«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді

Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді
Автор
Ел өркениетінде ғылыми жетістіктердің алар орны бөлек. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде ашылған жаңалық халықтың игілігіне жараса, мемлекеттің жан-жақты дамуына да жол ашады. Бүгінде елімізде білім іздеп, ғылыми зерттеулермен айналысып, игі жаңалыққа ұмтылған жастарға қолдау аз емес. Тіпті жас маман даярлайтын оқу орындары да бұл бағытта бір-бірімен бәсекелесе дамып келеді. Өңіріміздегі бірнеше және түрлі бағытта ғылыми зерттеу орталығы бар оқу орны – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті. Аз уақыт ішінде еліміздің заманауи оқу орындарының бірі ретінде танылған бұл оқу ошағы білім беру саласы мен ғылым кеңістігінде өзіндік имиджін қалыптастырып, мемлекеттік және жеке тұлғаны сапалы білім алуға деген мұқтажын қанағаттандыруды өз қызметінің басты бағыты деп есептейді.

Университет базасындағы «Агробиологиялык», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Аквакультура» ғылыми зерттеу орталықтары ғылыми жетістіктер мен тәжірибелердің жаңа орталығына айналған. Бұл орталықтарда жас ізденушілер ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе жинаумен қатар, өздерін қызықтырған салада тың ілім ізденуге мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар осы оқу орны ғылым мен өндірісті байланыстыру мақсатында балық зауытын да ашып, осы шаруашылыққа қажетті жұмыстарды қолға алды.

Университет ректоры Махметғали Сарыбековтің айтуынша, 2009 жылы университет жанынан Халық жазушысы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Шерхантану» ғылыми зерттеу орталығы ашылып, жұмыс істеп келеді.

– «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығында жинақталған жазушының мұрағаттық дүниелері негізінде «Қазақстанның Шерағасы» атты көптомдық жинақтың он томдығы жарық көрді. Студенттерге арналған «Шерхан Мұртаза сабақтары» ұйымдастырылып, облыстық «Шерхан Мұртаза оқулары» дәстүрлі өткізіледі. Әрине, жастарды сапалы білім алуға, ғылыми ізденіске қызықтыру үшін университеттің оқытушы құрамының атқарар рөлі маңызды. Университеттің айрықша мақтанышы – оның профессор-оқытушылар құрамы. Бүгінде университетте 300-ге жуық профессор оқытушылар сапалы білім береді. Олардың қатарында 12 ғылым докторы, профессорлар, 86 ғылым кандидаты, доценттер, 19 PhD докторы және 138 магистр бар. Білім бәсекесінде инновациялық даму бағыттарымен ерекшеленген жоғары оқу орны өзінің тарихында ұлттық білім мен ғылымның мәртебесін арттыруға өзіндік үлесін қосып келеді. Әлемдік білім беру кеңістігіне ену жағдайындағы отандық білім беру жүйесінің басым бағыттарын ойдағыдай жүзеге асыруда. Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Оқу орнының басты ерекшелігі – еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандар даярлау кезеңінен абыроймен өткен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің тұрақты даму үдерісін басшылыққа алуында. Бүгінгі таңда университетте техникалық, педагогикалық, экономика және бизнес, технология және ауыл шаруашылығы бағыттарына сәйкес, 53 бакалавриат және 24 магистратура білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Барлық білім беру бағдарламасы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, кәсіби білімді және тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етілген, – дейді Махметғали Нұрғалиұлы.

Шерхан Мұртаза атындағы ХТУ ғалымдарының әрбір жылдардағы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі оқу үдерісіне тұрақты енгізіліп отыр. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы өз ізденістерімен халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда, алыс және жақын шет елдерде, ТМД елдерінде өткізілген халықаралық конференцияларда баяндап келеді. Университет ұжымында білікті, тәжірибелі, ұтқыр ойлы, ғылымда жаңашыл бастамалары бар деуге болады.

Оқу-әдістемелік кешендерге түрткі болатын ғылыми жобаларымен профессор-оқытушылар құрамы көптеген конкурстарда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Солардың қатарында «ЖОО-ның үздік оқытушылары» мемлекеттік грантының иегерлері де бар. Университет білім беру және ғылым салалары бойынша академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу мақсатында Түркия, Германия, Польша, Болгария, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея және ТМД мемлекеттерінің қатарында жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасап, меморандумдарға қол қойған.

Бүгінгі таңда университет шетелдік оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыс орнатып, бірлесе атқарар жұмыстарды жоспарлап, бекіткен.

Университеттің белсенді студент жастары республикалық пәндік олимпиадаларда өз мамандығы бойынша терең білімдерін көрсетіп, ұтқыр ойымен, зияткерлік қабілетімен дараланып, жүлделі орындарды иеленуде. Оқу орны өзінің белсенді, табанды, ізденімпаз, мобильді, жаңалықты тез қабылдайтын студенттерін университет имиджін дамытатын негізгі күш деп бағалайды.

– Халықаралық Тараз университеті жаңартылған білім беру талабына сай кәсіби құзырлы маман даярлауды негізгі міндет деп есептейді. Сондықтан үнемі прогрессивті даму қағидаларын берік ұстанып келеді. Соған орай кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізуді, білім берудегі жаңашыл үдерістер мүмкіндігін пайдалана білуді күн тәртібінен түсірген емес. Бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар даярлауда университеттің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай және қарқынды даму үстінде. Бүгінге дейін оқу ғимараттары, бірегей көпфункционалдық ғылыми-оқыту институты, заманауи үлгідегі спорт кешені салынды, оқу үдерісін жүргізуге қажетті материалдық-техникалық базасы қарқынды дамуда. Жаңа оқу-зертханалық корпус, сондай-ақ университеттің әлеуметтік қолдау бағытындағы бірқатар іс-шаралары студенттердің кедергісіз білім алуына жағдай жасау, жалғастылығын қамтамасыз ету мақсатында студенттерге игілігін тигізіп отыр. Оқу орнының жанынан 500 орындық «Студенттер үйі» қолданысқа берілді. Сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттау және педагогикалық оқытушы құрам мен студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін университеттің маңайында шағын футбол алаңы, баскетбол алаңы және жағажай волейболына арналған корт ашылды. 2016 жылдан бері оқу орнының базасында корей және қытай тілі орталықтары жұмыс істейді. 2016–2024 жылдар аралығында Халықаралық Тараз университеті қазақстандық және шетел оқу орындарының білім беру сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қазақстандық «Білім және сапасын қамтамасыздандыру» бойынша тәуелсіз агенттігінің институционалдық аккредитациясынан сәтті өтті. 2022–2023 оқу жылынан бастап университетке ақылы негізде оқуға қабылданған Жамбыл облысының талантты студент жастарын оқыту, ғылыми және практикалық қызметін ынталандыруға бағытталған «ХТИИ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасы бойынша білімге құштар, қабілетті жастардың институтта тегін оқуына мүмкіндік беріп отыр. Университеттің алдағы уақытта көздеген үлкен мақсаттары мен жоспарлары да бар. Басты мақсат – сапалы, заманауи білім беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды одан әрі нығайту, – дейді университет ректоры Махметғали Сарыбеков.

Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде Халықаралық Тараз университетінің педагогикалық оқытушы құрамы мен студенттері жеткен ғылыми жетістіктері де аз емес. Ашқан жаңалықтары мен дәлелді тұжырымдарын ел игілігіне арнаған университеттің келешектен күтері де көп.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар