- Advertisement -

Шу ауданының әлеуеті әлі де түгесілген жоқ

160

- Advertisement -

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапарымен барып, білім беру, денсаулық сақтау нысандары, өнеркәсіптік кәсіпорын, ауылшаруашылық секторлары және жол құрылыстарының барысымен танысты.

Облыс әкімі барған алғашқы нысан 505 гектар аумақты алып жатқан «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы болды. АЭА тікелей инвестицияларды тарту, 16 жоғары технологиялық химия өндірісін ашу мақсатында құрылған. Жоба құны – 37,2 миллиард теңге.

Қазіргі уақытта мұнда бір ғана зауыт, яғни тек  1,7 миллиард теңгенің өнімін өндірген «ХИМ-плюс»  ЖШС жұмыс істеп отыр. Жалпы сомасы 631,9 миллиард теңге болатын тағы алты жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

— АЭА құрылғаннан бастап жеті жыл ішінде бір ғана өндіріс іске қосылған! Сіздер менің тарапымнан шешілуі керек мәселелердің тізімін алға тартып отырсыздар, алайда  өз міндеттеріңізді ойдағыдай атқарып отырған жоқсыздар. Алдымен қандай да бір нәтиже көрсетіңіздер, содан кейін ғана көмек сұрауға болады, — деді Бердібек Сапарбаев.

АЭА аумағында құны  99 миллиард теңге болатын, жылына 150 мың тонна қант шығаратын қант зауытының құрылысы басталмақ. Бұл  түгел Қазақстанның сұранысының үштен бірін өтеуге қауқарлы. Алайда, инвесторларға жылына бір миллион тоннаға жуық қызылша қажет, сонда алынатын өнім көлемі  120 мың тоннадан асатын болады. Осы орайда K-Agro компаниясы Тасөткел магистральды каналына ілінген 5000 гектар суармалы жерді бөлуді сұрайды. Сонымен қатар, инвестор каналды сенімгерлікпен басқаруға алуға қатысты ұсынысын жеткізді.

Облыс әкімі бұл ретте оның зардабын төменде орналасқан басқа шаруа қожалықтары тартпау керектігін ескеріп, ұсыныс бойынша  мұқият, жан-жақты талдау қажеттігін тілге тиек етті.  Оған қоса Тасөткел су қоймасының жағдайына қатысты да туындап отырған мәселелер жоқ емес. 620 миллион текше метрге шақталған қойма бүгінде тек  500 миллион текше метр су жинауға қауқарлы.

– Бізге суды жинап, оны нағыз суаратын кезде пайдалануды үйрену керек. Бірақ қазір екі мыңға жуық текше метр ылғал бостан-босқа Мойынқұм құмдарына сіңіп жатыр. Сондықтан біз үш жаңа су қоймасының құрылысы мәселесін шешпекпіз, – деді облыс әкімі.

Жалпы «Тасөткел»  қоймасынан  93 шаруашылық каналдарына су жеткізетін үш магистралдық каналына тіршілік нәрі жіберіледі. Өткен жылы шаруа қожалықтарының қажеттілігіне 108 миллион текше метр су берілген.

Ішкі шаруашылық каналдарының тозуы салдарынан ағын су 11 мың гектар жердегі шаруа қожалықтары мен елді мекендерге тиісті көлемде жетпей отыр. Ауыспалы егіс алқаптарының болмауынан суармалы жерлер уақыт өте құрғап, өнімділік төмендейді, нәтижесінде облысты өзінің көкөністерімен және өзге де өнімдерімен қамту мүмкіндігіне кері әсер етеді.

Мұның бәрі де «Тасөткел» су қоймасының өзінің жобалық сыйымдылығына дейін арттыруға сеп болатын қайта жаңғыртудың екінші кезеңін бастауға түрткі болды. Бұл жағдайда Шу ауданындағы суармалы егістік көлемі қазіргі 27 500 гектардан 36 500 гектарға дейін ұлғайтылады. Әрине, ирригациялық желілерді қайта қалпына келтіру керек.

Ауданға жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев аудандық аурухана мен емхананың, Жаңажол ауылында орналасқан сүт цехының тыныс-тіршілігімен танысты.

Сондай-ақ өңір басшысы мақсары майын өндіретін «КазИрАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Аз ғана уақыт ішінде аяғына нық тұрған кәсіпорын бүгінде өз өнімдерін Еуропа және Азия елдеріне экспорттайды. Алайда шикізатпен қамтуда мәселе бар. Өткен жылы жергілікті диқандар мақсарыдан өте аз өнім алғандықтан бұл дақылды егуден бас тартып отыр. Соның салдарынан кәсіпкерлер шикізатты Ресейден сатып алуға мәжбүр және олар алдағы уақытта жергілікті алқаптардың жағдайы оңалар деген үмітте.

Жаңақоғам ауылдық округінде жүзеге асырыла бастаған тұрғындардың табысын арттыру жобасының аяқ алысы жаман емес. «Омар-Шу» кооперативіне округ тұрғындарының үштен бір бөлігі мүшелікке өткен. Мұнда да басқа пилоттық округтердегі секілді шаруалардың малдарды көрші аудандардан сатып алуда. Өз кезегінде мұндай қадам облыстағы жалпы мал санын арттырып отырған жоқ.

Облыс әкімі бұл мәселенің өзектілігіне назар аударып, ауылдықтарды бақша ісімен белсендірек айналысуға шақырды.

– Шілде-тамыз айларында барлық пилоттық округ өкілдерін жинап, бұл жобаның олардың табысын арттырудағы рөлін зерделейтін боламыз, – деді өңір басшысы.

Бердібек Сапарбаев Д.Қонаев аулындағы биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін орта мектепте және Төле би ауылында салынып жатқан спорт кешенінде болды. Өз кезегінде спорт нысанының құнының қымбаттылығы облыс әкімін қынжылтты.

Сол секілді Төле би ауылы мен Шу қаласының ортасында бой көтерген Салтанат сарайын да сын тезіне алды. Өйткені мұндай нысанға деген  ешқандай қажеттілік жоқ. Сондықтан облыс әкімі оны Оқушылар сарайы секілді тиімді мақсаттарға пайдалануды ұсынды.

Аудан әкімдігінің активімен өткен қорытынды жиында Б.Сапарбаев жергілікті биліктің назарын бірқатар өзекті мәселелерге аударды.

Әкімдіктер кәсіпорындардың жұмысын қайта қалпына келтіріп, жобалық қуаттылығынан шығуына барынша қол ұшын созу керек.

Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту өте төмен деңгейде. Аудан әкімдігі «Тараз» химпаркі» еркін экономикалық аймағын дамыту мәселелерімен айналыспаған. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.

Бастысы, биылғы әлеуметтік көрсеткіштер өткен жылғыдан төмен болмауы қажет.

– Шу ауданының әлеуеті әлі әлсірей қойған жоқ. Ауданға 79 жобаны уақытылы жүзеге асыру үшін 8,8 миллиарда теңге бөлінді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде ауданға қатысты 19 сыни материал жарияланған. Алайда әкімдік оның ешқайсысына үн қатпаған. Халықпен тиімді кері байланыс орнатып, көтерілген мәселелерді шешуге барынша көңіл бөлгені жөн,–деп атап өтті Б.Сапарбаев.

zhambyl.gov.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support