Армандар орындалады!

Елбасының бастамасымен қабылданған «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алып жатқан түлектеріміз көп. Солардың алды туған жерге оралып, елімізде еңбек етіп жүр. Білімін тереңдетіп, шетелде тәжірибе жинап жатқандар да баршылық. Кеше облыс әкімдігінің және облыстық білім басқармасының қолдауымен облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін орталықта «Тараз түлегі – online bell» атты халықаралық ынталандыру онлайн режіміндегі шеберлік сабағында «Болашақ» түлектері облыс оқушыларымен онлайн байланысқа шығып, әңгімелесті.
Әуелі «Назарбаев зияткерлік мектептері» басқарма төрайымының орынбасары Назипа Аюбаева сөз алып, өзінің Жуалы ауданында көп оқушының бірі болып мектеп бітіргенін, кейіннен ізденісінің нәтижесінде Кембридж университетінде білім алғанын сөз етті. 13 елдің Премьер-Министрін, 116 Нобель сыйлығының лауреатын тәрбиелеп шығарған университеттің бүгінгі жетістігін айта келіп, сенім, табандылық пен шыдамдылық адамды мақсатқа жеткізетін баспалдақ екеніне тоқталды. Ал Америкадан байланысқа шыққан Қайрат Әшім мен Ұлыбританиядан тікелей тілдескен Жанат Төтешова өздерінің биік мақсатқа қалай жеткенін әңгімелеп берді. Әсіресе екі перзентімен пәтер жалдап, Ұлыбританияда оқып жатқан Жанаттың табандылығына түлектер қызығушылық танытты.
Қуаныш Шоңбай – бар болғаны 19 жасында 1 миллион таза табыс тапқан белгілі кәсіпкер. Қазіргі таңда ол басқаратын компанияның жылдық таза табысы 2 миллиард теңгеден асады екен. Кәсіпкердің осы еңбекқорлығы – жастарға үлгі. Ресейдің ең үздік университетінде білім алған Азамат Әмірханның өскелең ұрпақтың өнеге алар тұсы көп. Ол экологияны қорғау, Отанды сүю мәселелеріне тоқталып, ойымен бөлісті.
Мұнан соң сұрақ-жауап кезеңі басталды. Бір қуанарлығы, түлектер тосылған жоқ. Өздерінің көкейіндегі сұрақтарын мұхиттың арғы жағынан байланысқан аға-әпкелеріне де, елдегі ағаларына да қойып, еркін пікірлесті. Әсіресе байзақтық Камшат Жолдыбектің, құландық Айдана Үкібаеваның, тараздық Ержан Құрманжанның, Бейбарыс Әбудің сұрақтары көңілге қонымды болды. Түлектер сұрақ қойған соң, облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова да кейбір мәселелерді тарқатып айтып, жауап берді. Ол облыс мектептерінің алдағы уақытта 35 пайызы робототехнологияға көшетінін, он екі IT сынып ашылатынын қозғады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында өткізілген шеберлік сабағының соңында сұрақ қойған түлектерге шетелде оқып жатқан аға-әпкелерінің атынан сыйлықтар тапсырылды. «Назарбаев зияткерлік мектептері» басқарма төрайымының орынбасары Назипа Аюбаева да бірнеше оқушыға өзінің сыйлықтарын ұсынып, шеберлік сабағын ұйымдастырған облыс әкімдігіне алғысын білдірді.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, мектеп түлектеріне табыс тілеп, оларды осы аға-әпкелері секілді табанды, еңбекқор болуға шақырды. Алға мақсат қойған адамның арманына жететінін айтып, осы жиынға арнайы қатысқан «Назарбаев зияткерлік мектептері» басқарма төрайымының орынбасары Назипа Аюбаеваға алғысын білдіріп, «Тарихи зерде жаңарған атаулар» кітабын тарту етті. Сондай-ақ Ерқанат Нұрбапаұлы осы шеберлік сабағын жоғары деңгейде жүргізген белгілі журналист Қанат Әуесбайға алғысын айтып, мұндай жиындар түлектерге үлкен серпіліс туғыз­­­­ғанына сенім білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

https://4store.com.ua/