- Advertisement -

Жыртық киім – жаман ырым

747

- Advertisement -

Әр адамның жеке талғамы барына таласымыз жоқ. Бірақ сән қуғанның жөні осы екен деп бүгінде ашық-шашық жүретін жастар қатары көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе қыз балалар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 26-аятында: «Ей, адам баласы! Сендерге абыройларыңды жабатын һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда біле білсеңдер, ең қайырлы киім – тақуалық киімі. Ол – Аллаһтың белгілерінен» дейді. Ислам дінінде заманға сай киінуге шек қойылмайды. Бәрі де жөнімен, үйлесімімен болып жатса, қанеки! Жаһанда жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды даму үстінде. Ел экономикасы артып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарғанымен жастардың батыс мәдениетіне еліктеуі өрши түскені алаңдатады. Соңғы кездері еуропалық сән салондарының сан алуан киім үлгілері нарықты жаулап бара жатыр десек те болғандай. Соның ішінде жастардың бұтынан тастамай киіп жүрген джинси шалбары да бар. Міне, осы тыртиған шалбар, кіндік пен бөксе арасын ашық-шашық қалдыратын басқа да батыстық киім үлгілері біздің де базарларымызда самсап-ақ тұр. Дәрігерлер мұндай киімдердің ұрпақ саулығына қатер төндіретіндігін айтып, дабыл көтеруде. Әйтсе де оған құлақ аса қоятындардың саны аз екендігі қынжылтады. Өкінішке қарай, жастарымыз басқа жөні түзу ештеңе таппағандай, жұлым-жұлымы шыққан джинси киюді сәнге айналдыруда. Көзге түрпі көрінетін осынау әдеттен арылар күн болар ма екен?
Үлкендер ылғи «Жыртық киім – жаман ырым» деп айтып отырушы еді. Әжеміз үстіміздегі киімнің сөгілген тұсын байқаса болды, үстімізден шешіп алып, инесін сабақтап, бір демде көктеп бере қоятын. Неге екенін қайдам, бірақ бүгінгі қыздар бүтін емес, түрі оңған, шұрқ-тесік шалбар киюге әуес-ақ. Мүмкін айналасына өзінің сұлулығы мен сымбатын осы шұрқ-тесік шалбар арқылы танытқысы келетін шығар.
Жастардың санасын жаулап алған, міне, джинсиіңіздің тарихы тамырын қайдан тартып жатыр? Бағзы кездері ауыр жұмыс істейтін жұмысшылардың сұранысымен төзімді матадан дайындалған шалбарлар таптырмас киімге де айналғаны белгілі. Бағасы да қымбаттау болғандықтан, оны жұмысшылар әбден тозып, жұлым-жұлымы шығып жыртылғанша үстерінен шешпеген. Жұмысшылардың бұтында әбден тозып, жұлым-жұлымы шыққан джинсилер өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайда болған субмәдениет өкілдерін айрықша қызықтырса керек-ті. Олар оны панк-рокерлердің киім қорына қосып, сахнаға алып шықты. Содан бері ол әлемді шарлап, жастардың есіл-дертін алуда. Енді, міне батыс елдерінде етек жайған осынау киім үлгісі қазақ қыздарының да тастамай киетін киімінің қатарына қосылып кеткендей ме, қалай?
Сәнге айналған киімнің қашанда жоғары сұранысқа ие болатындығы бесенеден белгілі. Жақында бір құрбым дүкен сөресінде тұрған джинсиді суретке түсіріп, телефон арқылы маған жіберді. Ашып қарасам, әлгі шалбардың сау-тамтығы жоқ. Түгел-дерлік жыртық. Бағасы қарапайым джинси шалбарынан екі еседей қымбат. Жастар арасында трендке айналған бұл киім үлгісін қаламыздың кез келген сауда орындарынан табуға болады. Мәселен, «Барс» сауда үйінде мұндай бір шалбардың құны 10000-20000 теңге аралығында. Әсіресе «Рванка» деп аталатын джинсиге деген жұрттың қызығушылығы ерек көрінеді. Бұл туралы аталған сауда орталығының сатушысы Вероника Тайдакеева былай дейді:
– Бүгінде джинси шалбарлары бойжеткендер арасында өте жоғары сұранысқа ие. Бізге тапсырыс беретіндер негізінен 15 пен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Ал дүкенімізге мұндай киімдер тікелей Гонконгтан әкелінеді. Италияндық материалдан дайындалатындықтан, сапасы өте жоғары. Ешуақытта сәннен қалмайды. Сол себепті өзге шалбарларға қарағанда бағасы да қымбаттау.
Ал қала тұрғыны Жамал Оразбаева көрер көзге ерсілеу көрінетін бұл киімнің қазақ діліне жат екенін айтады. «Мұндай киімдерді нарыққа шығармау керек. Қыздардың жыртық киім киіп жүруі – жаман ырым. Бұл жастарға жақсы тәрбие бермейді. Ертеректе қыздарымыз кең етек көйлек киіп, шаштарын екі өрім етіп өріп, ұзына бойына сылдырмақ, шолпы таққан. Осы сән мен салтанатымызды жаңғыртар кез келген секілді», – дейді ол.
Жалпы жыртық киім – мүсәпірліктің, жоқшылықтың да белгісі. Ең алдымен қыздарымыз соны ұғып, түсінсе дейміз. Бізде ұлттық нақыштағы киімдер көптеп тігіліп, нарыққа шығарылар болса, джинсилеріңіз өзінен-өзі сырттап қала берер еді. Шеберлеріміз ұлттық киімдерімізді тек Наурыз мерекесінде ғана киетіндей емес, күнделікті киетін киім түрінде дайындаса ғой. Осы іске отандық сән салондары, тігін шеберханалары жаппай кіріссе, құба-құп болар еді.

Арайлым СКЕНДИЯРҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 4-курс студенті

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support