- Advertisement -

«Мал ұрлығының көбеюі – ең алдымен оның иелерінің сақтық шараларын сақтамауына байланысты»

214

- Advertisement -

Оқырманнан 10 сауал

«Оқырманнан 10 сауал» айдарының бүгінгі қонағы облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиев. Оқырмандардан келген сұрақтарды полиция департаментінің басшысына ұсынған болатынбыз.
сонымен…

Арман Оразалиев,
облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі.

 

 

 

 

 

– Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жақында халыққа арнаған Жолдауында ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына аса зор міндеттер жүктеді. Облыста оны жүзеге асыру неден басталып, қалай жүзеге асырылады?

Керімқұл БЕГАЛИЕВ.
Жуалы ауданы.

– 2018 жылғы 5 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында алты негізгі басымдықты атады. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Президент Әкімшілігімен бірлесіп, азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын құру үшін Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуде. Ішкі істер органдарының реформасын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастау жоспарланып отыр.
Ішкі істер министрлігімен ішкі істер органдарының штат санын оңтайландыру (штаттарды 10 пайызға қысқарту жоспарланып отыр) және ішкі істер органдарына тән емес функциялардан (объектілерді күзету және тағы басқа) босату жөніндегі жұмыстар басталды. Сонымен қатар ішкі істер органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жоспарлануда.
Ішкі істер органдарын реформалаудың толық жұмыстарымен «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі Президент Әкімшілігімен бірлесіп айналысады.
Қазіргі уақытта облыстың Полиция департаменті штаттық санын қысқарту бойынша дайындық іс-шараларын жүргізуде, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жоспарланған басқа да іс-шаралар ІІМ-нен нұсқаулардың келіп түсуіне қарай өткізіледі.

– Мен осы ауданда туып-өсіп, осында тұрып жатырмын. 1999 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Әлдебіреулер заңды жерімді иеленіп алды. Құқық қорғау органдарына шағымдансам біріне-бірі сілтейді. Қылмыс ашылмайды. Тиісті органға жолданған арызды үстінен шағымданып отырған адамның мүддесіне шешіп береді. Құрметті департамент басшысы мені осындай сұрақпен жеке қабылдауыңызды сұранамын.

Жантайлақ ҚАНАЕВ.
Жаңатас қаласы.

– Сіздің Сарысу ауданы прокурорының атына жазған арызыңыз аудандық полиция бөліміне 2018 жылғы 6 тамызда тіркелген. Онда Сарысу ауданы Түркістан ауылдық аймағында өзіңізге тиесілі өндірістік кооперативтің егін егетін жеріне Н. және Ә. деген азаматтар рұқсатсыз баса-көктеп егін егіп, шығын келтіргенін көрсеткен болатынсыз.
Арызыңыз бойынша Н. есімді азамат анықталып, оның «Ақжол-Н» шаруа қожалығының басшысы екендігі белгілі болды. Одан түсінік алу барысында 2018 жылдың сәуір айында Сарысу ауданының тұрғыны С. есімді азамат пен інісі А. есімді азамат екеуі өзара келісіп, 100 гектар жерге егін егіп, түскен пайдасын жиын-терін болған соң екіге бөліп алғанын, ал Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тұрғыны Ж.Қанаевты танымайтындығын көрсеткен.
Сол себепті сіздің түсірген арыз-шағымыңыз бойынша өндірістік кооперативіңізге тиесілі егіндік алқабына қатысты жер телімінің құжаттарын алып келу үшін және толық көлемде жауап алу үшін полиция бөліміне шақырылған болатынсыз. Алайда келмедіңіз.
Сіздің арызыңыз бойынша анықталған «Ақжол-Н» шаруа қожалығының басшысына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы салдарынан, жиналған іс-құжат азаматтық түрде 2018 жылғы 9 тамызда шығыс №27-27-111/2820-и санымен Сарысу аудандық сотына жолданған.

– Мектеп оқушыларының арасындағы әлімжеттік туралы көп естіп жатамыз. Оның ішінде жасөспірімдердің топ болып төбелесуі, ақша жинау сынды оқиғаларды да құлағымыз шалып қалады. Осыған байланысты аудандағы мектеп инспекторларының жұмысын күшейтуге бола ма?

Балнұр ЖЕКСЕНБЕК.
Шу ауданының тұрғыны.

– Қазіргі уақытта полиция департаменті жергілікті полиция қызметімен, бопсалау деректерін анықтау бойынша кешенді шаралар өткізілуде. 2018 жылы ювеналдық полиция қызметкерлерімен бопсалау бойынша 5 дерек анықталып, ашылған. Ағымдағы жылы 2131 мектеп іс-шарасы өткізілді. Іс-шаралар өткізу барысында әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін – 7067 жасөспірім, спирттік ішімдіктерді ішкені үшін – 194, бұзақылық жасағаны үшін 113 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілген.
Бірнеше рет құқық бұзушылық жасағаны үшін 43 жасөспірім арнайы мектепке орналастырылған. Сондай-ақ өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамай, түзету жолына түспеген 65 ата-ана және қамқоршылар ата-аналық құқығынан айырылды.
Сонымен қатар ювеналдық полиция қызметкерлері мектептерде күнделікті профилактикалық жұмыстарын жүргізуде екендігін хабарлаймыз.

– Менің қызым Жамиля Сагизбаеваны 2017 жылдың 3 ақпан күні шамамен сағат 11 шамасында Тараз қаласының Фурманов көшесінің бойындағы «Дастархан» кафесінің алдында жаяу жүргіншілер жолында қызметтік көлік қағып кетті. Жүргізуші бойтасалап қашып кеткенімен үш күннен соң полиция қызметкерлері құрықтады. Алайда жүргізуші ұсталғанымен тергеу жұмыстары жүргізілген-жүргізілмегенін біз білмейміз. Қызымыз бір ай Тараз қалалық ауруханасында «комада» жатты. Жол ережесін бұзып, қызымды ауруға душар еткен жүргізуші ешқандай көмектескен жоқ. Қызым сол жол апатынан ауру болып қалды. Қыздың жамбасы сынып, бауыры, басы, басқа да дене мүшелері қатты зақымданған. Ал жүргізушіге ешқандай жаза қолданбаған. Осы оқиғаны өзіңіз назарға алып, тергеу шараларын қайта қозғауға ықпал ете аласыз ба?

Жанаткүл АБИЛДАЕВА.
Тараз қаласының тұрғыны.
– 2017 жылы 4 ақпан күні орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталған. 2017 жылғы 17 наурызда № 366 санды сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, азаматша Ж.Сагизбаеваның денсаулығына ауыр дәрежедегі зиян келтірілген. Осыған байланысты қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігінен 345-бабының 2-бөлігіне сараланды.
Жүргізілген сот-автотехникалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, «Nissan Sentra» маркалы автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргінші қозғалысты бастаған сәттен, шұғыл тежеу арқылы қағып кетпеуге техникалық мүмкіншілігі болмағаны анықталып, 2017 жылғы 20 тамызда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің нәтижесі бойынша автокөлік жүргізушісі іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты, оған қатысты іс-құжаттар ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағының талаптарына сәйкес өндірістен тоқтатылып, шығарылған шешімнің заңдылығын тексеру үшін қалалық прокуратураға жолданған. 2018 жылғы 16 наурызда Тараз қалалық прокуратурасымен қылмыстық істі қысқарту туралы шешімі бұзылып, қосымша тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін Тараз қалалық ПБ-не қайта жолданған.
Қосымша тексеру барысында қайта сұралған жәбірленуші Ж.Сагизбаева оқиға болған күні өзінің таныстарымен бірге «Дастархан» дәмханасында отырып, аздап шарап және сыра ішіп шыққанын, автокөліктің сол дәмхананың тұсында жолдан өтіп келе жатқан кезінде қағып кеткенін, ал себебі есінде жоқ екендігін өз жауабында көрсетіп отыр.
Қайта сұралған автокөлік жүргізушісі жаяу жүргінші Ж.Сагизбаеваны қалалық аурухананың ақылы бөліміне өзі ақшасын төлеп жатқызып, емдеткенін өз жауабында көрсеткен. Бұл оқиға бойынша сұралған Тараз қалалық ПБ ЖППБ кезекші инспекторы жол-көлік оқиғасы орын алды деген хабар алғаннан кейін оқиға орнына шыққанын, оқиға болған жерді қарау кезінде оқиға орнында қалған автокөліктің алдыңғы «решеткасының» сынықтары мен ақ түсті сырдың қалдықтарынан оқиғаның орны анықталғанын, яғни Көшеней көшесінің бойында орналасқан «Евразия» мейрамханасының тұсы екендігін өз жауабында көрсетті.
Тексеру барысында Ж.Сагизбаеваның «автокөлік «Дастархан» дәмханасының тұсында қағып кетті» деген жауабы өз дәлелін тапқан жоқ. Сонымен бірге жол-көлік оқиғасы бойынша қайта сараптама тағайындау үшін ешқандай қосымша айғақтар табылмағандықтан, қайта көлік құралының және жол-көлік оқиғасының мән-жайларын зерттеу бойынша сараптама тағайындаудың еш мәні жоқ екендігін ескеру қажет.
2018 жылғы 13 сәуірде жүргізушінің іс әрекетінде ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігінде және 347-бабында көрсетілген қылмыс құрамы болмауына байланысты ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі қысқартылған.

– Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданында мал ұрлығы жиілеп кетті. Шынын айту керек, мұндай оқиғалар жыл сайын орын алады. Әсіресе ауданның ауылды жерлерінде осы жағдай жұрттың мазасын қашырып, берекесін алуда. Сол себепті аудан тұрғындарының атынан осы мәселеге қатысты шара қолдануыңызды сұраймыз.

Қайрат ӘДЕК.
Мойынқұм ауданының тұрғыны.
– 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Мойынқұм аудандық полиция бөлімінде 6 мал ұрлығы тіркелді (2017 жылы – 11). Мал ұрлығы қылмыстарының саны 45,5 пайызға (11-ден 6 дерекке) төмендеген. Ал қылмыстың ашылу пайызы 77,8 пайызды құрады. (2017жылы – 57,1 пайыз). Яғни, қылмыстың ашылуы өткен 2017 жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға артқан.
Мал ұрлығының алдын алу, болдырмау, жолын кесу, ашу, олармен айналысатын тұлғаларды анықтау облыстық полиция департаментінің және Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің қатаң бақылауында.
– Шу қаласында көп қабатты үйлердің пәтерін тонау жиі орын алуда. Соның әсерінен қала тұрғындары үнемі үрей үстінде жүреді. Осы қылмыстың жолы қашан кесіледі?

Асхат БАЯЛБЕКОВ.
Шу қаласының тұрғыны.

– 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Шу аудандық полиция бөлімінде 35 пәтер ұрлығы тіркелді (2017 жылы – 55). Пәтер ұрлығы қылмыстарының саны 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,4 пайызға (55-тен 35 дерекке) төмендеген. Оның 19-ы өндіріспен ашылып, аяқталған, 12 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілді, қылмыстың ашылуы 61,3 пайызды құрады (2017 жылы – 50,9 пайыз). Пәтер ұрлығы қылмысының ашылуы өткен 2017 жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға артқан.
Ағымдағы жылы Шу қаласында көп қабатты үйлерде пәтер ұрлығы қылмыстарымен айналысып жүрген 5 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Олардың Шу қаласында жасалған 8 пәтер ұрлығына қатысы бар екендігі анықталды. Қазіргі таңда олар қамаққа алынды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Пәтер ұрлығының алдын алу, болдырмау, жолын кесу, ашу олармен айналысатын тұлғаларды анықтау облыстық полиция департаменті мен Шу аудандық полиция бөлімінің қатаң бақылауында.

– Биыл немерем Бекжасар Дамир Тараз мемлекеттік университетін дене шынықтыру мамандығы бойынша бітіріп, диплом алды. Ол полиция қызметкері болғысы келеді. Немеремнің әкесі үшінші, анасы екінші топтағы мүгедек. Сіздерге қызметке тұра ала ма? Егер қызметке қабылдауға мүмкіндік болса қандай да бір көмек немесе жеңілдік қарастырылған ба?

Бекжасар ЕРМАХАНБЕТОВ.
Байзақ ауданы.

– Ішкі істер органдарына қызметке қабылдау 2011 жылғы 11 қаңтардағы № 380-ІV Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі» туралы ҚР Заңына сәйкес жүргізіледі.
Құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады. Жасы он сегізге толған және отыз бес жастан жоғары емес, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулығы мен дене бітімінің даму жағдайы, білім деңгейі жөнінен өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және конкурстық комиссияның шешімімен белгілі бір лауазымға лайықты деп танылғандар.
Ішкі істер органдарына қабылданатын азаматтарға қойылатын талаптар – дені сау, бойы 175 сантиметрден төмен болмауы тиіс (әйелдерге – 160 см.).
Бүгінгі таңда ішкі істер органдарына қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі.
Бос лауазымға орналасу үшін конкурсқа қатысуға қойылатын талаптар:
– Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда жеке қасиеттерін бағалауды қоса алғанда Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған компьютерлік тестілеуден өтуі қажет;
– ІІО-ның кадр қызметтері Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеуден өту туралы сертификаты болған кезде азаматтарға қажетті құжаттар тізбесін береді, заңда белгіленген қойылатын біліктілік талаптарын түсіндіреді және олардың қызметке жарамдылығын айқындау үшін ІІО-ның әскери-дәрігерлік комиссиясында медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтуге жібереді (Аймақтық әскери-дәрігерлік комиссиясы).
Сіздің жағдайда, Бекжасар Дамир жоғары білімі «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы лауазымына және саптық бөліністеріне орналаса алады. Егер де жоғарыда көрсетілген конкурстық кезеңдерден өткен жағдайда, қандай да бір қолдау, жеңілдіктер заңда қарастырылмаған.

– Талас ауданында соңғы төрт жылда 267 жылқы мен мүйізді ірі қара малы ұрланып, барымташылар қолға түспесе, былтыр және биылдың өзінде ұрланған 166 жылқы мен 17 мүйізді ірі қара малының ұрлығы ашылған жоқ. Халық қатты ашулы. Сонда жергілікті полиция қызметі немен айналысуда?

Cабырғали РЫСБАЕВ.
Қаратау қаласы.

– 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Талас аудандық полиция бөлімінде 19 мал ұрлығы тіркелді (2017 жылы – 33). Мал ұрлығы қылмыстарының саны 42,4 пайызға, яғни 33-тен 19 дерекке төмендеген, оның 17 қылмысы өндіріспен ашылып, аяқталған (2017 жылы – 14), 4 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілді (2017 жылы – 19). Ашылмай қалған мал ұрлықтарының саны 78,9 пайызға төмендесе, қылмыстың ашылуы 81 пайызды құрады (2017 жылы – 48,1 пайыз), яғни өткен 2017 жылмен салыстырғанда 38,6 пайызға артқан.
Талас ауданында мал ұрлығының алдын алу бойынша бірқатар профилактикалық шаралар атқарылуда. Соның нәтижесінде 2015 жылы осы ауданда 113 мал ұрлығы тіркелсе, 2016 жылы мал ұрлығы 31,9 пайызға, яғни 113-тен 77 дерекке төмендеген. Ал 2017 жылы 30,2 пайызға, яғни 77-ден 47 дерекке төмендеген.
Ағымдағы жылы осы ауданда мал ұрлығымен айналысып жүрген, 4 адамнан тұратын 2 қылмыстық топ құрықталды. Сондай-ақ қазіргі таңда мал ұрлығының алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметімен республикалық және облыстық, ауылдық автожолдарында мал тасымалдайтын автокөліктерді тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Ағымдағы мерзімде автокөліктер мен мал тасымалдаудың 607 дерегі тіркеліп, анықталған. Сонымен қатар малды заңсыз тасымалдап, ветеринарлық заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін 108 жеке және заңды тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, 3 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Аудандық полиция бөлімдерінде облыс аумағында ұрлық қылмыстарына қарсы іс-қимыл бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ жергілікті полиция қызметі мен Ветеринарлық инспекция қызметімен ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру (идентификация) жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Бұл тараптан учаскелік полиция инспекторлары бірдейлендіру бойынша жұмыс кезінде ауыл тұрғындарының арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың малының тізімін бірдейлендіру базасына қосу керектігі айтылуда. Осы орайда, мал ұрлығына жол бермеу мақсатында мал иелері мал бағу келісімін бекіту, жауапты тұлға тағайындау арқылы жұмыстар жүргізсе, өз малының қауіпсіздігін қамтамасыз етер еді. Малын алыс жайылымдарға жіберіп тастап, айлап іздемейді, қолды болған жағдайда, бірден полицияға хабарламай бірнеше күн өздері іздеп, ұрылардың ізін суытуына жағдай жасайды. Сол себепті мал ұрлығының көбеюі ең алдымен оның иелерінің сақтық шараларын сақтамауына байланысты екенін тағы да ескертеміз.
Мал ұрлығының алдын алу, болдырмау, жолын кесу, ашу, олармен айналысатын тұлғаларды анықтау облыстық полиция департаменті мен Талас аудандық полиция бөлімінің қатаң бақылауында.

– Қоғамдық тәртіп қашан дұрыс жолға қойылады?

Уәлихан ДӘРМЕНҚҰЛОВ.
Меркі ауданы.

– 2018 жылы қоғамдық орындарда 2440 қылмыс жасалып, өткен жылмен салыстырғанда 26,3 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында облыс аумағында криминогендік учаскелерде полицияның кешенді күштері 630-ға жуық арнайы іс-шаралар жүргізді. Соның нәтижесінде ПД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен 1306 қылмыс ашылды.
Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша – 2314 құқық бұзушылық анықталды, ҚР ӘҚБтК 440-бабы (қоғамдық орындарға мас күйінде келу) бойынша – 5935, ҚР ӘҚБтК 441-бабы бойынша (темекі шегуге тыйым салуды бұзу) – 2609 құқық бұзушылық анықталды.
Бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табуда және полиция департаментінің күнделікті бақылауында.

– Қазіргі кезде Мойынқұм ауданында заңсыз отын тасымалы кездеседі. Соңғы жылдары сиреп бара жатқан сексеуілді шауып, оны қалаларға тасымалдау секілді оқиғалар көптің көкейіндегі мәселелердің бірі. Осыған орай қандай да бір шара қолдануға бола ма?

Мадина ЕЛЕУ.
Мойынқұм ауданы.

– Облыстық полиция департаментімен тұрақты негізде сексеуілді заңсыз кесу фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
2017 жылы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқан Мойынқұм ауданының тұрғындары арасынан бір топ қылмыскер анықталды. Қазіргі уақытта кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, әртүрлі жаза мерзіміне сотталды.
Мойынқұм ауданының жергілікті тұрғындары қысқы уақытта ағаш отынымен, соның ішінде бір отбасына шамамен 3-4 текше метр көлемінде сексеуілмен қамтамасыз етіледі. Қамтамасыз ету тәртібі Орман кодексінің тиісті ережелеріне сәйкес реттеледі. Осыған байланысты Мойынқұм ауданындағы әрбір тұрғын үйде белгілі бір мөлшерде сексеуіл болады, оның қалдықтарын тұрғындар өз қалауы бойынша пайдаланады.
Сексеуілді тасымалдаудың әрбір жағдайында құқық қорғау органдарының қызметкерлері табиғатты қорғау қызметінің инспекторларымен өзара іс-қимылда жаңа кесілген сексеуілдің болуына тексеру жүргізеді. Сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнама қолданылады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support