- Advertisement -

Әйелдің орны асүйде ғана емес

76

- Advertisement -

Бизнесвумен Айгүл Ақшалова туралы сыр

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

«Бүгінде әйелдің орны – асүйде» деген ұғым келмеске кеткен. Керісінше, қоғамда іскер әйелдер қатары көбейіп, бір емес, бірнеше кәсіпті, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрген нәзік жандылар аз емес.
Сондай арудың бірі – Айгүл Ақшалова 13 жылдан бері рестораторлық іспен ғана емес, қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысып келеді. Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің жұмысы осы Айгүл Сағымбекқызы төрайым болып келгелі жандана түсті десек, артық емес. Бұл салада ол түрлі жобаларды ұйымдастырып келеді. Соның бірі – жас кәсіпкерлерге менторлық көмек көрсету. Жоба бойынша облысымыздағы 9 ірі кәсіпкер істерін жаңадан бастауға ниетті 9 жас кәсіпкерге 9 ай бойы бағыт-бағдар көрсетіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын егжей-тегжейлі үйретеді. Нәтижесінде олардың жетеуі жаңа кәсіп ашып, төртеуі кәсіптерін дөңгелеткен көрінеді. Мұндай жобаны кәсіпкер келіншек жыл сайын жалғастыруға ниетті. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы сондай-ақ арулардың кәсіптерінің кеңінен құлаш жаюына да барын салуда. Қаржылық, заңдық, психологиялық тұрғыдан кеңес беретін, шешендік өнері бойынша шеберлікті арттыратын тегін тренингтер өткізуде. Кәсіптерін жаңа бастаған жандардың жолындағы кездесетін кедергілерді шешу мүмкіндіктерін де қарастыруда.
– Егер 90-шы жылдары әркім өз бетінше жұмыс істеген болса, қазіргі таңда біз облыстағы кәсіпкерлерді бірлесе, біріге отырып жұмыс істеуге шақырып келеміз. Мәселен, менің әнші, биші қыздардан құралған тобым болса, кәсіпкер Айжанның тігін цехы бар. Мен өнерпаздарыма киімді басқаға емес, сол Айжанға тіктіруге тапсырыс беремін. Біз осылайша бір-біріміздің бизнесіміздің дамуына қолдау көрсетеміз. Ал бұрын басқаша болған. Кәсіпкерлік әлемінде кім мықты болса, ол басқасын басып-жанши отырып өз кәсібін алға сүйреген. Біз ең алдымен мұндай әрекетті тыюға бар күшімізді салдық.
Сондай-ақ өзі бизнестің бар ауыртпалығын жеңе отырып кәсібін жүргізе білген кәсіпкерлерімізді ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге үлгі етуді, оларға тегін кеңес беру сабақтарын ұйымдастыруды қолға алдық, – дейді іскер келіншек.
Ал Айгүл Ақшалованың жеке бизнесіне келер болсақ, Тараздағы архитектуралық құрылысы айрықша, іші жағымды атмосферасымен ерекшеленетін «Марракеш» мейрамханасы, көлік жуу, бильярд, караокесі мен кеме пішініндегі жазғы алаңшасы бар «Monteray» кешені, тарихи «Түрксіб» дәмханасы осы ханымның басшылығымен облыс жұртшылығына қызмет етіп келеді.
Негізгі мамандығы мұғалім Айгүлдің бұл салаға келуі де қызық екен:
– Бәрі де ойламаған жерден болды. Менің негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Тараздағы №11, №24 орта мектептерде азды-көпті жұмыс істедім. 2004 жылы әкемнің 60 жас мерейтойын тойлайтын болдық. Ал ол кісі облысымызға белгілі теміржолшы. Өзінің мерейтойын да теміржолшылардың Мәдениет үйінде өткендігін қатты қалады. Ал 90-жылдары ол ғимарат, яғни қазіргі «Түрксіб» мейрамханасы өте нашар халде, тоз-тозы шығып тұрған болатын. Үйдің үлкені ретінде той қамы менің иығыма артылды. Екі қолды сыбанып, алдымен банкет залының жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттім. Одан соң пердесін таңдадым, ас мәзірін жасадым дегендей. Білесіз бе, бұл іс менің қолымнан келді. Мұнымен айналысу маған өте ұнады. Әрі өзімнің еңбегімді, жұмсалған қаржыны ойлап, ғимаратты қайта қараусыз қалдыруға қимадым. Мені әкем мен жолдасым да түсініп, қолдау білдірді және маған керемет тосын сый жасады. Олар маған ғимаратты сатып алып берді.
Бұл оңай іс емес, әрине. Үнемі ізденісті, арнайы білімді, соңғы жаңашылдықтарды мүлт жібермеуді талап етеді. Сол себепті де мен әлі де оқып, білім алу үстіндемін. Мәскеуде, Киевте, Санкт-Петербургте білімімді жетілдірдім, аспаздар мен даяшыларымды да тәжірибеден өтуге, оқуға жіберіп тұрамын, – дейді Айгүл Ақшалова.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support