Бұл күнге 60 майдангер аман-есен жетіп отыр

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 75 жыл. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Соның бірі – облысымызда қолға алынды. Іс-шара аясында ҰОС ардагерлері мен мүгедектерін құттықтап, әскери бөлімшелердің шеруі де ұйымдастырылуда.

1941-1945 жылдары біздің облыстан 68710 адам майданға аттаныпты. Ал соғыс аяқталғаннан кейін 36 мыңға жуық азамат туған жерге оралған көрінеді. Одан кейін де Жамбыл жеріне қызмет бабымен, өзге де себептермен көшіп келген майдангерлер тұрған. Алайда, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Неменеге жетістің, бала батыр?! Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки жағада тұр!..» деп жырлағандай, олардың қатары күн санап азайып келеді. Мәселен, алдыңғы жылы өңірімізде – 118, былтыр 76 майдангер Жеңіс күнін қарсы алса, биыл олардың 16-сы бұл күнге жете алмады.
Ал қалған 60 ардагерді санамалап шықсақ, Тараз қаласында Жеңіс сарбаздарынан – 34, Меркі ауданында – 7, Қордайда – 4, Т.Рысқұловта – 3, Байзақ, Жуалы, Сарысу, Талас және Шуда 2 майдангерден болса, Жамбыл мен Мойынқұмда бір-бір ардагерден бар.
Атаулы датамен құттықтау облысымызда 10 наурыздан бастау алды. Соның шеңберінде наурыз және сәуір айларында күн сайын бірнеше ардагерге құрмет көрсетіліп отырады. Олардың ең алғашқылары 99 жастағы Мұсахан Бердібаев пен 95 жастағы Бегасыл Белгібаев болды.
Мұсахан Бердібайұлы 1922 жылы 15 ақпанда Жуалы ауданының Қоңыртөбе ауылдық советіне қарасты Қоралас ауылында дүниеге келген. 1941 жылы аудан орталығындағы Орджоникидзе атындағы 10 жылдық мектепті тәмамдаған. Өзінің айтуынша, 1941 жылдың 11 желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, Жамбыл қаласында құрылған 105-атты әскер құрамына кіріпті. Жартыжылдық әскери дайындықтан өткен соң, 1942 жылдың шілде айында Мәскеу түбіндегі Ногинский деген қалада 1107 дербес артиллериялық дивизиясына қабылданған.
Әкесі жайлы үлкен қызы Лиза былай дейді: «1945 жылдың 12 қаңтарында ауыр жарақат алғаннан кейін Курск майданында аяқтаған әкем госпитальда емделіп, сол жылдың мамыр айында елге оралды. 1945-1949 жылдары мектепте директор, кейіннен аудандық партия комитетінің нұсқауымен түрлі қызметтер атқарды. 1982 жылы зейнетке шығып, кешкі орта мектепте мұғалім болды. Майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және 28 медальмен марапатталған».
– Ендігі тілегіміз соғыс болмасын, жастар мұндай қантөгісті көрмесін.Адамдар бақытты өмір сүрсін! – дейді ғасырға жуық жасаған ақсақал зұлмат соғыстың қайталанбауына, еліміздің бейбіт күннің шаттыққа толы таңында өмір сүруіне тілекші болып.
Ал Бегасыл Белгібаев 1925 жылы 1 қаңтарда Жуалы ауданы, Боралдай ауылдық кеңесі, Кеңес ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Кеңес ауылында өтіпті. Кеңес 7 жылдық мектебінде 6-сыныпта оқып жүргенде, соғыс басталған. Содан 1941 жылдың мамыр айынан 1942 жылдың мамыр айына дейін трактор жүргізушісі болып жұмыс істейді. 1943 жылы қаңтар айында Сайрам аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. Қиыр Шығыстағы Чита қаласы маңына түскен. Соғыс жылдары атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болып, соғыста Қытайдың Маньчжурия аймағын жапон басқыншыларынан азат етуге қатысыпты. 1948 жылдың ақпан айында елге оралады. Содан кейін 45 жыл трактор жүргізушісі, бригадир болып жұмыс істепті. 1985 жылы зейнетке шыққан. ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» және медальдары бар.
Бүгінде екі ардагер де Тараз қаласында тұрып жатыр. Аталған іс-шара аясында өздігінен жүре алатын болғандықтан, қос майдангер үйінен тысқа шығып, аулада Оңтүстік әскери қолбасшылығы оркестрінің сүйемелдеуімен сап түзеген әскерилердің шеруін тамашалады. Қарияларға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Талғат Жұмабек: «Ұлы Отан соғысына 1300000 қазақстандық аттанса, олардың жартысы ғана елге аман-есен оралған. Солармен қатар еліміз бен жерімізді жаудан қорғаған сіздерге мың алғыс», – деп ризашылығын білдірді. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ұжымы сыйлықтар, азық-түлік себеттерін тапсырды.
* * *
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ҰОС ардагерлері мен мүгедектерін құттықтау аясында келесі күні тараздық төрт ардагер сый-құрметке бөленді. Әскерилердің шеруін тамашалап, құрмет көрсетілгендердің қатарында әуелі ерлі-зайыпты Колесниченколар болды.
Отағасы Владимир Колесниченко 1922 жылы Украина жерінде туған. 17 жасында Тюмень қаласына оқу-жаттығу полкіне алынған. Соғысқа 1944 жылы маусым айында аттанып, Эстония, Латвия, Белоруссияны азат етуге қатысыпты. 1947 жылы 7 қарашада жары Галинамен шаңырақ құрады. 1963 жылы Жамбыл қаласына қоныстанған соң, зейнет жасына дейін нан комбинатында механик болып жұмыс істейді. Майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ, «Белоруссияны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» орден-медальдардың иесі.
Галина Колесниченко 1924 жылы Ресейдің Киров облысының Опарино селосында дүниеге келген. 1941 жылы орта мектепті бітіріп, орталық статистикалық басқармасының аумақтық инспекциясында еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы басталған тұста медициналық курсты тәмамдайды. 1942 жылы майданға өз еркімен сұранып, Ленинград маңындағы ұрысқа қатысады. Польша арқылы Германияға дейін барады. Соғыстан кейін тұрмысқа шыққан ол денсаулығына байланысты отбасымен бірге 1963 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Тараз қаласындағы №27 М.Мәметова атындағы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен және Отан соғысы орденімен марапатталған.
Ұлы Отан соғысының қос ардагері 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Ерлі-зайыпты майдангерлердің шаңырақ көтергендеріне биыл 73 жыл толмақ. Қарияларға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен медициналық колледждің ұжымы сый-сияпат тарту етті.
Келесі кезекте 99 жастағы Алексей Пащенконы әкімдікпен бірге М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұжымы құттықтап, арнайы сыйын ұсынды.
Алексей Пащенко – Орынбор облысының тумасы. Соғысқа дейін темір жол бригадасында еңбек етіп, 1940 жылы әскерге аттанады. Майдан кезінде Харьков, Киев қалаларының түбіндегі ұрыстарға қатысып, Берлинге дейін барған. 1945 жылы Кеңес-Жапон соғысына да қатысты. Оралған соң зауыт директоры болып, зейнеткерлікке сол жерден шыққан. ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Берлинді жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да медаль-ордендермен марапатталған.
Құрметке ие болғандардың бірі – Григорий Нещеретнев 1921 жылы Т.Рысқұлов ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Майданға дейін Луговое ауылында МТС-те жұмыс істеген. Әскерге 1941 жылдың тамыз айында шақырылды. Ленинград облысында майданда болды. Новгород қаласын азат етуге қатысып, Псков қаласына дейін жетіп, жарақаттанған. Волховск майданында 501-миномет полкінде соғысқанда ауыр жарақат алып, елге жіберілді. 1945 жылы елге оралған соң отбасын құрды. Майдандағы ерлігі үшін Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» және өзге де медальдармен марапатталған.
Бұл күні қарт жауынгерге облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының ұжымы гүл беріп, сый-құрмет көрсетті.
Аталған іс-шаралардың барлығында Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының әскерилері оркестрдің сүйемелдеуімен шеруде сап түзеді. Ал еріктілер үй маңайын тазаласа, медицина қызметкерлері қажетті ем-шаралар жүргізді.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/