Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ

Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жандар Кәрібайұлы 81 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Жандар Кәрібайұлы 1939 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (1965), Алматы Жоғары партия мектебін (1975), Халықаралық құқық академиясын (1999) бітірген.
Еңбек жолын Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-интернатында неміс тілі пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. 1966-1969 жылдары аралығында Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, 1969-1976 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық «Шұғыла» – «Радуга» газетінің редакторы, 1976-1984 жылдары Жамбыл аудандық партия комитетінің хатшысы, 1984-1992 жылдары облыстық партия комитетінің идеология, кейіннен ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімдерін басқарды. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының бастығы болды. 1995-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды. Сенаттың Аймақтық даму және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы қызметін атқарды.
Жандар Кәрібайұлы «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және «Барыс» төсбелгісі, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Астана» медальдарымен, ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының күміс медалімен, «Алтын Барыс», «Облысқа сіңірген еңбегі» белгілерімен марапатталған.
Сондай-ақ бауырластықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Моңғол Халық Республикасының «Достық» орденімен марапатталған. Жандар Кәрібайұлы 100-ден астам көлемді публицистикалық мақалалардың авторы. Таңдаулы мақалалар жинағы «Ат тұяғын қыздырған атамекен» деген атпен жеке кітап болып шыққан.
Еңбексүйгіштігі, әр іске зор жауапкершілікпен қарайтыны, қарапайымдылығы, кісілігі мен кішілігі өзінен кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі, өшпес мұра. Қоғам қайраткері Жандар Кәрібайұлының жарқын бейнесі біздің жадымызда ұзақ сақталады.
Жандар Кәрібайұлының отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болсын!

Облыс әкімінің аппараты, облыстық мәслихат, облыстық ардагерлер кеңесі,
облыстық қоғамдық кеңесі.

Нағыз зиялы кісі еді

Жандар Кәрібайұлы алдымыздағы асқар таудай ағаларымыздың бірі болды. Оның бойынан жақсы кісіге тән қасиеттің барлығы да табылатын. Бірер күн бұрын ғана Қордайға бірге бардық, бірге жүрдік. Елдің тұрақтылығына жүрегі ауыратын азамат жақсы ойларын жатсынбай айтты. Елдің тұрақтылығы туралы ойларын қаузады. Қалжың-қағытпаларын да тіліне тиек етті. Алайда бір күн өткен соң денсаулығы болмай тұрғанын жеткізіп, қайтып кетті…
Ол кісі адамдықтың да, адалдықтың да эталоны секілді. Талайлардың ұстазы ғой. Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде редактор болған кезінде баспасөздің баһадүрі екенін аңғартса, облыстық мәдениет саласын басқарғанда мәдениетке мән кіргізуге күш салды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде де жұрттың жүрегіндегі мәселелерді қозғады. Партия комитетінде еңбек еткен кезінде саясаттың бел ортасында жүрді.
Жәкем еңбегінің өнбегін көрді. Көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды. Шын мәніндегі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде елдің жүрегінен мықтап орын алды. Ол кісі ардагерлер қозғалысының және президиуымының мүшесі ретінде салмақты, сүбелі ойларымен бөлісетін. Ардақты ақсақал бола білген Жандар Кәрібайұлының кітабындағы құнды тұжырымдар да бізді ойға батыратын.
Сол асыл ағамыз, шын мәніндегі зиялы адам келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды. Әрине, кеудедегі жұдырықтай ет шымырлайды. Интеллектуал азаматтан айырылып қалғанымыз үшін қайғырамыз. Абзал ағамызды енді көрмейтініміз қабырғаны қайыстырады. Алайда тағдырдың жазғанына шара бар ма?! Ағамыздың жайы жұмақтан болсын, Жаратқан панасына алсын, туған-туыстарына Тәңір сабыр берсін дейміз! Жәкем дүниеден өтсе де, оның артына қалдырған ізі өшпек емес.

Еркінбек Солтыбаев,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

 

 

Өмір бар жерде өлім бар екені рас. Оған ешкім қарсы тұра алмайтыны да белгілі. Адам баласы пешенеге жазғанға көнеді. Көнбеске шараң жоқ. Алайда нағыз парасатты кісіден көз жазып қалған шақта жүректің атқақтайтыны бар. Өкінесің, қайғырасың, қамығасың. Бірақ ол адам қайтадан ортаға оралмайтынын түсінесің.
Мемлекет және қоғам қайраткері Жандар Кәрібайұлы биік парасат иесі еді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында жүрген кезде де, басқа қызметтерді атқарған шағында да ол кісілік келбетін жоғалтқан емес. Барлық мәселені жан-жақты зерделейтін интеллектуал азамат болатын. Жәкеңнің білімі мен білігі талайларды жолда қалдыратын. Ол барлық саланы жетік білетін.
Саналы ғұмырын елінің игілігіне арнаған абзал азаматтан айырылып қалдық. Енді арамызда Жандар Кәрібайұлы жоқ. Әйткенмен, оның еткен еңбегі мен төккен тері, адами болмысы мен озық ойлары ешқашан жадымыздан өшпейтіні рас. Өмірде көргені, түйгені көп азаматтың жүріп өткен тағдыр жолы өнегеге толы екені де шындық.
Біз Жандар Кәрібайұлының жарқын бейнесін ешқашан есімізден шығармаймыз. Өйткені ол нағыз азамат еді. Жүрегі жұртым деп соққан арда азаматтың туған-туыстарының қайғысына ортақпыз. Жандардың фәнидегі жұлдызы сөнгенімен, оның тағылымға толы тірлігі сөнбейді.
Қош, абзал азамат!

Алдияр Түсіпов,
Тараз қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Азамат еді!

Қолға қалам алудың өзі ауыр! Еңбек жолын әр салада бастағанымызбен, өмір жолымыз ұқсас өрілді. Атқа мініп, кезінде елдік мүдде, жұрттың жайы жайлы бірге ой толғаған азамат туралы қазанама жазу қиын екен! Жандар Кәрібайұлы туралы айтылар ойдың бәрі көкейде! Елге деген пейілі таза, кішіге жол көрсетер аға бола білді! Көпшілікке кішілігін танытқан азамат еді!
Мен Парламент Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған жылдарда Жандар Кәрібайұлы Парламент Сенатының депутаты болды. Кейіннен осы Мәжілістің екі шақырылымында депутат болғанымда ғой көпшілік артқан сенімнің жауапкершілік жүгі қандай ауыр екенін шын сезінгенім. Ал Жандар Кәрібаев бұл сенімнің үдесінен шыға білді. Көп тірліктер тындырды. Сенатта аймақтық даму және өзін-өзі басқару жөніндегі комитеттің жауапты хатшысы болғанында халық мүддесіне сай келетін заңдар қабылдануына белсене араласты.
Аттан түспеген азамат деп Жандар Кәрібайұлын айтуға болады. Зейнетке шыққанына қарамастан, ол қоғамдық өмірге белсене араласты. Былтырға дейін облыстық қоғамдық кеңесті басқарып, елдің тілегін тыңдап, көптің өтінішін аяқсыз қалдырмай, оң шешілуіне ықпал етті. Әлі де кейінгіге көрсетер өнегесі, айтар кеңесі көп еді! Амал не, дәм-тұздың осы сәтте таусылғаны!
Бақұл бол, Жақа!

Әмзебек Жолшыбеков,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Сізбенен мақтанушы едік…

Ақжарқын ағам-ай… Кездескеніміз кеше ғана сияқты еді ғой, аға. Сіз дүниеден өтті деуге сенудің өзі қиын сияқты. Кездескен сайын қолыңызды сермеп барып, қолымды қысушы едіңіз. Жүзіңізде күлкі тұратын. Әзілден де қашпайтынсыз. Жағдай сұрасқанда іші-бауырға кіріп кететінсіз. Сіздің жарқын мінезіңізді сезінген соң, реті келсін, келмесін еркелей салушы едік. Ыңғайы келмеген жерді жарастырып жіберуші едіңіз. Бұл сіздің жайсаңдығыңыз болатын. Енді кімге еркелейміз? Орныңыз ойсырап тұратын болды, ағатайым!
Сонау 1980 жылдардан сіздің қарамағыңызда болдым. Артық-кем кететін тұстарымыз да болған шығар. Жуан, зор даусыңызды шығарып, жекіп те алатынсыз. Артынша телефон шалып, қарқылдап күліп алып: «Қалың қалай?» дейтінсіз. Бұл – сіздің тәрбиеңіз болатын. Ағадан тарайтын өнеге осылай болса керек-ті. Облыстық мәдениет басқармасын басқарып жүріп, Сенаттың депутаты болып кеттіңіз. Депутат бола жүріп сіз биіктедіңіз. Мәдениет саласының жанашыры болып жүрген сізді біз мақтан тұтатын едік. Кейін зейнетке шыққанда да сол қалпыңыздан айнымадыңыз. Бұл сіздің азаматтық тұғырыңыздың биік әрі берік екенін көрсетсе керек. Сіздің тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырыңыз осылай өтті. Біз сізді ұмытпаймыз аға. Нұрыңыз пейіште шалқысын!
Бақұл бол, асыл ағатайым!

Әлібек Әмзеұлы,
Мәдениет қайраткері.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/