Өзекті мәселелер – өңірлік үйлестіру кеңесінің назарында

Өңірдің денсаулық сақтау саласында әлі де шешімін күткен өзекті мәселелер бар. Кейбір кемшіліктердің түпкі себебі диспансерлік есепте тұрған науқастарға дұрыс қадағалау жасалмағандығында болып отыр. Оның салдары адам өліміне әкеліп соққан. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы №7 емхана қызметкерлері жүрек-қан тамырлары сырқатымен ауыратын 7 адамды есепке алмаған. Ал кейбір аудандарда инсульттан емделіп шыққан науқастар қайтыс болған.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен өткен өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселелер көтеріліп, жауапты қызметкерлердің жұмысына қатысты өткір сын айтылды. Кеңес отырысына облыстық денсаулық сақтау саласының өкілдері мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жалпы облыста онкологиялық ауруларды басқару қызметінің интеграцияланған моделін енгізу, босандыру және балалар, жіті миокард инфарктісі және жіті инсульт, жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсету мәселелерін үйлестіру үшін арнайы Жол картасы жасалған. Жол картасында айқындалған нақты міндеттер бар. Ал ол қалай орындалуда?
Биылғы үш айда жіті инфаркт пен инсульт кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу бойынша Жол картасының жүзеге асырылуы сөз болған жиында негізгі индикаторларының көрсеткіштері жан-жақты сөз болды. Өзектілері аталды, шешу жолдары көрсетілді.
Аурудың алдын алу үшін тұрғындарды жиі дәрігерлік тексеруден өткізіп тұру қажет. Ал шұғыл жағдайда «Алтын сағатты» көмек көрсетіліп үлгеру керек. Бірақ кейбір аудандарда маман тапшылығының салдарынан дер кезінде тиісті медициналық қызметті үйлестіру мүмкін болмай жатады. Сондықтан осы саладағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы десек, қателеспейміз.
Мәліметке сүйенсек, Т. Рысқұлов, Сарысу аудандарында кардиолог, ал Жуалы ауданында травматолог мамандары жетіспейді. Жиында белгілі болғандай, Жуалы аудандық орталық ауруханасына маманды көрші мемлекет Өзбекстаннан шақыртыпты. Бірақ атқарушы билік өкілдерінен ешқандай әлеуметтік қолдау болмаған соң, қайтадан еліне кетуге мәжбүр болыпты. Жұмыс істеуге келген маманды қалдыруға ешқандай әрекет жасамай, салғырттыққа жол берген. Жиында екі желеу, бір сылтауын алға тартып, жауаптан жалтарып кеткісі келген аудан әкімдерінің орынбасарларына Еркебұлан Әбілханұлы ескерту жасап, нақты тапсырма берді.
Жиында мұнан өзге жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсету, босандыру және бала денсаулығын қорғау, онкологиялық мәселелер бойынша да қабылданған Жол картасында көрсетілген индикаторлардың орындалу барысы сөз болды. Осыған қатысты жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.

Камила Борашова

Comments are closed.

https://4store.com.ua/