
Ұлымның құлағы ауырып Темір жол вокзалы маңында орналасқан №8 қалалық емханаға барғанбыз. Лор дәрігер Александр Цой науқастарды қабылдап жатыр екен. Негізі емханаға бара қалсаң, құлақ, мұрын және тамақ ауруын емдейтін дәрігердің алды үнемі адамнан босамайды. Өйткені, қазір құлағы ауыратын, туа бітті есту қабілеті нашар науқастар өте көп.
Адамның барынша мұқият назар аударуды қажет ететін ағзаның бірі – құлақ. Суға шомылу, салқын тигізу, тұмау – оның асқынуының бірден-бір себебі. Сондай-ақ бас шайқалу, бас-сүйек жарақаты да тікелей әсер етеді. Мамандардың айтуынша, соңғы кезде қала тұрғындары арасында құлағы ауырып, есту қабілеті төмендеу жиілеген. Дәлізде құлақ ауруымен келіп отырған бала да, үлкен де көп. Бірінің құлағынан ірің ақса, біріне байқаусызда жәндік кіріп кеткен. Александр Данилович бәрін асықпай қарап, кеңес беріп, дәрі егіп жатыр.
– Құлақ ауруы ішкі құрылысына байланысты балаларда көп кездеседі. Салқын тиіп, тұмау болған жағдайда мұрыннан сұйықтық ағады. Ал мұрын мен құлақтың ортасында есту түтікшесі орналасқан. Ол балаларда енді дамып келе жатқандықтан құлақ ауруының асқынуына әсер етуі мүмкін. Бұл ауру иммунитеті төмен, туа біткен ақауы бар балада жиі кездеседі. Сондықтан жас аналар аяғы ауыр кезде барынша өз денсаулығын күтіп, тұмаумен ауырмағаны жөн. Ал егде кісілерде жасының ұлғайғанына байланысты есту қабілеті төмендейді. Олардың жас кезінде қандай аурумен ауырғаны да құлаққа әсер етеді. Жалпы, бас, ми, құлақ, мұрын және ауыз қуысы бір-бірімен тығыз байланысты. Осы себепті аурудың неден, қалай пайда болғанын анықтау үшін барлығын бөліп жармай бірге тексереміз. Қан қысымының төмендеп кетуі, қатты уайымдау, бастың жарақаттануы құлақтың нашарлауына әкеп соғады, – деді отоларинголог дәрігер Анатолий Цой.
Құлақ аурының – ортаңғы отит, созылмалы отит, құлақтың сыртқы қабынуы секілді бірнеше түрі бар. Дәрігердің айтуынша, балалар арасындағы ең жиі кездесетін түрі – ортаңғы отит. Қарапайым тілмен айтқанда, ортаңғы құлақтың қабынуы. Ол көбіне балаға суық тигенде, инфекциялық аурулардың асқынуынан дамиды. Соның салдары құлақтың қабыну процесін тудырады. Ол солқылдап ауырып, құлақтан құлық ағып, тіпті дене қызуы көтеріледі. Егер қабыну процесі біршама уақытқа созылса, ортаңғы құлақта жапсырма және тыртық пайда болып, құлақ нашар еститін болады.
Мамандардың сөзінше, ортаңғы құлақтың қабынуын дер кезінде емдемесе, арты созылмалы ауруға ұласады. Бұл кезде құлақ ауырып, бітіп қалғандай сезім пайда болады. Көбіне құлақты қою сұйықтықтан тазарту үшін ота жасайды екен. Созылмалы ортаңғы құлақтың қабынуы 6-12 жастағы балалар мен 5-7 жастағы жеткіншектерде жиі кездеседі. Қазіргі кезде заман талабына сай күннен күнге дамыған заманауи технологияның арқасында сан түрлі есту құрылғылары қолданыста бар. Бүгінде дыбыс есту мүмкіндігінен айырылған қаншама жанға осы құрылғы қайта үміт сыйлауда.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аппараттың көмегіне жүгіну үшін емделушілер еліміздің ірі қалаларына баратын еді. Ал қазір мұндай мүмкіндік біздің өңірде де қолға алынған. Алысқа барып сабылмай, жақын жерден-ақ өзіне керегіне қол жеткізуге болады.
Мамандар құлақтың естімейтінін екі нәрсе арқылы анықтайды. Олар ауа және сүйек. Бұрын жүре пайда болған саңыраулықтың ешқандай емі болмаған. Алайда соңғы он бес жылдың көлемінде жасанды ұлу арқылы медицина есту мүшесін қайта қалпына келтіріп, адамды мүгедектіктен құтқаруда. Ал түрлі аурудан пайда болып, асқынып, созылмалы құлақ ауруына шалдыққан әрбір науқасқа есту құрылғысын ұсынып отыр.
– Науқас аурудың төртінші немесе бесінші сатысында болғанда ғана бұл құрылғыға жүгінгені жөн. Егер жұмысына байланысты қиындықтар туатын болса, бірінші сатысына да ұсынуға болады. Бізде бұрын тек құлақтың сыртында тұратын құрылғылар қолданыста болса, бүгінде ыңғайлы, көлемі кішкентай, ішінде тұратын құрылғы да бар. Қазіргі кезде жастар құлақтың ішіне орналасатын құрылғыны жиі қолданады. Құлағы нашар еститін балалар өз ортасынан оқшаулау жүруге тырысады. Ешкіммен араласпай, тұйықталып өседі. Қатарластарының арасында өзін кемсітіп, төмен санайды. Сондықтан балаларына есту құрылғысының ең қымбатын, қолайлысын алып беретін ата-аналар бар. Оны қолданған әрбір адам суға түскенде, ұйықтар алдында алып қойған жөн, – дейді дәрігер. Негізінде бұл құрылғыны есту қабілеті нашарлағанда не мүлде естімей қалғанда дыбысты күшейту үшін пайдаланады. Ол микрофоннан, электр тербелісін күшейткіштен және қорек беретін электр көзінен тұрады. Бұл электрлі есту құрылғысы өткен ғасырдың басында АҚШ-та пайда болған.
Бүгінде мұның құлақтың сыртына, ішіне, қалтаға салынатын, көзәйнекке ілінетін бірнеше түрлері бар. Құлақтың артында тұратын қондырғы көбіне пластиктен жасалады екен. Бұл арқылы адам анық естіп, қалыпты жауап бере алады. Дегенмен, қазіргі кезде құлақтың ішіне салынатын шағын құрылғылар сұранысқа ие.
– Жол апатына түсіп, ауыр жарақат алдым. Басыма зиян тигендіктен құлағыма да әсер етті. Есту қабілетім нашарлап, бірнеше рет ота жасаттым. Бүгінде осы құрылғының көмегінің арқасында ел қатарлы өмір сүріп жүрмін. Айналамдағылармен емін еркін араласамын. Уақтылы дәрігердің қадағалауында болып, үнемі тексеріліп, құлағыма сәйкес құрылғыны ауыстырып отырамын. Қазір заман талабына сай күннен-күнге технология дамып, түрленуде. Алдағы уақытта ең соңғы үлгімен шыққан құрылғыны қолдансам ба деп жүрмін, – дейді емделуші Жарылқасын Ниязов.
Иә, құлақ тыныштықты қалайды. Ал құлағына күні бойы құлаққап тағып жүретіндерді жиі көреміз. Ондағы дауыс құлақтың жүйке тамырларына әсер етеді екен. Кейін құлақта бітпейтін шуыл пайда болады. Осылайша, құлақтың қызметі бұзыла бастайды. Көпшілігі құлаққаптың зиян екенін білсе де, мән бермейді.
Алайда сала мамандары құлақтың қызметі бір күнде бұзылмайтынын, осындай дүниелер кері әсер беретінін алға тартуда. Сондай-ақ қазір құлағын шұқып отырғандарды жиі көреміз. Алайда медицинада құлақты жиі шұқи беруге болмайды. Әсіресе басына мақта оралған арнайы таяқшаларды қолданбаған абзал. Өйткені, олар құлақ қалқанын ғана тазалауға қолайлы. Мұндай кезде құлақтың есту арнасын таза ұстауға көмектесетін арнайы тамшыларды пайдаланған дұрыс.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Эндометриозды емдеудің жолы қандай?
- 22 шілде, 2025
Ауруды асқындырмай, алдын алған маңызды
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді