- Advertisement -

Өркенді істер – өркендеу кепілі

100

- Advertisement -

Болат РЫСМЕНДИЕВ,
аудан әкімі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, бұл – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге төтеп беру және бір мезгілде жаңа жағдайларда еліміздің әлемдегі дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі басты жоспары. Онда алға қойылған міндеттер Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында да үйлесімін тапты. Осынау ұзақ мерзімді бағдарламалардың толықтай жүзеге асуы әрбір қазақстандықтың, ұлттың қоғамдық санасын жаңғыртып, бір сөзбен айтқанда, қайта түлеуімізді, рухани жаңғыруымызды талап ететіні белгілі.
Демек, ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктерімізді жаһандық бәсекеге қабілеттілікке бейімдей отырып, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына қол жеткізіп, цифрлық технологияларды қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияландыру ісін өркендетуге тиіспіз.
Жаңа индустрияландырудың бірінші және екінші бесжылдығында бұл міндеттер еліміздің барлық өңірлеріндегі секілді біздің ауданымызда да оң шешімін тауып, өркенді істер қанатын кеңге жая бастады. Өңірімізде әлемдік бәсекеге қабілетті зауыттар салына бастауы – соның нақты айғағы.
Мысалы, елімізді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында жалпы құны – 18211,7 миллион теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. «Talas Investment Company» ЖШС 2014 жылы ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ететін, ішкі резерві жылына 15,0 мың тонна натрий цианидін өндіруге есептелінген зауыт құрылысының инвестициялық «зәкірлік» жобасын іске асырды. Оның жалпы құны 12,9 миллиард теңгені құрады.
Ал 2015 жылы «Жамбыл Недр» ЖШС жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын, жылына 300,0 мың тонна М-400, 500 маркалы цементін өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстарын аяқтап шықты. Аталған кәсіпорын құрылысын салуға 4 гектар жер телімі бөлінген-ді. Мұнда қазіргі таңда 173 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Басты шикізат көзі ретінде «Сүлейменсай» қазаншұңқырының әктасы мен топырағын пайдалану көзделуде.
Былтыр жалпы құны 1946,0 миллион теңгені құрайтын 1 инвестициялық жоба өңірлік индустриалдандыру картасына енгізілді. «Қаратау Про» ЖШС-ның күшімен жылына 110,0 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыттың құрылыс жұмыстары итальяндық құрал-жабдықтар орнатылуымен өзінің мәресіне де жетті. Бұл нысан нақты іске қосылған кезде 68 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жергілікті жердегі шикізат қоры толықтай геологиялық зерттеуден өткізілген. Зауытты іске қосу 2017 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр.
Мемлекеттік бағдарламаларды және ауыл шаруашылығын қолдау құралдарын, сонымен бірге республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген субсидияны тиімді пайдалану арқылы ағымдағы 2017 жыл «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Аулие-Ата» несие серіктестігі ЖШС арқылы 4 шаруа қожалығының жобалары мақұлданып, олар 23,6 миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді.
Облысымыздың 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру бағдарламасы жөніндегі статистикалық мәліметке сәйкес, биыл аудан бойынша 736 шаруа қожалығы, бір өндірістік кооператив, екі жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелгені мәлім болып отыр. Дейтұрғанмен, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмысын жүйелеу өз дәрежесінде емес. Бұл ащы да болса, шындық. Сондықтан аталған мәселеге байланысты нақты іс-қимылдар жүргізу күн тәртібінен түспеуге тиіс.
Бір атап өтерлік жай, соңғы жылдары аудан елді мекендерінің инфрақұрылымын қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, Қаратау қаласын жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Мысалы, қаланың 3-шағын ауданындағы №49 көп қабатты тұрғын үйді қайта жаңғыртуға 224740,0 мың теңге қаралған. Соның ішінде 2017 жылы бөлінген 51111,0 мың теңге қаржыға мердігерлік ұйым – «Теберда Строй Сервис» ЖШС құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 5-шағын аудандағы №51,52,55,58 көп қабатты тұрғын үйлерге де қомақты қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Мұның барлығы да Үкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан тірліктер. Өткен жылы 120 көп қабатты үй жөндеу көрген, қазіргі жаңғыртылып жатқандары пайдалануға берілер болса, қосымша 320 адам тұрғын үй кезегі бойынша қоныс тойын тойламақ.
Биыл, сондай-ақ Қараой ауылындағы 50 орындық мектеп ғимараты оқушыларға есігін ашпақ. Ал Қасқабұлақ ауылындағы 120 оқушыға арналған орта мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуді «Керуен-Сервис» ЖШС қолға алды.
Соңғы жылдары су қоймалары мен бөгеттерін жөндеу ісіне де айрықша мән берілуде. Тамды өзенінің арнасын реттеу мен су ағызуды қалпына келтіру жұмыстарын да қауырт бастап отырмыз. Болашақта аудан аумағындағы барлық су көздерін тиімді пайдалану жүзеге аспақ. Оның ішінде суармалы егіс алқаптары да қалпына келтіріледі. Әсіресе, Талас өзенінің бойында бұл тірлік жаңаша сипат алады деп күтілуде. Елді мекендерді газдандыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілмек.
«Моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бағдарламасы аясында Қаратау қаласындағы Ә.Молдағұлова, Б.Момышұлы көшелерін қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға республикалық бюджеттен 944 миллион 972 мың теңге, облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді.
Қаратау қаласындағы көшелерді орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына электрондық конкурс ұйымдастыру жөнінде 5,369 шақырымға барлық сомасы 137515,9 мың теңгеге өтінім беріліп, мердігерлер анықталды.
Қаратау қаласындағы 21 көшеге (жалпы ұзындығы 22,489 шақырым) және аудандық мәндегі Ақкөл-Талапты, Үшарал-Кеңес, С.Шәкіров ауылына кіреберістегі (жалпы көлемі 83 шақырым) барлығы 106,978 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді.
Әрине, ауданның экономикалық-әлеуметтік салаларында атқарылатын жұмыстар ұлан-ғайыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін жаңа технологияны қолдануға басымдық берілетін болады. Түрлі тауарлар өндіруге машықтанған ауыл кооперативтерін құруға күш саламыз. Биыл су мол. Сол байлықты тиімді пайдалану – шаруаларға көп көмегін береді деп сенеміз. Қалай болғанда да жергілікті жерде өндірілген төл өнімдерімізді экспортқа шығара алатын дәрежеге жетуге тиіспіз. Ең бастысы, егістік алқаптарына жаңбырлатып немесе тамшылатып суару технологияларын енгізу ұлғайтыла түсетін болады. Оның ішінде Елбасының жастарымызды жаңа мамандықтарға оқыту, кәсіптік білім беру жөніндегі тапсырмасына байланысты жұмыстар жүзеге асырыла бастады. Оның ішінде жаңадан жеке кәсібімді ашамын деушілерді қайта оқыту, несие беру де бар.
Сайып келгенде, мұның барлығы да қоғамдық сананы жаңғырту, рухани түлеу арқылы елдің ерік-жігері мен күш-қуатын ортақ игілігімізді еселеуге бағытталып отыр. Ал ұлттық кодты сақтай отырып, прагматизмге қол жеткізу арқылы әркімнің қабілетін ашып, мейлінше үнемшілдік, іскерлік танытуға бағдар ұстану – бүгінгі атқарушы биліктің басты міндеті.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support