- Advertisement -

Мемлекеттік рет теудің жаңа үлгісі

44

- Advertisement -

Біздің мекемеміз техникалық реттеу мен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы аумақтық құрылым болып табылады. Өңір тұрғындарының мүдделері мен экономикалық қауіпсіздігін қорғау, өлшем құралдарының теріс нәтижелер көрсетуі салдарынан туындайтын келеңсіздіктердің алдын алу, отандық және импорттық өнімдердің, үдерістердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіз әрі сапалы болуын қамтамасыз ету мәселелері де құзырымызға кіреді.
Департамент қызметкерлерінің күшімен былтыр мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында 17 бақылау нысаны іріктелген тексеріспен қамтылды. Оның ішінде ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету» Заңының талаптарын сақтамауға қатысты 5 бұзушылық анықталды. Бұған кінәлі заңды тұлғаларға айыппұл салу түрінде әкімшілік жаза қолданылып, 94 жарамсыз өлшем құралдарын одан әрі пайдалануға тыйым салу жөнінде ұйғарымдар шығарылды. Бұл тұрғыда негізінен салыстырып тексеру мен түрiн бекiту мақсатындағы сынақтан немесе метрологиялық аттестаттаудан өтпеген, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелмеген өлшем құралдарын пайдалану секілді бұзушылықтар орын алды.
Жаңа ережеге сай техникалық реттеу және метрология жүйесіндегі бақылау жүргізу жұмыстарына да түбегейлі өзгерістер енгізілгені баршаға мәлім. Департамент осыған орай профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексеру және басқа да үлгідегі қадағалауларды жүргізуге көшті. Профилактикалық бақылау жүргізу жиілігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшем шарттарына сәйкес, жылына бір реттен аспауы керектігі айқындалған. Мұндай бақылау жүргізудің жартыжылдыққа бекітілген және келісілген тізімі Бас прокуратураның интернет-ресурсында жарияланады.
Сонымен қатар «Стандарттау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдар бекітіліп, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап күшіне енді. Айта кетсек, «Стандарттау туралы» Заңда техникалық регламенттерді орындауда міндетті, ал техникалық реттеу жүйесін және стандарттарды таңдауда ерікті сала ретінде қарастырып, ұлттық стандарттау жүйесін айқындау, стандарттаудың ұлттық жүйесін құру, техникалық комитеттердің рөлін күшейту мәселелері қарастырылған.
Ал өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласына енгізілетін өзгерістер метрологияда мемлекеттік реттеу үлгісін өзгертуді және эталондарды салыстырып тексеруден калибрлеу тәсілін қолдануға өтуді көздейді. Мемлекеттік реттеудің жаңа үлгісі мемлекеттік органдар бекітетін өлшемдер тізбелері мен нормативтік-құқықтық актілер арқылы жүзеге асырылатын болады. Эталондарды салыстырып тексеруден калибрлеуге өту жосығы халықаралық саудада Қазақстанда жүргізілетін өлшемдер нәтижелеріне сенімділікті нығайтудың алғышарттарын жасауға да мүмкіндік береді. Аталмыш заңдар импортты алмастыруға, отандық өнімнің сапасын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ресурсты үнемдеуге, инновацияны енгізуді ынталандыруға және технологиялар трансфертіне едәуір ықпал ететін болады.
Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті және оның аумақтық департаменттері, мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамызды әзірлейтін лицензиаттардың тиісті талаптарды сақтауын бақылауды да жүзеге асырады. Әзірге облыс аумағында Мемлекеттік рәміздер дайындайтын лицензиаттар тіркелмеуіне байланысты департамент тарапынан бұл бағытта ешқандай да тексеру жүргізілген жоқ. Алайда былтыр департамент қызметкерлері күшімен осы мәселеге қатысты ұлттық стандарттардың талаптарын таныстыру мақсатында 28 дөңгелек үстел отырысы өткізіліп, мерзімдік басылымдарда оннан астам мақала жарияланып, облыстық радиода тікелей эфир хабары жүргізілді. Облыстық және қалалық әкімшіліктің Мемлекеттік рәміздер комиссиялары құрамдарымен бірлесе осы бағытта бірқатар жұмыстар атқардық. Мемлекеттік рәміздердің мекемелер мен кәсіпорындарда дұрыс қолданылуын қадағалау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараларға да белсенді түрде атсалысудамыз.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына латын жазуына көшуіне байланысты өзгерістер енгізілген болатын. Осыған орай «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» 989-2014 ұлттық стандартына Инвестициялар және даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің былтырғы жылғы №272-од бұйрығымен стандарттың барлық мәтіні бойынша «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуды «QAZAQSTAN» деп латын графикасында жазу бөлігінде өзгеріс енгізілгені белгілі. Аталған стандарт 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енді.
Мекеме қызметкерлері асыл тастар мен бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын кәсіпкерлер арасында ҚР «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заңының талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай шаралар «Атакент», «Ауыл-Береке», «Қайқармет» және облыстық ірі сауда орталықтарында да ұйымдастырылып, зергерлік бұйымдар айналымы барысында жоғарыда аталған заңнаманың талаптары сақталмауының соңы айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғатындығы жөнінде әңгімелесулер өткізілді. Бағалы металдар мен асыл тастар туралы заңнама саласындағы саясатты жүзеге асыру мақсатында аталған базар және сауда кешендерімен арада меморандумдар жасалып, бекітілді. Тұтынушылар мен кәсіпкерлерді ақпараттандыру үшін зергерлік бұйымдарды сату орындарында айналым ережелері жазылған жаднамалар орналастырылды. Жалпы, бұл іс-шаралар тұтынушыларды алдау мен сапасыз тауарды сатып алудан қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар департамент тарапынан Еуразиялық экономикалық одақтың қабылданатын техникалық регламенттеріне облыстағы мүдделі кәсіпкерлер мен тұлғалардың ескертпелері мен ұсыныстарын уақтылы енгізу жөніндегі өңірлік штаб жұмысы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Өнімді каталогтау – департаменттің негізгі міндеттерінің бірі. Мекемеміз кәсіпкерлер мен тұтынушыларды жан-жақты ақпараттандыру мақсатында отандық өнімді өндірушілер жайында және олардың өндіретін өнімдерінің құрамының сипаттамасы туралы реестрді үзбей жүргізуде. Оған отандық өндірушілер өздері тарапынан ұсынылған каталогтік парақ арқылы тіркеледі. Былтыр өңірімізде шығарылатын өнімдер бойынша 19 отандық өндірушінің 61 каталогтік парағын тіркеп, комитет сайтына енгіздік. Бүгінгі таңда комитет сайтына барлығы 387 каталогтік парақ тіркеліп отыр.
Жалпы техникалық реттеу және метрология саласындағы жұмыстармен екінің бірі таныс емес. Осы тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Түсіндірмелер заман талабына сай әлеуметтік желілерде де жарияланып отырады.
Сонымен қатар департамент пен Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды, соның нәтижесінде техникалық реттеу және метрология саласында білікті мамандар тәрбиелеу, студенттерге арналған дәріс сағаттарын ұйымдастыру жемісті жалғасын тауып келеді. Меморандумда сондай-ақ өзара тәжірибе алмасу және стандарттау, метрология, техникалық ақпарат және кадрлар даярлау саласында техникалық ынтымақтастықты нығайту бойынша тиімді жұмыстарды жүзеге асыру да қарастырылған. Тұтынушылар құқықтарын қорғау мақсатында қоғамдық бірлестіктер мен жеке тұтынушылар тарапынан түскен шағымдар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу туралы меморандумдарға да қол қойылды.
Өткен жылы департамент қызметкерлері қазақстандық стандарттау институты мамандарымен бірлесе облыстың әртүрлі өнімдер өндірумен айналысатын 12 кәсіпорында болып, регламенттер мен стандарттар туралы түбегейлі түсіндіру, оларға енгізілген өзгерістерді уақтылы хабарлау және ақпараттандыру жұмыстарын жүзеге асырды.
Департаментке келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштері де ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» Заңына сәйкес қаралып отырады. 2018 жылы 64 жеке, 66 заңды тұлға тарапынан өтініштер келіп түсті. Барлығы да заңнамада белгіленген мерзім ішінде қаралып, толыққанды жауаптары қайтарылды. Негізінен бізге келіп түсетін өтініштердің дені – белгілі бір өнімнің сәйкестігін міндетті растауға қатысты сұрау салулар сипатында. Департаментте техникалық реттеу мен метрология мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау да күн сайын дерлік жүзеге асырылады.
Мекеме ұжымы алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыруларды басшылыққа ала отырып, мемлекетіміздің өркендеуіне өзіндік үлестерін қоса беретін болады.
Әлия АХМЕТОВА,
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті
облыс бойынша департаментінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support