- Advertisement -

Тал бойыңа аса әсем, болмас мойын бұрмасам…

171

- Advertisement -

ЖҰМЕКЕНДЕРДІҢ ЖҰРНАҒЫ

Ақын Ілияс Ахметов – ойы бөлек, сөзі ерек аз ғана бекзаттың бірі. Оның жырға құлдық ұрған пешенесіне жұрт көрмегенді көру, жұрт сезбегенді сезу, жұрт айтпағанды айту жазылған. Сонысымен де ол ойсыз жұртқа – тосын, сонысымен ол ойлы жұртқа – жақын.
«Ақ қайың-ау, тәніңе, Қайдан түскен қара дақ?… Түсінбестен мәніне, Көңілім босап барады-ақ. Аққа жұққыш қара түс, Әлде хақтың сыйы ма, Аққа, тәңір, ара түс, Ақ – адалға қиын, ә…» дейді ол.
Ақ қайыңды талай ақын жырлаған. Талай ақын ақ қайыңды аруының аппақ жүзіне, тіпті, ақ балтырына да теңеген. Ал… Ілиясты сол ақ қайыңның бойындағы қара дақтар ойландырады. Шынында, табиғатты, адамзатты Жаратушы неге осы әсем талдың аппақ діңін қара дақтарға толтырып қойды? Неге? Ақ пен қараның айқасы ма? Әлде жарасымы ма?
Ал «Ақанның монологы» – сөз түсінетін, өлеңнің парқын пайымдай білетін пенденің ойын басқа арнаға, талайлы тағдыр иелерінің мұңы мен наласына қарай бұрады.
«Шуылдақ өңшең сау ма есі елдің, Жынданды деген мені кім?… Нәлеті өңшең әумесерлердің, Қай деспен бастым желігін. Арқауы – құса науқас – дертімнің, Мерт болып, бай-бай, кер құла. Райы бәсең жауқашты өртімнің, Делқұлы дұшпан жер қыла!..» дейді.
Кезінде Біржан салды да, Ақан серіні де «жынды» атандырған жыртақай топтың іргеңде отырғанына кейиді.

Мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдардың басында болуы керек, Алматыда ақын-жазушылардың жиыны өтті. Поэзия бойынша баяндама жасағандардың бірі ақын Шөмішбай Сариев сонда «Жамбыл облысында Ілияс Ахметов деген талантты ақын бар екен, менің қолыма бір топ өлеңдері түсті, керемет», – дей келіп, үлкен әдеби кеңесте үлкен сөз айтты. Залда отырып риза болдым. Жуалының Боранды бекетінен шығып, сол кездегі Жамбыл қаласына келетін Ілияс осындағы бір топ ақын, жазушылармен бірге әуелі редакцияда, одан кейін көше аралап дегендей, поэзия мен прозаның «қызығын» тауыса алмай түнге дейін жүретіндері есіме түсті.
Ілиястың ойы бөлек, сөзі ерек қана емес, дүлейлене тасыған тау өзеніндей мінезі де кесек, ірі ақын. Іргеңде жүріп редакцияңа бас сұқпай кетуі де мүмкін. Мұндай мінез, әдетте, өзіне, сонан соң өзінің сөзіне сенетін өр ақындарда ғана болады.
Мына өлеңдерін де немересі айтқаннан кейін ғана беріп жіберіпті. «Шығарсаң шығар, шығармасаң қой» деген сияқты. Мәнері бөлек, мазмұны терең Жұмекендердің (Нәжімеденов!) жұрнағы боп Жуалыда жалғыз жүрген Ілиястың жырларын қалай жарияламасқа!…

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ақ қайың-ау

Тал бойыңа аса әсем,
Болмас мойын бұрмасам.
Жастық шақпен қоса сен,
Арқау болдың жырға сан.

Ақмаңдайлы ақ қайың,
Көсем көркің көзге елеу.
Шекпеймісің шаққа уайым,
Сауал қойсам өзгелеу –

Ақ қайың-ау, тәніңе,
Қайдан түскен қара дақ?…
Түсінбестен мәніне,
Көңілім босап барады-ақ.

Аққа жұққыш қара түс,
Әлде Хақтың сыйы ма
Аққа, тәңір, ара түс,
Ақ – адалға қиын, ә…

Ақкөңілге шер төнсе,
Жаншып бітпек қара «дақ».
Жаман пиғыл ерте өлсе,
Жақсылықтар жарады-ақ.

Қолдар сермеп ызалы,
Түспе, ақ қайың, балтаға.
Кездесерміз біз әлі,
Жолықтырып жол тоға.

Ақанның монологы

Шуылдақ өңшең сау ма есі елдің,
Жынданды деген мені кім?..
Нәлеті өңшең әумесерлердің,
Қай деспен бастым желігін.

Арқауы – құса науқас – дертімнің,
Мерт болып, бай-бай, кер құла.
Райы бәсең жауқашты өртімнің,
Делқұлы дұшпан жер қыла!..

Құлагер, жаным, жақын серігім –
Тұйыққа соққан жолдарым…
Көзден бір ұшты ақын, сері күн
Суалып мендік мол дарын.

Өзі еді құлам Қамбар атаның,
Сақалды жұлдым уыстап.
Ендігі әріде жанбас от-әнім,
Тебініп тұғыр, ту ұстап.

Томарбас тобыр ат төбеліндей,
Сендерге кетті дәл кегім!..
Таппасың бақ-құт аттап өлімді,
Осы ма соңғы тәлкегің!?

Сарбазы ем сақи ар-ұятымның,
Әніммен Елді меңгергем.
Тезегі артық жария Атымның,
Майбөксе қауым сендерден!

Мендей-ақ болар атжанды қазақ.
Өтірік десең бұл егер –
Өткерген қилы мақтанды ғажап,
Тумайды енді Құлагер?!

Бетсіздей қайтіп бәле қуамын,
Кесетін қайсың, кесіп ал.
Құлагер еді хал-ахуалым,
Жынданса Ақан несі бар?!

Ақсақалдар

Бұл қарттардың сақал-мұрты қу аппақ,
Көңілдері – шалқар бір көл, шуақ бақ.
Шертпесе олар әңгімесін қоя қал –
Ескіні айтар, бүгінгі істі қуаттап.

Сөз арқауы тауып тінін тіршілік,
Өткен күндер үшін алар күрсініп.
Жаңа өмірдің жетістігін мақтаса,
Шеттерінен шыға келер құлшынып.

Олар солай күйінетін тәрізді,
Олар сөйтіп сүйінетін тәрізді.
Осы күнге бізді арқалап жеткізген,
Бұл қарттықтың біздер үшін бәрі ізгі?!

Кәрі қыз

Қатайған қанат жалғап қанатына,
Бәрі де ие құрбыңның ана атына.
Отызды алқымдаған кәрі қыз жүр
Қосылмай гүлдәуреннің санатына.

Тіксініп кейінгінің әзіліне,
Күтеді ол ылғи бір той жаз іліне.
Кешегі талайларды табындырған –
Ойлы жас опынулы қазіріне.

Өз-өзіне болған жөн-ау мығым әркім,
Өтуде көкжиекке сұғына әр күн…
Өрім қыз өмір жолын табары аян,
Бұл қыздың ішкі әлемін ұғынар кім!?

Ақтарылу
немесе өлең туралы ода

Берместен сені тұтына
Қорладым бекер, қыштадым –
Сүлеймен құсап «құтыда»
Қаншама жылдар ұстадым.

Құмырадағы «жын» құсап,
Лықси да бердің сыртқа өлең.
(Ашпап ем саған шын құшақ,
Айналды теріс жұрт менен).

Менен көр жаның былғанса,
Әйтеуір, Өлең, мұңданба.
Тұқырттым сені жыл қанша,
Ұстаумен ішкі «зынданда».

Қылуетке өзін тастаған,
Қожа Ахметтей ұстадым:
Мәз бопты оған «күшті» ағам,
Мәз бопты оған дұшпаным!

Ұстаудай сені тұтқында,
Ұстадым ішкі «түрмемде».
Ұтылып содан, ұттым ба,
Кемдіктің бәрі бір менде!…

Тұқыртып іштей әруақты,
Басып ем қолдан арқаны:
Көрсетіп тағдыр «бармақты»,
Базарым – барым тарқады.

Болмыстан безіп арқалы,
Болуға ақын қорқып ем!
Басыма шауып бар қаны,
Иектеп алды сор кілең.

Әуейі болып кетем деп,
Жазуға сені шошығам.
Өзіме-өзім бөтен боп,
Баратқандығым осыдан!

Өз ұлын ұрмай өлтірген,
Мен деген, мен бе – жендетпін.
Тәубеме тәңір келтірген,
Өлеңді келді енді өбкім.

Тұтқыннан, міне, босаттым,
Жұтынған жырлар, ал, құйыл.
Кейпімен кемпірқосақтың,
Ығыңда біраз шалқиын.

Секемшіл күдік малғұнға,
Өзіңді енді тықсыртпа.
Көретін сәулең алдыңда,
Сұңғыла жырлар, шық сыртқа.

Бола алмайды екем Сүлеймен,
Болмадың, өлең, сен де «жын».
Жүрейін тілек тілей мен,
Өзіңді биле енді өзің.

Аралым – ажарым!

Жайқалтып барып күріш мақтаны,
Суала бердің ақыры, Аралым!
Жерімнің сен ең ырыс, мақтаны
Жәрдемге кімді шақыра аламын?!

Шегініп кеттің жағадан әрі,
Аш аю-сынды сорып табанды;
Кәтепті менің, о, қара нарым,
Көресіні көлдей көріп те алды.

Соқа да басы сопайды көп ай,
Арласып менің ішкі елесіме.
Қалғып бір кетсең, апай да топай
Топан су жайлы түс көресің бе?

Мықтымсып бекер шабылыпты адам,
Алды Арал, міне, ақыры есеңді?
Халіңді естіп қамығып қалам,
Қармаған ауа бекіре сынды?!

Деуші едік теңіз азат, ә қырда
Отыра көрме таза тақырға.
Шынымен ойың азада тұр ма,
Шынымен бойың қазада тұр ма?

Тажалдың ерте білу қиын атын,
Әлемдік енді… негізде толғын.
Жаһандық ойдан «жылу» жинатып,
Келмейтін шығар теңіз де болғың.

Шығардың талай табыста Ер есін,
Бүгінгі күнің ол жайға кенде…
Білемін, білем – намыс көресің,
Теңіз басыңмен қол жайғанды елге?!

Түсінді адам өз ағаттығын,
Көп шуылдақты кешіре көргін?…
Ұрмастан көзге таза кәттығың,
Теңіз боп қал да, есіле бергің.

Айтып тұр заман кесімді есебін,
(Алдын-артын пішпес немені айтпағың!…)
Нән балық сүзіп төсіңде сенің
Жүзеді әлі-ақ кеме-қайықтарым?!

Арылу

Айқара ашып керегемді түргеннен,
Самалдар саусылдаған іргемнен.
Уақтысында сен кітапты жастанып,
Талай-талай тарландарды пір көргем.
Шын ақынды қашанда елі елеген,
Ырзалықпен ықыласына бөлеген;
Өзіңе тән сағынышпен мені де,
Таңқалдырған алтын жамбы Төлеген.

Ал енді ше, өз арнам да бар тіптен,
Ой мен бой бар өзгелерден артық-кем.
Келе-келе шабыс тілеп ширықтым,
Бара-бара өзіме-өзім тартып мен.

Бәйшешек терген кездер-ай

Төбемнің төрі – көк аспан,
Табанның асты майса шөп.
«Әкең де өлсін бәйшешек,
Шешең де өлсін бәйшешек…».
Ырымға бола кереғар,
Жасамай біздер қайшы есеп.
Обалсыз сені отаппыз,
Бұраң бел мүсін бәйшешек.
Шамасы көркін бұлдайтын,
Бәйшешек белі қылдай-тын.
Бәйек боп сонша алдында,
Ұмсына гүлді ұсынған
Ұқпады қыздар сырды айқын.
Баурайын кезіп бөктердің
Көбелек – көңіл көншімей,
Бейкүнә гүлді көп тердім…
Бәйшешек ғұмыр – бал қылық
Ақжарма сезім – алғашқым!…
Кешірім тілеп аз кейін
Балық жон белден алға астым.
Көкжиек тұстан сәл бері,
Қызғалдақ-дәурен жалғастың.
Бәрі де бірақ келте еді,
Келтеге көңіл елтеді.
Бәйшешек терген сол кездер,
Секілді қазір ертегі.

Байғызым-ай

Сұңқылдауын қоятын таң атарда,
Байғыз, сендей шерімді таратам да,
Таратпасқа лаж жоқ мазамды алдың
Үй іргелік қонып ап қара талға.

Ұнамай ма өмірі – мұндағысы,
Күндегісі, осы оның жылдағысы.
Бебеулеген ащы үні кезер түнді,
Жағы сембес, кетті екен кімде ақысы?

Жазған құстың өзінше есебі ірі,
Санай ма екен қалғанын неше күні?…
Жария етіп жалғанның жалғандығын,
Түн баласын әйтеуір теседі үні.

Бір жылауық сұңқылдап тұрса тұстан,
Табу қиын мұндайда мұршаға ұстам;
Есің кете еңіреп сен де кеттің,
Кем бе азабың сенің де сұрша құстан.

Көрдім дейсің жалғанның қай қызығын,
Қай жағыма қарасам қайғы ізі мың…
Таң алдында талықсып жатам ылғи,
Көкірегімнен шығарып байғыз үнін.

Жанымды өмір аяусыз айғыздаған,
Жабырқаймын жапанда жалғыз қалам.
Мұңым шағып отырам сұрша құсқа,
Зарын айтып тұрады байғыз маған.

Байлар туралы байыптама

Байлар жайлы жасасам байыптама,
Байып алған қасқалар айыптама.
Кембағалдан сөз шықсын қайтіп оңды,
Жүрген қолын айлыққа жайып қана.

Қусырылып күні өтер жер үстімен,
Қу кедейлік жуасқа келісті ме ең?…
Қарап тұрсам, дәулеті тасығандар –
Күн көргендер ғана тек ел үстінен.

Тұрғанға мәз, әйтеуір, аяғынан
Жоқ-жітікте: ескі үміт, баяғы нан…
Арсыздардың парақор, жемқорлардың,
Туғыш келер қашанда айы оңынан.

Нысапсыздар – қолында билігі бар,
Байып алды нас іске килігіп әр.
Бұзық жолмен тұрмысын түзеген жұрт
Пұлын шашып, басып жүр қилы құмар.

Оңайлықпен кім табар мият күнін,
Момындыққа нан табу – сияқты мұң.
Жылпостарың, жырынды майбөкселер,
Нәпақасын бұйыртпас ұяттының…

Тұрпатына көз тастап қырт – тұлғаның,
(Тәтті ауыздың бекерге құрттым дәмін).
Ортақ малын жегенің – әлі қарық,
Жұтқандар да жұп-жұмыр – жұрттың қанын!…

Елдің көбін қайтемін қарғап, сыбай;
Алдамшы – бай, баукеспе , қарақшы – бай…
Екі ортадан дәметкен «сүйек-саяқ»,
Не дерімді білмедім арапшыға-ай!?

Хас батырға ұқсамай жау шектеген,
Ұлы үрейден барады қаусап денем…
Маңдай тердің күшімен гүлденгендер,
Біздің елде санарлық саусақпенен.

Өңшең байдың тізімдеп «текті» легін,
Тоқтап қала жаздады-ау ет-жүрегім.
Адал байлар ақысын жемес елдің,
Алдан енді көбейсін деп тілегің!

Байлар жайлы жасасам байыптама,
Байып алған қасқалар айыптама.
Қалай оңды сөз шықсын кембағалдан,
Жүрген қолын айлыққа жайып қана…

Бақыт туралы толғаныс

Бақыт деген ол немене,
Ертектегі бақ құс па?
Басқа қонбай бәлдене ме,
Үміт отын жаққыш па?

Бақыт, бәлкім, деген кеулі –
Төске озғанның ылдидан.
Баршылыққа көгендеулі
Көлік пе әлде жылмиған?

Оның жөнін кім біліпті,
Түспей тұр ғой қолға түк.
Мінсе баптап кім күлікті,
Тапқан шығар сол бақыт.

Өткен күндер көрген түс тек,
Келер күнім ұялма.
Жүрмін жолда жөргем тістеп,
Жылы-жұмсақ қиял ма?

Бақыт деген ол немене,
Доллары ма Ақш-тың.
Былайғы елге бәлдене ме,
Жақсы көріп тақ үстін.

Кімге жеткен уақыт тығыз,
Шыркөбелек қоғамда?!
Дегендер кем – «Бақыттымыз!»
Бақытсызбыз – содан ба?!

Әр нәрсені тани көңіл,
Бақытты боп алсақ, ә.
Бар ма бақыт фәниде бұл,
Соққыш па өзі пәлсапа.

Әуресімен зәру істің,
Кімдер жетпек тақытқа.
Рухымен дәруіштің,
Сүру де өмір бақыт па?

Сеніп небір зиялыға,
Суып қалды тез көңіл.
Қайыршының қиялы ма,
Бақыт деген – сөз бе бұл.

Бақыт жайын ит біліп пе,
Анық, нағыз білер кім.
Қоймаған соң түйіткүл-үкпе,
Ойды шашып жібердім.

Таба аламыз қайдан, қалай
Таптырмай тұр бұл бақыт –
Лықсып шығып ойдан толы-ай,
Тұр кімдерге тіл қатып?

Тек жүректе уақыт сыздар,
Сор пендеңе қонымды.
Өңшең толы «бақытсыздар»,
Таба алмай жүр оныңды…

Жарасады күзді күз деу,
Табылған сөз орны құп.
Сол бақытты үздіге іздеу,
Шығар мүмкін сорлылық.

Алданайын әлденеге,
Аллама да тіл қатып.
Басқа қонбай бәлдене ме.
Немене өзі бұл бақыт?…

Мен бақыттан азат па екем,
Бу ма бақыт, мүлік пе?
Бақыт деген не, зат па екен,
Жарытпадым біліп те.

Жүрек пе оным жиі ұратын,
Шаршаулы бір кейіпте.
Бәріне елдің бұйыратын,
Бақыт әлде бейіт пе?…

Бақыт деген құбылыс па-ай,
Біле алмадым. Білмедім.
Тар дүниеде тығылыспай…
Бар оңаша гүлдегім!…

Бала бүркіт

Місе тұтып арамның өлексесін,
Көптен бері торда тұр бала бүркіт.
Жоғалтқандай серпінін – керек сесін,
Әркімдерден қалбаңдап қалады үркіп.

Қанатынан қайырылып қажыған ба,
Іздеп тұр-ау тоятын тыстан алар.
Көрер көзге болғанмен көзі қанда,
Қас-қабағы құдайын… күстәналар!

Өңмеңдеулі өлікке түрің мынау,
Қызылөңеш айнымай тасқарадан…
Көк аспанның көзінше сүріндің-ау,
Қыран үшін жоқ шығар масқара одан.

Кімге ой салар бейуақта жұлқынғаның,
Дауысың да дауа іздеп шаңқ-шаңқ етер.
Көк төрінен іздеумен құлқын қамын,
Қылбұраудан көрінер нәпсің бетер.

Сайлап берер мұндағы мәзіріңді әр,
Тататының тағы айтам: жем-өлексе.
Тек көк төсін сағынар қажырың бар –
Шамға ұрынған жынды әлгі көбелекше!…

Басым менің

Хал-жайыңды менен басқа білді кім?…
Көптен бері жүк қып жүрмін мойныма.
Оңаша бір сырласайық, құлдығым,
Тарқардайын өмір атты той мына.

Ұққың келсе айналаңның сырты, ішін,
Басым менің, өзіңді-өзің «жаншы» ұдай.
Миыңдағы жықпыл-жықпыл қыртысың,
Маған күнде із кестірсін аңшыдай.

Айналаңның ұққың келсе сырты, ішін,
Өзіңді-өзің төпей білгін қамшыдай.
Басым менің, не тындырдың жұрт үшін
Тиді ме елге шарапатың тамшыдай?

Не тындырдың күнге шейін осы дәл,
Жақсылығың аспады ма өзіңнен?…
Жайың бар ма әлдекімнен шошынар,
Көріп қалдым бір үрейді көзіңнен.

Әй, не болды, сен де айтсаңшы сырыңды,
Миға айналмай тұрған кезде аққұла.
Жетер енді, тарта бермей мұрынды,
Қарекеттің тініменен шапқыла.

Ақын басқа көп кедергі кез келер,
Бәлкім сені көп қызықтан айырдым.
Түсінбеймін қайтер еді өзгелер,
Басыменен өмір сүрсе шайырдың.

Нұр-шуақтан жеңілмейді қай қысың,
Бесенеден арсыздықтың бағы артық;
Ал, сен болсаң не көрмедің байғұсым,
Үлгердің де қара шашты ағартып!

Дұрыс па өзі, өмір бойы төзгенің,
Тегінде әлгі көрген түске жолар ма өң;
Мойынында егер сен күн кешсең өзгенің.
Мендегіден бақыттырақ болар ма ең?
Басым менің!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support