«Біз бір атаның баласындаймыз»

Дейді бауырына тартып, шұрайлы жерін берген жергілікті ұлтқа риза болған күрді ағайындар

Аудандағы ең бір шұрайлы жер – көсегенің көк Жонында Арыстанды деп аталатын ауыл бар. Ол жерді қазақ және күрді ұлтының өкілдері мекен етеді. Ұлы Отан соғысы басталар алдында, нақты айтқанда 1938 жылы ауданға жер аударылғанда түгін тартса майы шығатын, көк орай шалғынға бөленген осы жерде жергілікті тұрғындар «бөтен ұлт, жат жұрт» демей құшағын жайып қарсы алып, күрді ағайындарды қоныстандырыпты. Кеңес заманында қызылдардың атақты қолбасшысы Буденный есімін иеленіп келген ауыл азаттықтың таңы атысымен Арыстанды аталды. Елді мекен, жер-су атаулары бекерге қойыла салмайтынын ескерсек, мүмкін бұл жерді бір кездері аң патшасы арыстан мекен еткен шығар…Бірде іссапармен Арыстандыдағы жұрттың тыныс-тіршілігі туралы жазуға бардым. Қас қағым сәтте аспанды бұлт торлап, нөсер жауын құйып кетсін. Айнала телегей теңізге айналғандай. «Біздің Жон өңірі осындай, жауынды көп болып Көктен тілейміз, құдіреті күшті бір Алланың бірге туған бауырдай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан еңбекқор елге осылай мейірімі жиі-жиі түсіп, нөсер жауынды селдетіп жіберетіні бар» – дейді сол жылдардағы Түркістан ауылдық аймағының әкімі Қоңырбай Мұқанов. Берекені Көктен тілейтін Жон жұртына құтты қонақ болып келгенімізге біздің де көңіліміз марқайып қалды.
«Ертеде осы өңірдің қызғалдағы ел кезген саудагерлер арқылы Голландияға жетіп, тұқымын алыпты. Содан болса керек, әлем жұртын тамсандырып келген қыр гүлінің түп-төркіні – көсегенің көк Жоны» дегенді естігенбіз. Мынадай жұмақ мекенде өсімдіктің неше атасы көз жауын алып жатқандықтан рас шығар деп те қоямыз. Табиғаты тамылжыған мекенде мыңғыртып мал айдап, жер жыртып, егін салған арыстандылықтардың еңсесі нарықтық қатынастардың өтпелі кезеңінде де түспеген. Еркін еңбекке жарқын жол ашылғанда ауданда алғашқылардың бірі болып, жергілікті ұлттың өкілі Жаңабай Дәндібаев «Арыстанды» шаруа қожалығын ұйымдастырды. Одан кейін іле-шала күрді ағайындар да ұйымдасып, тірлік етті. Бүгінде үйір-үйір жылқы да, табын-табын сиыр да, отарымен өрген уақ мал да жетеді бұл ауылда. Тың далаға түрен салып, арпа-бидайды да теңіздей толқытып отырған мекен бұл.
Ауыл әкімі жеке шаруашылығымен айналысып отырған елге сыйлы қария, ұзақ жылдар ферма меңгерушісі болып еңбек еткен, күрді ұлтының өкілі Әли Асановтың үйіне бастады. Үлкен кісі құшағын жая қарсы алып, бауырына басты. «Сенің әкеңмен достығымыз қандай еді. Ауданға түрлі жиындарға барғанда шаңырағында талай рет қонақта болдым. Жарықтық «Коммунар» совхозында зоотехник еді. Баяғы қоңыр мотоциклді зейнетке шыққанша міндім» деп қарап отыр. Әкем марқұмның Буденныйда күрді досы бар екенін білемін. Біз түскен үйдің отағасы сол кісі болып шықты.
…Жетпісінші жылдардың басында үлкен ағам Өзбекстанның Самарқан қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде «ДОСААФ» лотереясынан «Урал» мотоциклін ұтып алады. Мотоциклді үйге әкелісімен әкемнің күрді досы сол үш аяқты техникаға «құда» түсіп келмей ме. Ол заманда велосипедтің өзі «дефицит» еді. Судай жаңа мотоциклдің рөліне отырып алып, ауыл көшесін шаңдатқым келеді. Қайдан, он жастан енді асқан баламын ғой ол кезде. «Әбеке, балалардың үлкендері оқуда, әскерде, кейінгілері жас екен, маған сатыңыз мынаны. Өзіңіз болса да мінбейсіз, біздің Жон өңіріне таптырматын көлік бұл» деп қолқа салсын. Күрді досының көңілін қалдырғысы келмеген әкем жарықтық сол күні-ақ мінгізіп жіберді.
Әкемнің досының кемпірі де құрақ ұшып жатыр. «Күрді қуырдақ» жеп, шәй ішіп, қымыздан алып, енді жүрейік десек, қайдан «қазанда ет қайнап жатыр» деп жібермейді. Әкелер салып кеткен достықтың осындай жарқын жолын Арыстанды орта мектебінің директоры болып ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Хамит Исмайлов пен Жаңатастағы Абай атындағы орта мектептің директоры болған, ұлағатты ұстаз Мұса Шоңбаев жарасымды жалғастыра білді. Ондай мызғымас достық қазіргі жастардың арасында тіпті көп. Ауыл-ауыл болып көкпарға шыққанда қазақтың ұлттық ойынның бел ортасынан күрді жігіттері де табылатын. Қыз беріп, келін алып құда болып жатқандар да кездеседі. Ауылдық округ орталығы – Әшір Бүркітбаев ауылының тұрғыны қазақ жігіті Нұрлан Жамиров күрді қызы Гүлмира Мұстафаевамен, күрді ұлтының өкілі Үсен Оспанов қазақ қызы Мінәш Серікбаевамен көңіл жарастырып, үйлі-баранды болды.
Бүгінде ауылда 390 адам тұрып жатса, оның 291-і күрді ұлтының, 99-ы жергілікті ұлттың өкілдері. 80 жылдан аса бір шаңырық астында, бір дастархан басында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан ауылдықтардың тіршілігіне былайғы жұрт қызыға қарайды. Аудандық «Барбанг» күрділер ассоциациясының төрағасы Камал Айдаров пен Арыстанды ауылы мешітінің имамы Тельман Әлиев жастар арасындағы тәрбиеге белсене араласып, ауылдастарының ынтымақ-бірлігінің ұйытқысы болуда. Ауылда ғана емес, округ және аудан орталықтарында өтіп жататын түрлі мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүретін күрді ағайындар сахна шымылдығын жергілікті ұлттың әнін шырқап, биін билеп ашады. Одан кейін барып өздерінің ұлттық киімін киіп, қыз-жігіттері сахнада қол ұстасып, мың бұрала өз билерін билегенде көрерменнің айызы қанып, шапалақ үні жауып кетеді.
Аудан басшылығы тарапынан ауылға жасалып жатқан қамқорлықтың нәтижесінде бұл мекен алдыңғы қатарда келеді. Ажары атқан таңдай жайнап тұрған ауылда тұрғындарға не қажеттің бәрі бар. Кейінгі жылдардың өзінде мектепте спорт зал салынып, пайдалануға берілді. Былтыр тамыз айында ауызсу желісі тартылды. Жазы жайма-шуақ, жауын-шашынды болып келетін Жон өңірінде қыста ақ түтек боран жиі соғады. Жаңатаспен жол қатынасы қиындай түскен бетте аудандағы тиісті құрылымдар бірден жолды омбы қардан аршуға шығады. Кейде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алып техникаларын да жұмылдырып жатады.
Білім ошағында күрді тілі арнайы пән ретінде оқытылып келеді. Сонда да екі ұлттың балалары бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі. «Бұл тілге құрмет – елге құрмет» деген қағиданы о баста басшылыққа алған алдыңғы толқынның өнегесі. Кең-байтақ қазақ елін – Отаным, шежірелі Сарысу жерін кіндік қаным тамған – туған мекенім дейтін күрді ұлтының жергілікті ұлтқа деген құрметін осыдан да сезуге болады. Соғыс жылдарында, одан кейінгі ауыр кезеңде бір үзім нанды бөліп беріп, құшағына алған жергілікті ұлттың адами асыл қасиетіне, асқан бауырмашылдығына деген күрділердің құрметі мұнымен де бітпейді. «Біз бір атаның балаларындаймыз» дейтіні тағы бар.

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/