«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құлан колледжінің студенттері өндіріс орындарында тәжірибеден өтуде

Құлан колледжінің студенттері өндіріс орындарында тәжірибеден өтуде
Автор
Еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттырып, олардың еңбегін насихаттауға және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мақсатында биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп аталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған атаулы жылда еліміздің түкпір-түкпірінде жұмысшы мамандықтарына қатысты түрлі ісшаралар ұйымдастырылып, еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, осы сала бойынша білім алып жүрген жастардың кәсіби дағдысын арттыруға бағытталған экскурсиялар өткізіліп жатыр. Солардың қатарында Т.Рысқұлов ауданы да көптеген іс-шараларды ұйымдастырып отыр.

Аудандағы жұмысшы мамандарын дайындайтын, ғасырлық тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжі бұл жылды ерекше іс-шаралармен өткеруде. Колледждің оқытушылары Меркі, Шу, Талас, Байзақ, Мойынқұм, Жамбыл және Жуалы аудандарындағы жалпы білім беретін мектептердің 9-сынып оқушыларымен кездесіп, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар колледж студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбек дағдыларын жетілдіруде.

Атап айтсақ, «Сүт өнімдерін өндіру» мамандығының студенттері «Меркі ірімшік зауытында» білімдерін іс жүзінде толықтырды. «Дәнекерлеу ісі» мамандығының студенттері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Түрксіб станциясында және «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнында», «Электр жабдықтары» мамандығының студенттері аудандық электр желілерін тарату мекемесінде тәжірибеден өтті.

Жақында ғана Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Ильяс Әділет облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткізілген студенттер арасындағы «Мен – кәсіпкермін» Гранд – турнирінің облыстық кезеңінің жүлдегері атанды. Сонымен қатар өткен айда облыстық білім басқармасының аталған орталығы «КәсіпSKILLS» өндіріс саласының мамандары, колледждің өндірістік оқыту шеберлері мен студенттері арасында да облыстық кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастырған болатын.

Бұл байқау өндіріс саласының мамандары мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу, үздіктерді анықтау және насихаттау, студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру және болашақ кәсіби жолын айқындауға көмек көрсету мақсатында алғаш рет облысымызда өткізілген еді.

Құлан агро-техникалық жоғары колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» құзыреттілігі бойынша «EMPIRE» кафесінің аспазы Рустам Кырманчиев, колледждің өндірістік оқыту шебері Сымбат Әлдибай және студент Кәусар Мұхит құрамындағы командасы ІІ жүлделі орынның жеңімпазы атанды. Ал «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша жеке кәсіпкер дәнекерлеушісі Серік Рахметалы, колледждің өндірістік оқыту шебері Ғазиз Рахимов және студент Артем Нейфельд құрамындағы командасы ІІІ жүлделі орынды иеленді.

Оқу орнының ұжымы колледждің әлеуметтік серіктестеріне құзыретті маман даярлауда көрсеткен қолдауларына алғыс білдірді. Агроөнеркәсіп саласына білікті мамандар даярлаудағы ортақ мақсаттарды жүзеге асыру негізінде Құлан агротехникалық жоғары колледжі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен меморандумға қол қойды.

Бұл келісім аграрлық білім мен ғылым саласындағы өзара әріптестікті дамытуға бағытталды. Кездесу барысында аталған университеттің Басқарма Төрағасы-Ректордың Бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов білім беру жүйесін жетілдіру мен өңірлік кадрлар даярлау ісіндегі серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

Екіжақты ынтымақтастық кездесуге Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлмира Алпысбаева, Білім беру процесінің мазмұны бөлімінің бастығы, PhD Жанар Кусаинова, Білім беру үдерісін ұйымдастыру бөлімінің бастығы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Азамат Койшибаев және «Агробиология», «Ветеринария және зооинженерия» факультеттерінің кафедра меңгерушілері қатысты.

Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Айбар Сапарғали, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Тұрарбек Шарипов және Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты егіншілік зертханасының бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессоры Жұмағали Оспанбаев, «Қазақ мал шаруашылығы және жем шөп өндірісі» ҒЗИ ЖШС, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ғалым хатшы Айгүл Таджиева сөз сөйлеп, бірлесіп ғылыми жобалар әзірлеу мен тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Құлан агротехникалық жоғары колледжін аяқтаған түлектер кейін В077 Өсімдік шаруашылығы, В079 Орман шаруашылығы, В080 Балық шаруашылығы, В062 Электр техникасы және энергетика білім беру бағдарламалары топтарына 2 жылдық білім беруге қабылдау үшін оқу-білім беру бағдарламаларын сәйкестендіру жұмысы жүргізіліп, бекітілетін болды. Сондай-ақ, екі тарап агроинновация, цифрлық фермерлік және заманауи агротехнологиялар бағыттары бойынша пікір алмасып, жұмысшы мамандарын заман талабына дайындаудағы мәселелерді бірге талқылады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар