ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Даму қарқыны жылдам, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыпты, барлық бағыт бойынша нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген Шу ауданының өзге аудандарға қарағанда әлеуеті жоғары. Өйткені еліміздегі негізгі автомобиль, темір жол және су жолдары дәл осы ауданның іргесінде орналасқан. Сондықтан болса керек, облыс орталығынан шалғай орналасқан ауданның қай саласына көз жүгіртсек те алға ілгерілеушілікті байқаймыз. Біз бұған аудан әкімі Жарылқасын Айтақовтың шулық тұрғындардың алдында берген қорытынды есебінде анық көз жеткіздік. Есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев те қатысты.
Басқосу барысында алғашқы болып сөз алған Жарылқасын Әбдіғапарұлы өткен жылы әр саладағы жеткен жетістіктер мен көрсеткіштерге және шешімін күткен мәселелерге тоқталып, жан-жақты баяндап берді.
– Өткен жыл ауданымыз үшін табысты жыл болды. Мәселен, ауданның өнеркәсіп саласындағы өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 11 миллиард 525 миллион теңгені құрап, 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 миллиард 944 миллион теңгеге артып отыр. Сонымен қатар өңірдегі кәсіпкерлік саласында да алға ілгерілеушілік байқалды. Есепті кезеңде 7935 азамат кәсіпкерлік мақсатта 4 миллиард 900 миллион теңге несие алды. Сол секілді, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 10 жеке кәсіпкер 183 миллион 800 мың теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізген. Оған қоса, аталған бағдарламаның 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар беру тетігі бойынша 7 тұрғын жалпы көлемі 12,7 миллион теңгенің қайтарымсыз грант иегері атанды.
Ал ауыл шаруашылығына тоқталар болсақ, өткен жылы жергілікті шаруалармен өндірілген өнім көлемі 56 миллиард 629 миллион теңгені құрады. Аудан шаруалары өткен жылы 109 тонна қозы еті мен 52,5 тонна сиыр етін экспортқа шығарса, «KazIroAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Иран, Қытай, Чехия, Нидерланды және Жапония елдеріне 310 тонна сафлор майын экспорттады. Ал «Тараз-ПОШ» ЖШС-на 25 тонна жүн өткізілді, – деді Жарылқасын Әбдіғапарұлы.
Сонымен бірге аудандағы бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. Өткен жылы бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін «Smart agro Karkara» мен «Смарт Агро» ЖШС-нан сот шешімі арқылы 21056 гектер жер телімі қайтарылыпты. Сот шешімі заңды күшіне енген соң мемлекет жерді иелігіне алмақ.
Бұдан бөлек, ауданның тұрғын үй мен құрылыс саласында да өткен жылы едәуір өзгерістер орын алған. Әсіресе құрылыс саласындағы жетістіктері өзге аудандарға қарағанда көш ілгері. Дәлірек айтсақ, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың соңына қарай Шу қаласынан 100 отбасыға арналған жатақхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ мемлекет қаржысы есебінен – 8, демеушілердің қолдауымен – 3 отбасыға тұрғын үй сатып алынғанын да айта кетуіміз керек. Тағы бір айта кететін жайт, үстіміздегі жылы Шу қаласындағы «Жетісу» шағын ауданында 90 пәтерлік жаңа 3 тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін қаржы бөлініпті. Сәтін салса, алдағы жылы да қоныс тойы көп болмақ. Дейтұрғанмен, ауданның әлеуметтік саласында шешімін күткен мәселелер де жеткілікті. Бұны аудан әкімінің есебінен соң жарыссөзге шығушылар көтерген түйткілдердің әр алуандығынан аңғаруға болады. Мәселен, аудан орталығынан шалғайда жатқан Ақсу ауылдық округінің тұрғыны Әуесхан Іңкәрбеков «көгілдір отын» мәселесін көтерді. Аудан әкімі бұл мәселе ұдайы назарда екенін және магистральды газ құбыры тартылған елді мекендердің барлығына ішкі газ тарту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізді. Ал Шу қаласындағы Қант зауыты мөлтек ауданының тұрғындары газ бен жарыққа және жолға қатысты түйткілдерді әкімнің назарына ұсынды. Аталған мәселеге жауап берген Ж.Айтақов биыл ауданның 90 жылдығымен қатар Шу қаласының 50 жылдық мерейтойы да тиісті деңгейде тойланатынын айтты. Осыған байланысты торқалы тойдың қарсаңында қаладағы газ, жарық және жолға қатысты мәселелер рет-ретімен шешілетіндігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аудан іргесіндегі Қонаев ауылдық округінің тұрғындары жыл өткен сайын ауылдағы мүйізді ірі қараның саны артып келе жатқанын жеткізді. Сол себепті сүт сақтайтын танкердің қажеттілігі туындаған. Аудан әкімі бұл мәселенің жуық арада шешілетіндігіне уәде берді.
Есепті жиынның соңында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы сөз сөйлеп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бергенімен, түйткілді мәселелерді де тізіп шықты. «Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндігі жоғары болғанымен, бірқатар кемшіліктер де бар. Жайылымдық жерлердің де тапшылығы байқалады. Сонымен бірге аудандағы бала өлімі артып, туу көрсеткіші төмендеген және мал ұрлығының артқанын да байқап отырмыз. Аудан әкімі алдағы жылы сүт және ет өндіретін цех ашу жұмысын қолға алуы керек», – деді М.Жүнісәліұлы.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары ауданның басқа да салаларындағы шешімін күткен мәселелерді жеке-жеке атап, олардың шешілуіне қатысты нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/