Тараз «Сағаты» – еліміздегі ең биік стела

Жұрттың тамсанатынындай-ақ бар. Жаңарып, жаңғырған Тараздың келбетіне қарап, «тотыдайын таранған, сұлудайын сыланған» деген сөз тура Тараз шаһарына арналған ба дерсіз. Қала сәулетінің өзгеріп, сұлулана түскенін естіп, басқа қалалардан да жақсыны көрмек үшін келіп жатқандар көп. Әсіресе, келушілер «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне бір соқпай қайтпайды. Сондағы ойы – ондағы көркемдігі өзгеше ғажайып ғимараттарды әрі ерекше назар аударатын құнды құрылыстың бірі, еліміздегі ең биік «Сағат» стеласын көру. Аталған алаңның ортасында орналасқан стеланың биіктігі – 40, диаметрі – 4 метр. Мұндай «алып» сағат еліміз бойынша ең алғаш болып біздің облыста бой көтерді. Стеланың төрт жағынан қарасаң да, сағатқа көзің түседі. Онда әр сағат сайын қоңырау соғылып, зорайтқыш дыбыспен белгі беріледі. Бейнебір өткен мен бүгінгі уақытты үйлестіріп тұрғандай.«Сағат» стеласы ел игілігіне ұсынылған күннен бастап, оның айналасы арнайы тамашалаушы халықтан босаған емес. Бұл құрылыстың архитектуралық үлгісінің өзі тұрғындарға өте қызық көрінді. Оны тамашалап, суретке түсірушілер қарасы көп. Қазіргі уақытта осы «Сағат» стеланың жанына суретке түскен кісінің қай қалада жүргенін, қай шаһардан қайтқанын айтпай-ақ білуге болады. Мұндай құрылыс әзірге Таразда ғана бар. Бұл құрылыс Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бәйтерек» секілді біздің ерекшелігімізге айналып отыр.

Бұл стеланың түсінген кісіге өмір сабағын ұқтырып тұрғандай. Төрт бағыттан қарасаңыз да уақыттың өтіп жатқанын, сартылдай соққан сағаттар жылдардың да жылыстап өте шығатынынан хабар бергендей. Сырғып өткен сағаттай біздің де қимас уақыттарымыз зырылдап өтіп бара жатқанын осы нысан есімізге салады. Ол қаланың сәулетіне көркемдік қосып, ажар беруімен де ерекшеленеді.
Ары-бері өткенде «Көне Тараз» кешеніндегі стелаға бір соқпай кетпейтін болдық. Биік сағатты қызықтап қарап, суретке түсіп жүргендерді сөзге тарттық.
– Біз Тараз қаласына отбасымызбен қонаққа келгенбіз, осы жаңа кешенді көріп кетейік дедік. Аз ғана уақыттың ішінде осынша ғажайып, сәулетті, зәулім ғимараттар бой көтергеніне, оның құрылысы сапалы аяқталғанына таңданып тұрмын. Өзім жеке кәсіпкер болғандықтан, әр ғимараттың құны қанша екенін, оны салуға қанша күш, материалдар қажет екенін түсінемін. Сондықтан аз ғана уақыт ішінде мынандай үлкен шаруаны ел игілігіне берген облыс әкімі Асқар Исабекұлы бастаған азаматтарға ризашылық білдіру керек. А.Мырзахметовтің Түркістан облысында, Шымкент қаласында қандай құрылыстарды жүзеге асырғанынан да хабарым бар. Мынау «Сағат» стеланың биіктігі, көркемдігі ерекше назарымызды аударды, – дейді Түркістан облысы, Мақтаарал ауданынан келген Досан Мақсұтов.
Бұл жер бүгінде сейіл құрып, еркін тыныстай жүріп, демалатын жастар алаңына айналғандай. Видеобайланысқа шығып, өзі көрген жаңалықты дос-жаранына жеткізуге асыққан жастар да көп.
– Мен Т.Рысқұлов ауданынан келдім. Осы кешен ашылғанда арнайы келіп көргенмін. Бүгін жақындарыммен, достарыммен бірге тағы аралап жүрмін. Осы стела Тараздың сәні болып, алаңға ажар беріп тұр, – дейді құландық Сағын Текебай.
Иә, осындай нысандарымен ерекшеленген Таразымыз алдағы уақытта да көркейе берсін деп тілейік.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/