- Advertisement -

Микроқаржы ұйымдары туралы Микроқаржы ұйымдарының қызметі Даму және бақылау

69

- Advertisement -

Микроқаржы ұйымы – бұл коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ «Микроқаржы ұйымдары туралы» ҚР Заңымен рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға.
2012 жылғы 5 желтоқсанда қолданысқа енгізілген «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — Заң) микрокредиттеу тетіктерін жетілдіруге, микрокредиттердің берілуіне бақылауды күшейтуге, микроқаржы ұйымдарының ашықтығын арттыруға, бұқара халықтың микрокредиттерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының қызметін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Микроқаржы ұйымы ретiнде тiркелмеген заңды тұлғаның өз атауында «микроқаржы ұйымы» деген сөздердi, оның солардан туындайтын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратындығын меңзейтін сөздерді немесе «МҚҰ» деген аббревиатураны пайдалануға құқығы жоқ екенін айта кеткен жөн.
Микроқаржы ұйымы бір қарыз алушыға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде микрокредиттер береді (2019 жылға 1 айлық есептік көрсеткіш 2525 теңгені құрайды).
Микроқаржы ұйымы өзінің жоғары органы бекіткен микрокредиттер беру қағидалары болғанда ғана микрокредиттерді беруге құқылы.
2016 жылдың 1 шілдесінен бастап микрокредиттерді ұсыну шартын жасағанға дейін Микроқаржы ұйымдары қарыз алушы жеке тұлғаларға, олардың таңдауы бойынша кредиттеудің 2 шартын ұсынуға міндетті: 1) комиссия ұстамай және 2) комиссия және басқа да төлемдерді ұстап. Екінші нұсқаны таңдаған кезде комиссиялар мен басқа да төлемдер Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы №134 қаулысымен бекітілген Жеке тұлғаға микрокредит беру және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен басқа да төлемдер тізбесінен алынады.
Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы мәселені қарау кезінде өз әдістемесі негізінде есептелген қарыз алушы (өтініш беруші) жеке тұлғаның кредиттік скорингін немесе кредиттік бюро берген кредиттік скорингті ескереді.
Микроқаржы ұйымдары микрокредиттер беру жөнiндегi қызметiне қосымша мынадай қызмет түрлерiн:
1) Қазақстан Республикасының резиденттерiнен және резидент еместерiнен қарыздар (азаматтардан кәсiпкерлiк қызмет ретiнде қарыз түрiнде ақша тартуды қоспағанда) мен гранттар тартуды;
2) уақытша бос активтердi екiншi деңгейдегi банктердiң депозиттерiне орналастыруды;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен микрокредиттi қамтамасыз ету ретiнде алынған кепiлдегі мүлiкті пайдалануды және оған иелік етуді;
4) кредиттік бюролардың, микроқаржы ұйымдарының, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау жөнінде қызметтер көрсететін ұйымдардың және күзет қызметіне лицензиясы бар ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуды;
5) меншікті мүлкiн өткізуді;
6) микрокредиттер беру жөнiндегi қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетуді;
7) меншікті мүлкiн мүліктік жалға беруді (жалдауды);
8) лизинг қызметiн іске асыруды;
9) микроқаржы ұйымдары қызметінің мәселелері жөніндегі арнайы әдебиетті ақпарат тасымалдағыштың кез келген түрінде өткізуді;
10) Қазақстан Республикасының резиденттері – сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шарттарын жасасуды;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақша эмитентінің агенті функцияларын іске асыруды;
12) хеджирлеу мақсатында жасалатын туынды қаржы құралдарымен мәмілелерді бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жасасуды жүзеге асыруға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) есептік тіркеуді жүргізедi;
2) микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізеді;
3) пруденциялық нормативтердi және микроқаржы ұйымының сақтауы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi және оларды есептеу әдістемесін, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептілікті табыс етудің нысандары мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;
4) микроқаржы ұйымының есептілік тiзбесiн, нысандарын, оны табыс ету мерзiмдерi мен тәртiбiн айқындайды;
5) берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын әзірлейді және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді;
6) микроқаржы ұйымының қызметіне тексеруді жүзеге асырады;
6-1) микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
7) осы Заңның 15-бабы 2-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде және 16-бабының 5-тармағында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, микроқаржы ұйымдарын, микроқаржы ұйымдары ретінде есептік тіркеуден өтпеген микроқаржы ұйымдарын, сондай-ақ осы Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік қайта тіркеуден өтпеген микрокредиттік ұйымдарды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы сотқа талап-арыз береді;
8) осы заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Уәкілетті орган микроқаржы ұйымы пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзған, микроқаржы ұйымының лауазымды адамдары мен жұмыскерлерінің заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған, Қазақстан Республикасы заңдарының және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінің талаптары сақталмаған кезде осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады.
Санкциялар ретінде, заңда көзделген нақты негіздер болса, уәкілетті орган микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарады.
Көріп отырғанымыздай, заңды қабылдау арқылы МҚҰ қызметін реттеу және микрокредит алушылардың құқықтарын қорғау үшін қажетті барлық құқықтық негіздер құрылды.

Гүлден Ақылбекова,
ҚР Ұлттық Банкі
Жамбыл филиалының
бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support