- Advertisement -

Жарық дүниені көруді жазбаған

52

- Advertisement -

нәрестелер өлімі болмасын десек

Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, 9 ай, 10 күн көтеріп, дүниеге сәби әкелу қандай ауыр болса да, ана үшін теңдессіз бақыт. Бірақ айдың-күннің аманында сол бақыттан бір-ақ мезетте айырылып қалу – қасіреттің ең зоры. Биыл 6 айда облысымызда 103 ана шақалағынан айырылып, осындай қайғының ащы дәмін татыпты. Өткен жылы осы уақыт аралығында бұл көрсеткіш 89 болған екен. Бір жыл ішінде шетінегендер саны 14-ке артып отыр.

Нақтырақ тоқталсақ, нәресте өлімі ең көп тіркелгені – Тараз қаласы. Мұнда 50 сәби шетінеген. Одан кейінгі орында Байзақ (14 нәресте), Жамбыл (9 нәресте), Жуалы (6 нәресте) аудандары тұр. Былтыр 6 ай ішінде дүние есігін ашқан сәбилердің саны 12125 болса, биыл – 12366. Шетінегендер санын пайызға шаққанда біршама көбейген.
Сәбидің дүниеге он екі мүшесі сау, туабітті дертсіз келуінің басты факторы алдымен анаға байланысты екені даусыз. Сол үшін олар аяғы ауыр кезінде өзін-өзі дұрыс күтіп, жүктілік талаптары мен нормаларын дұрыс сақтауы тиіс. Бұл қадам ертеңгі оқыс оқиғаның алдын алады. Сондықтан алдын ала тексерулер мен зерттеулерден өтуден қашпау керек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, ана құрсағындағы шарананың дамуындағы ақауларды дер кезінде анықтамаудың салдары уақытынан бұрын босану, шала туылу сынды факторларға, ал ол нәресте өліміне әкеліп соғуда. Мұндай жағдайлар көбіне-көп акушер-гинекологтардың жауапсыздығынан орын алады дейді. Тіпті, шала туылған баланы бағудың қарапайым ережелерін білмеудің соңы да қайғылы жайтқа душар ететін көрінеді. Оған мына деректер дәлел. Мысалы, шетінеген 103 шақалақтың 60 пайызы, яғни 62-сі шала туылған, салмақтары 1 келіге де жетпей өмірге келген.
Басқарма берген мәліметтерге жүгінсек, өмірге келер ұрпақтың дендері сау болу үшін көптеген шаралар атқарылуда. Басқарманың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық жабдықтар бөлімінің басшысы Гүлжазира Ибраимова фертильді жастағы әйелдер мен «темір тапшылығы анемиясы IІ, ІІІ деңгейімен» тіркеуде тұратын балалар Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы № 666 бұйрығына сәйкес амбулаторлық деңгейде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етілетінін айтады. Бұл үшін барлық растайтын құжаттары бар науқас (эпикриз, талдау) тұрғылықты орны бойынша емханаға келу және бекітілген халықтың тіркеліміне (БХТ) диспансерлік есепте, яғни, жаңадан анықталған диспансерлік есепте тұру керек. Ал жалпы облыстың медициналық ұйымдары биылға тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін 5 259 науқастың өтінімін қабылдауды жоспарлапты.
Алайда дәрі-дәрмекпен қамту мәселенің тек бір жағы ғана. Медицина дамып, ана мен баланы қорғаудың түрлі жолдары қарастырылып жатса да, нәрестелер өлімі азаймай тұр. Оның негізгі себеп-салдарлары тек мамандардың жауапкершілігіне байланысты ма? Мәселенің басқа да себептерін анықтау мақсатында аналардың өздерін сөзге тартып көрген едік:
– Мен Байзақ аудандық емханасында тіркелгенмін. Үш баланың анасымын. Осы уақытқа дейін емханадан ешқандай тегін дәрумен немесе дәрі-дәрмек алған емеспін. Тек УДЗ-ға тегін түстім. Учаскелік акушер-гинекологіміз жақсы қарайды, бірақ ондағы кезекте тұрған әйелдер саны өте көп. Талдауды аш қарынға барып таңертең тапсырамыз. Содан түске дейін бір есікке телміріп, кезекте тұрамыз. Таңғы ас ішпей барған соң басымыз айналып, кейде қабылдауға да кіре алмай кері қайтамыз. Сол үшін емханада қабылдайтын учаскелік акушер-гинекологтердің санын көбейтсе екен деген ұсынысым бар, – дейді Сарыкемер ауылының тұрғыны Жұлдыз Байғанұсова.
– Аяғы ауыр әйелдерге жағдай жасалып жатқан шығар. Бірақ көбісі формальды түрде, қағаз жүзінде деп айтар едім. 2011 жылы алғашқы балама жүкті кезімде 9 шағын ауданға қарасты емханада тіркеуде тұрғанымда фолий, аскорбин қышқылы және тағы басқа да дәрумендер берген болатын. Одан кейінгі жүктіліктерімде ешқандай тегін дәрі-дәрмек алған емеспін. УДЗ-ға да ақылы негізде түсемін. Өйткені «емханада кезек көп, күтемін десеңіз, кезекке жазып қояйық. Бірақ ақылыға бара салсаңыз жылдам болар еді» деген соң, ақылы медицина орталығына барып түсемін. Рас, жаңадан босанғанда емханадан дәрі-дәрмек қорапшасы беріледі. Шынын айту керек, ішінде іліп аларлық ештеңе болмайды. 4-5 қорап мақта салып толтырып қояды әйтеуір. Басқа ешқандай көмек алған емеспіз, – дейді Ұлпан Мейірбекқызы.
Ал Гүлнұр Асқарова есімді жас ана: «Тараздағы №9 емханада не невропатолог, не ортопед жоқ. Қай дәрігерді сұрасаң да көбінесе «жоқ» немесе «демалыста» дейді. Жыл он екі ай ол не деген бітпейтін демалыс, түсінбедім. Сосын амал жоқ ақылы негіздегі емханаларға жүгінуге тура келеді. Жазып берген дәрумендерінің барлығын тек сатып алғанмын. Сарыауруға да талдауды ақылы негізде тапсырдым. Теледидардағы жаңалықтардан көргенде мемлекет тарапынан аяғы ауыр аналарға тегін медициналық қызмет көрсетіледі, перзентханада көрсетілетін жағдай өте керемет етіп айтып жатады ғой. Шын мәнісінде оның басым бөлігі сөз жүзінде қалып жатыр. Әлде жергілікті жерлерде орындалмай жата ма, түсінбедім», – деді.
– Меніңше, аяғы ауыр келіншектерге алдымен медициналық емес, моральдық көмек, қолдау қажет. Шынымды айтсам, алғаш келін болып түскенімде психологиялық соққы алғандай болдым. Ененің қаталдығы, үйдің шаруасы, өз жұмысың бар. Қазір көп енелер жас келінге түсіністікпен қарауға тырыспайтын секілді. Жаңа ортаға, бөтен адамдарға бейімделе алмай жүрген жас келіннің тіпті әрбір ісінен мін іздеп, талап қоя бастайды. Осы уақытта жаңадан құрсағына бала біткен келіншек өз туған-туысына, үйіне деген сағынышы артады. Оған жаңа ортаға бейімделе алмай қиналған сәттері қосылады да, іштегі балаға әсер етеді. Тұңғышым дүниеге келгенде денсаулығында біраз кінәраттар бар болды. Дәрігерлер екіқабат кезде күйзеліске түсіп, жүйке жүйеңіздің тынышсыздығынан орын алған деп түсіндірді. Оның үстіне, отау құрғандағы алғашқы 3 жыл да кризистік кезең деп есептеледі дейді мамандар. Екі жастың бірін-бірі ерлі-зайыпты ретінде қабылдап, үйренуі де оңайға соқпайды. Сондықтан жас келіншектерге, аналарға алдымен психологиялық көмек көрсетілуі тиіс деп есептеймін, – дейді Жазира Қуанышқызы есімді келіншек.
Жарық дүниені көруді жазбаған нәрестелердің көзін ашпай жатып-ақ шетінеп кетуіне не себеп болатынын зерделеп көруге тырыстық. Әйткенмен оны тізбелеп жатудың пайдасы шамалы. Өз құрсағындағы балаға алдымен анасының жауапты екені айтпаса да түсінікті. Әйткенмен ақ халаттылар да аяғы ауыр әйелдерге жанашырлықпен қарап, өз істеріне, берген анттарына адал болса екен, мемлекет тарапынан жасалуы тиіс жағдайлар жергілікті жерлерде көрініс тапса екен дейсің…

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support