кетіп жатыр.

Дегенмен де медицина саласында өлім-жітім де аз емес екенін жасыруға болмас. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап, мейлінше емдейді ғой. Бірақ адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды.

Бүгінде ауыл-аймақта шағын емдеу орындары бар. Тіпті аудан, облыс орталығына келіп емделемін десе де, ауылдағы дәрігерлерден жолдама алуға болады. Десе де кей адамдар денсаулығын күтпей, ауруы қатты асқынған сәтте ғана емханаға қаралып, дертіне ем қонбаған соң, әр түрлі әңгіме өрбітіп жатады. Тіпті ақ халатты жандардың еңбегін жоққа шығарып, тілдеп жататындары да бар.

Айналайын-ау, ең алдымен әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Уақытында дәрігерге қаралып, ем-дом алып, салауатты өмір салтын ұстап жүрсе, емдеу де оңай болады. Әбден асқынып кеткен дертке қарсы дәрігер не істейді?

Дәрігердің де жұмысы оңай емес. Қазір ауданда күн сайын көлік апаты орын алып, қаншама жан ес-түссіз ауруханаға түсіп жатыр. Одан қалса, газетті ашып қалсаң да, теледидарды қойып қалсаң да дәмханада, мейрамханада бір бірімен жағаласып, төбелесіп, жараланып жатқандарды көресің. Міне, осының бәрінде дәрігер жанұшырып жүгіріп, өзі танымайтын, білмейтін адамдарды ажалдан арашалап жатады. С

ондықтан да дәрігерлер кез-келген марапатқа лайық. Олардың ақ адал еңбегін әділ бағалауымыз керек. «Басты байлық – денсаулық» деген, адам денсаулығының сақшысына деген құрметіміз әрдайым жоғары болуы тиіс. Профессор Сағындық Ордабекұлының мақаласынан мен осындай ой түйдім. Ол кісіге айтар алғысым шексіз.

 

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар