«Даңқты спортшылар алаңы» даңқымызды асырып тұр

Жамбыл жері әлемді мойындатқан саңлақ спортшыларымен де танылғаны белгілі. Олардың кім екенін, қандай жетістікке жеткенін білгіңіз келсе, облыстың 80 жылдық мерейтойына орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен «Тараз — Арена» спорт кешенінің алдынан ашылған «Даңқты спортшылар алаңына» келіңіз.
«Даңқты спортшылар алаңын» «Көне Тараз» қоғамдық қоры қаржыландырған. Мұнда биіктігі 3 метр, ені тоғыз метр болатын екі Құрмет тақтасы орналасқан. Құрмет тақтасына өңірімізден шыққан 145 әйгілі спортшының, 96 елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушылардың есімдері жазылыпты.
Тізімнің басы бокстан Қазақ КСР спорт шебері Кеңес Омаровтың есімінен басталады. Бұл спортшыны баптап, тер төгетін жаттықтырушылардың назардан тыс қалмағанын байқатады. Біздің өңір боксшыларымен даңқты екені белгілі. Сонау 80-жылғы Мәскеу Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізген Серік Қонақбаевтан басталған жұлдызды жорық, шүкір сәтті жалғасып келеді. Атланта Олимпиадасында жерлестеріміз Болат Жұмәділов күміс, Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов қола жүлдегер атанып, мерейімізді өсірді емес пе?! Келесі 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Ермахан қоланы алтынға айналдырса, Болат Жұмаділов тағы да күміс тұғырдан көрінген. Оған Болаттың 1999 жылы әлем чемпионы атанғанын қосыңыз. 2004 жылы жерлесіміз Бақтияр Артаев Афины Олимпиадасының алтынын және Бэль Баркер кубогін қоса иеленіп, қуантқаны сірә естен кетер ме?! Бақтиярдың екі Әлем чемпионатында жүлдегер атануы да – біз үшін мақтаныш. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғани Жайлауов, кадеттер және әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың жарқын жеңістері жадымызда. Ғани мен Олжас та Олимпиадада өнер көрсетіп қайтты. Төрт жылдықтың басты бәсекесіне мықтының мықтысы ғана баратыны белгілі. Өңірдің былғары қолғап шеберлерінің табысы өте мол. Сондықтан болар, Құрмет тақтасында бокстан 15-тен астам еңбек сіңірген жаттықтырушылардың есімі жазылыпты. Олардың арасынан Юрий Цхай, Феликс Цой, Нұрлан Ақүрпеков, Дамир Буданбеков, Серік Төлейбаев, Көпбосын Сыдықалиевтің есімдерін ерекше атауға болады.
Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жөні бір бөлек. Одан бөлек еркін күрестен Ислам Байрамуковтың, Ақжүрек Таңатаровтың, дзюдо күресінен Елдос Сметовтің Олимпиадалардағы жетістіктері, самбошы Алмас Мұсабековтің жеңістері елге белгілі. Қазақ күресінен Бейбіт Ыстыбаев, Ғани Сейділдаев, Айбол Айтбек, Дәулет Пахрединов әр жылдары әлем чемпионы атанған. Күрес түрлері бойынша да бірнеше еңбек сіңірген жаттықтырушылардың есімдері де елеусіз қалмаған. Олардың ішінде Шоқан Нәдірбекұлы, Қуандық Бәкенов, Марат Жахит, Ермаш Бұзауов, Тәуірбек Қарауылтегі, Ахмет Жұмағұл, Серік Қапалбаев, Елдос Далабаев, Руслан Мұхамедқалиев, Ғани Назымбеков, Нұрхан Тастанбиевтің есімдерін құрметпен атағымыз келеді. Көкпар ұлттық спортынан әкелі-балалы Нәби, Нұрдәулет Момыновтардың еңбегі дәріптеуге лайық. Футбол спорты үшін тер төккен жаттықтырушылардан Сейділдә Байшақов, Ваит Талғаев есімдерін атамай кету мүмкін емес.
Бұл жерде каратэ-додан әлем чемпионы Гузалия Гафурова, Рио-де Жанейро Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Габидуллина, еркін күрестен сурдлимпиадалық ойындардың және әлем чемпионы Ғабит Есжанов, паратаеквондодан екі дүркін әлем чемпионы Өмірәлі Нышан секілді саңлақтардың қайсарлығы өз алдында бөлек әңгіме. Жалпы осы Құрмет тақтасында спорттың грек-рим, еркін, самбо, дзюдо, қазақ күресі, бокс, жүзу, кір тасын көтеру, кикбоксинг, армрестлинг, каратэ-до, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, велоспорт, көкпар, жамбы, пауэрлифтинг, футбол, су добы және басқа да түрлері бойынша үлкен табыстарға жеткен саңлақтардың аты-жөндері түгел қамтылған.
Бұл спорт алаңының жаттықтырушылар мен даңқты спортшыларға үлкен құрмет екені, облыстың 80 жылдық тойына тамаша тарту болғаны анық. Бұл іс спорттық жолын енді бастаған жастар мен жасөспірімдерге үлкен ынта-жігер беретіні даусыз. «Өңір басшысының қолдауымен, жаңашылдығымен «Даңқты спортшылар алаңы» ашылуы – облыс спортына көрсетілген үлкен құрмет. Мұндай қолдау алдағы Олимпиада, Әлем чемпионаттарында өңір спортшыларының көрсеткіші жоғарылай түсуіне ықпал етеді», – дейді елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков.
– «Даңқты спортшылар алаңы» – спортсүйер қауымның назарын аударатын үлкен нысан. Алаңның «Тараз-Арена» спорт сарайының жанынан ашылуы да сәтті ойластырылған. Қазіргі таңда мұнда келушілер өте көп. Олардың бәрі өңір басшысы Асқар Исабекұлына алғыстарын айтуда. Енді біздің спортшылардың жетістігі жоғарылай түседі деп ойлаймын. Өңір спортшыларына бүгінгі таңда барлық жағдай жасалып отыр, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/