- Advertisement -

«Шатыркөл» кен орны неге арыз-шағым арқауына айналды?

361

- Advertisement -

Кейінгі кезде Шу ауданында орналасқан «Шатыркөл» кен орнына аудан тұрғындарының наразылық танытып, арыз-шағым жазуы жиілеп кетті. Айтуларынша, кен орынынан шығатын шикізаттың аудан экологиясына тигізер зияны көп көрінеді. Соған байланысты, «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің былтыр жыл соңына қарай өткен отырысы дәл осы мәселеге арналды. Аталмыш жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев, аудан іргесінде орналасқан Бірлікүстем, Бірлік және Қонаев ауылдық округтерінің әкімдері мен ауыл ақсақалдары және аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары қатысты. Сондай-ақ «Шатыркөл» кен орнының басшылары мен осы салаға жауапты басқарманың өкілдері де шақырылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ең әуелі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Жахангер Назарбеков баяндама жасап, «Шатыркөл» кен орны мен аудандағы экологиялық жағдайға қатысты нақты мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын аталмыш кен орнына тексеріс жүргізіліп, Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі кеніштің санитарлық қорғаныш аймағынан ауа сынамасын алған. Нәтижесінде экологиялық жағдайдың тұрақты екені анықталыпты. Сонымен қатар, «Шатыркөл» кен орнының тоқсан сайын өткізіп отыратын өндірістік экологиялық бақылау есебінен де заңсыз іс-әрекеттер байқалмаған. Жоғарыда аталған жұмыстарды тілге тиек еткен Ж.Қонысбайұлы радиациялық сынамалар мен денсаулық сақтау мекемелеріндегі онкологиялық науқастар, ана мен бала өлімі және түсік тастау сынды оқиғалар департаменттің құзыретіне кірмейтіндігін, оған Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы жауапты екенін жеткізді. Алайда «Қазақмыс» корпорациясы 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында 4,2 гектар аумаққа шаң басу жұмыстарын жүйелі атқара алмай отырған көрінеді. Бұдан бөлек, мекеме тарапынан Бірлік ауылында радиацияның деңгейін анықтауға арналған радиациялық бекет қойылу керек болған. Дейтұрғанмен, қазіргі кезде бұл жұмыстар да тиісті деңгейде орындалмай отыр екен.
Дәл осы мәселеге қатысты пікір білдірген Қонаев ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Байкен Досымбеков ауылдықтардың жағдайы 80-ші жылдарға дейін жақсы болғанын айтады. «Бұрнағы жылдары ауылда мал шаруашылығы өте жақсы дамыды. Ауыл тұрғындары төрт түлікті түгел өргізіп, кеңшілікте өмір сүрді. Қазіргі «Шатыркөлден» ары қарай 12 километр жерде су диірмені болды. Сол жерде мал бақтық, жеміс-жидектің де түр-түрін өсірдік. Сол маңдағы өзеннің суы мол болғаны соншалық, жаз айында атты адам өте алмайтын. Кейіннен «Шатыркөл» кен орны өз жұмысын бастағанда сол судың деңгейі күрт төмендей бастады. Енді міне, суымыз тарылып, жолымыз нашарлап, ауру көбейіп кетті. Биылдың өзінде ауылда 120-130 бас ірі қара қырылды. Оның себебі әлі күнге белгісіз. Кейбір тұрғындар ауласындағы жалғыз сиырынан айырылды. Оның өтеуін кімнен сұраймыз? Мұның бәрі сол экологияның салдары. Су тартылып, малымыз сол тұрып қалған судан ішкен соң, әлбетте, оның ішкі ағзасы зақымданады. Өйткені тұрып қалған жылы суда сүлік көп болады. Оның малға тигізер зиянын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұдан бөлек, ауылымызда бұрын атын естімеген аурулар пайда бола бастады. Қонаевтағы 24 көшенің негізгі көшесін әрең дегенде күрделі жөндеуден өткізген едік. Қазіргі кезде «Шатыркөлдің» ауыр жүк көліктері салдарынан ол да құрып бітуге жақын қалды. Оған қоса, ауылды аудан орталығымен байланыстыратын күре жолдағы көпірдің жағдайы әлі күнге апатты жағдайда тұр. Рас, кен орнының қасынан уақытша көпір салды. Алайда ол бір ғана көліктің жүруіне есептелген» – дейді ақсақал.
Өз кезегінде «Балқаш-түстіметалл» өндірістік бірлестігінің эколог маманы Назым Усимбекова жоғарыда аталған түйткілдерге «Шатыркөл» кен орнының қатысы жоқ екендігін тілге тиек етті. Айтуынша, серіктестік әр тоқсан сайын ауадан, судан, шикізаттан, қалдықтардан сынама алып, радиациялық мониторинг жүргізіп, арнайы аккредитациядан өткен зертханаға жіберіп, қорытындысын облыстық экология департаментіне өткізіп отырады екен. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін бұл сынамалардан ешқандай теріс нәтиже байқалмапты. Дегенмен аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері аталмыш мәселеге қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтағанын да айта кету керек. Дәлірек айтар болсақ, кен өндіру жұмыстарының салдарынан сол маңға жақын аумақтағы ағын судың жүйелері бұзылып, судың барлығы бір жерге жиналған. Оған қоса, жер астынан шығатын қайнарлар тартылып қалған көрінеді. Міне, осындай түйткілдердің салдарынан жақын маңдағы ауыл тұрғындарында ауызсу тапшылығы байқалып, бірқатар шаруа қожалықтары малдарын суғару кезінде осы мәселеге тап болып отыр.
Қоғамдық кеңес отырысында Бірлік ауылының ақсақалдары ауылдағы «Шатыркөл» кен орнының қоймасы орналасқан жерге балабақша тым жақын орналасқанын айтып, оның да зияны тиіп жатқанын жеткізді. Жиын барысында айтылған мәселелер мен кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері ескеріле келе қоғамдық кеңес бірауыздан бірнеше ұсынымды қабылдады. Атап айтсақ, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша экология департаментінің басшысы Б.Қалымбетовке «Шатыркөл» кен орнында кен өңдеуді әзірлеу және кенді тасымалдау кезінде экологияға және қоршаған ортаға кері әсер ету жағдайларының алдын алу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды және Бірлік стансасында радиациялық фонды күнделікті өлшеу үшін электрондық табло орнату тетіктерін қарастыруға ықпал етуді ұсынды. Ал «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүстіметалл» өндірістік бірлестігіне қарасты «Шатыркөл» кен орнының директоры М.Ертаевқа кен орнынан Бірлік стансасына дейінгі аралықта кенді жабық күйде тасымалдауды, кен өндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан маңдағы ауылдық округтердің жайылымдық жерлерін қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауды, кен орнынан Бірлік стансасына дейін темір жол құрылысын жүргізу тетіктерін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ жиында айтылған мәселелер тиісті министрлікке жеткізілмек.
Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Есеев Төле би ауылындағы кәріз жүйелерінің бүгінгі жағдайы бойынша баяндама жасап, бірқатар түйткілдерді атап өтті. Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев ауылдағы кәріз жүйесіне қосылады деген бірқатар нысандардың әлі күнге дейін қосыла алмай отырғандығын сын тезіне алып, түйткілді шешу үшін нақты шаралар қолдану керектігін тілге тиек етті. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Есеевке Төле би ауылдық округінің әкімімен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарының кәріз жүйелеріне қосылу тетіктерін қарастырып, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, «Шу қаласының кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғырту» жобасы бойынша тәуелсіз сарапшылар көмегіне жүгініп, нысанды толық аяқтау бойынша нақты шаралар қабылдау ұсынылды. Аталған ұсыныстар қоғамдық кеңестің жіті бақылауында болмақ.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support