Сот орындаушылардың сыйы

(қаз-қалпында)

Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын Жаннаның жүрегінің сыз­дап қоя беретіні бар. Ойлайтыны балаларының қамы, әрине. Ана болған соң шиіттей төрт перзентінің ел қатарлы қуанышқа кенеліп, сыйлыққа қарық болғанын қалайды. «Осындайда әкелері де бір келіп, күнәсіз кішкентайларға жылылық шуағын сыйлап кетсе болады ғой. Балалардың да алиментін төлемей, басын алып қашып жүр» деп терең ойға шомды. «Тым болмаса өз кіндігінен тараған осы балғындарға бір-бір «Сникерс» әперуге де шамасы жетпей ме?» деп тағы бір күрсінді. Ауыр мұңға шомған оның көңілін кенеттен соғылған телефон шырылы өзіне аударып әкетті. Облыс бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік алқасынан екен. 

– Жанна әпке, келе жатқан Жаңа жылыңызбен! Осынау мерекеге орай «Өз балаңды ұмытпа, алимент төле» атты акция ұйымдастырып жатыр едік. Төрт кішкентайыңызды алып, бізге келуіңіз керек. Олардың әрқайсысына жаңажылдық сыйлықтар дайындап қойдық, – деді тұтқаның ар жағындағы қыз баласы. Қуанышты жаңалықты ести сала жүрегі аттай тулады. Балалар да мәз-мейрам. Барлығы көңілдене дереу киініп, сыртқа беттеді.
Жүрек толқытар жағымды жәйтқа куә болған жалғыз Жанна ғана емес екен. Бала тәрбиесімен бір өзі айналысып жүрген аналардың көптігіне көзі жеткендей болды. Бәрі де балаларының қолынан жетектеп, облыс бойынша жеке сот орындаушылар өңірлік алқасының ғимаратына келіп жатыр.
– Жеке сот орындаушылар алқасы алимент өндіру ісімен де айналысып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бүгіннің өзінде осы бағытта облыстағы жеке сот орындаушылардың қолында 103 атқару құжаты бар. Жұмыс нәтижелі жүргізілуде. Әрине, әр бала үшін әкесінің мейірімі мен қамқорлығына ештеңе жетпейді. «Балам» деп басынан сипағанның өзіне жеткіншектер марқайып қалады. Соның өзін сезіне білмейтін жандарға кейде қайран қаласың. Дегенмен, біз өз тарапымыздан балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды ұйғардық. Жаңа жыл мерекесі жақсылыққа толы болсын, – деді өңірлік жеке сот орындаушылар алқасының төрағасы Бақыт Қарақұлов.
Осы күні барлығы 30 балаға мерекелік сыйлықтар тарту етілді. Балғындардың қуанышында да шек жоқ. Оларды тәрбиелеп өсіріп отырған аналар да жеке сот орындаушыларға алғысын жаудырды. «Әкелері жасамаған жақсылықты сіздер жасадыңыздар. Рахмет сіздерге» деді Жанна Башаева толқынысын жасыра алмай. Өзге аналар да ризашылықтарын білдірді. Осылайша Жаңа жыл мерекесіне арналған тосын сый отыз шаңырақтың шаттығын еселей түсті.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

https://4store.com.ua/